Облыстық бейнелеу өнері мұражайында өткен дәстүрлі “Үміт – 2018” байқауында жазасын өтеп жатқан азаматтардың шығармашылық қабілеті бағаланды.
Байқауға облыстағы түзеу мекемелеріндегі азаматтардың өздері жасаған 23 картинасы мен 27 қолөнер туындысы ұсынылды. Шарада алғашқы болып сөз алған облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі Бөкенбай Жүсіпов байқау сотталушылар арасындағы тәрбие жұмыстарының бір бағыты екенін атап көрсетті.
– Қылмыстық атқару жүйесі органдары жыл сайын сайыс ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Ұсынылған туындылар сотталғандардың ішкі әлемін, рухани жан дүниесін ашып көрсетеді. Шара қорытындыланғаннан кейін туындылар әдеттегідей қарттар және балалар үйлеріне, жасөспірімдерге арналған уақытша оқшаулағыш, бейімдеу және оңалту орталықтарына, мектептер мен балабақшаларға жіберіледі, – деді Бөкенбай Өтегенұлы.
Үміткерлердің еңбегін бағалап, үздік туындыларды анықтаған қазылар алқасының құрамында республикалық Суретшілер одағының мүшесі Руслан Кодзоев, жергілікті қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болды. – Биыл ұсынылған туындылар өткен жылдарға қарағанда әлдеқайда жоғары деңгейде. Әркімнің назарын өзіне аударып, кез келген интерьердің сәнін ашатындай. Өкінішке қарай, түзеу мекемелерінде отырғандардың дені – жастар. Сондықтан уақыттарын босқа өткізбес үшін оларды шығармашылыққа баулу өте маңызды, – деді Руслан Кодзоев.
Байқау қорытындысында Тимур Исангуловтың “Саяхат” тақырыбындағы картинасы үздік деп танылса, қолөнер туындыларының арасында Евгений Кашиннің еңбегі бірінші орынға ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталады.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.