Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жеке тұлға – еліміздің ертеңі және қоғамның белсенді де саналы азаматы. Жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу қазіргі педагогтің алдында тұрған үлкен міндеттің бірі.
Әлеуметтік маңызы зор құндылықтың мән-мағынасын ұғындыру, баланың санасына, сезіміне, түйсігіне, мінез-құлқына әсер ететіндей дәрежеде жеткізу ұстаздық шеберлікті талап етеді. Заман ағымына сай біліммен қаруланған ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған мұғалім болу – уақыт талабы. Оқушыларды жеке тұлға етіп қалыптастыру мақсатында білім мен тәрбие беруде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу өзекті мәселе болып отыр. Оның себебі оқыту ғана емес, оқу-тәрбие процесінде оқушылармен педагогикалық ынтымақтастықта жұмыс атқарып, туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттыру. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарын сақтауға тәрбиелеу.
Шебер педагог балалар мен жастардың адамгершілігін қалыптастыру мақсатында отбасындағы тәрбиенің маңыздылығын және жеке тұлғаның моральды сапаларының негізін қалауы тиіс. Жеке тұлғаның бойында ұлттық құндылықтарды дарыту үшін бастауыш сыныптардан бастап немесе қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда мақал-мәтелдерді, жұмбақтарды ақыл-ой тәрбиесі құралы ретінде пайдаланамыз. Сонымен қатар халық ертегілері мен әндері, ұлттық ойындар арқылы оқыту баланың бойына құндылықтарды сіңірудің бір тәсілі болып табылады. Осы ретте қазіргі таңдағы білім беру мазмұнын жаңарту бағдарламасы аясындағы оқулықтағы тапсырмалардың барлығы дерлік қандай да бір ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған. Осындай ұлттық құндылықтарымызды оқыту мен тәрбиелеу үдерісінде жаттығулар мен тапсырмаларды орындату барынша тиімді екені де белгілі. Мысалы, қазақтың эпосын зерттеуде жеке тұлғаға патриоттық тәрбие беру, оқыту мен тәрбиелеуде қазақ халқының озық тәжірибелерін қолдану, оқудан тыс уақыттарда халық ойындарын, қазақтың сәндік-қолданбалы өнерін қолдану арқылы оқушыларға эстетикалық тәрбие беруге болады.
Осындай ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге көтеру үшін қабілетті тұлға қалыптастыру қажеттігі туындайды. Осы ретте жеке тұлғаның ұлттық сана-сезімін қалыптастыру, туған халқына деген құрмет пен сүйіспеншілігін арттыру және өз ана тілі мен дінін, қазақтың тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтауға тәрбиелесек ғана басты мақсатқа жетеміз.
Ақмарал ЖАҚЫПОВА, Преснов орта мектебінің мұғалімі.
Жамбыл ауданы.