
Татьяна Вотякова – Петропавл қаласындағы шұжықтар мен жартылай фабрикаттар шығаратын “Шаров” жеке кәсіпкерлігінің құрметті еңбеккері.
Татьяна Александровна ет өнімдерін өндіру саласында 1976 жылдан бері еңбек етіп келеді. Петропавл қаласындағы №26 кәсіптік-техникалық училищені бітіргеннен кейін ол үш жыл ет комбинатында мамандығы бойынша жұмыс атқарған. Одан кейін өзінің біліктілігін, мамандықтың теориялық негізін одан әрі тереңдету үшін осы саланың техникумына түсіп, оны тамамдағаннан кейін 20 жыл облыс орталығындағы №5 кәсіптік-техникалық училищеде ұстаздық еткен. Бұл кәсіби білім беру мекемесі жабылып қалғаннан кейін еңбек жолын өндірісте, дәлірек айтсақ, “Шаров” жеке кәсіпкерлігінде жалғастыруда. Бүгінде Татьяна Вотякова кәсіпорын директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, аталмыш еңбек ортасында ойып алар орны бар маман. Ол бұрынғы дағдыланған әдеті бойынша өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге көрсетіп, бар білгенін басқаның бойына сіңіруге дайын тұратын тәлімгерлігімен де сыйлы.
Өндірістегі өнімдердің сапасы мен өнімділігін арттыру бірінші кезекте технологке жүктеледі. Кезекті өнімнің құрамын белгілейтін – технологтер. Білімі мен біліктілігі терең Татьяна Александровна өз әріптесі Светлана Анатольевнамен бірге күнделікті жұмысты мінсіз ұйымдастырады. Жақында “Шаров” жеке кәсіпкерлігі жаңа өнім түрін шығаруды қолға алды. Ол – шикілей қақталған шұжықтың бірнеше түрі.
– Бұл – жаңа технологиямен таза шикізаттан жасалатын өнімдер. Кез келген өнімнің құрамын дұрыс жасамасаң немесе ыдысыңды дұрыс жумасаң, оны уақтылы қадағалап отырмасаң, бір олқылық шығып, қаншама тауар ысырап болады. Сондықтан әр күнгі ісімізді үлкен жауапкершілікпен бастаймыз, – дейді Татьяна Вотякова.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.