Жуырда “Единство педагогов СК” қоғамдық бірлестігі Петропавл қалалық білім бөлімінің қолдауымен облыс орталығындағы №20 орта мектепте “Оқушылардың аутодеструктивті мінез-құлқының алдын алу” мемлекеттік жобасы аясында “Асыл әжем, ақ әжем, ақ жаулықты дана әжем” тақырыбында тəрбие шарасын өткізді.
Оқушылар бойында адамгершілік, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілділік қасиеттерін қалыптастыру мақсатын көздеген шараға Петропавл қаласының əр мектебінен бір əже мен бір немереден қатысты.
– Әжелер мектебі, олардың өнегесі – бүгінгі қоғамда баға жетпес байлық, бойға терең сіңетін таптырмас тәрбие құралы. Қазақтың салт-дəстүрін олардан артық білетін адам кемде-кем. Бүгінгі шараның маңыздылығы сол – əр оқушы халықтық дəстүрден нәр алып, үлкенді құрметтеуді үйренеді. Шараға қатысқан ең үлкен әженің жасы – 81-де. Ол мектепке немересін емес, шөбересін ерте келді. Оқушылар əжелердің тәрбиеге қатысты ой-пікірлерін көкейлеріне тоқып, саналарына сіңірді деп ойлаймын, – деді “Единство педагогов СК” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Баязитова.
Шарада қаракөз қазақ қыздарының тәрбиесі туралы ой қозғалып, ақ жаулықты əжелер тұшымды пікірлерін айтты. Сондай-ақ, психологиялық ойындар ойнатылып, түрлі сайыстар ұйымдастырылды.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: “Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген бесігі жоқ елден қорқамын. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Дәмді, дәстүрді білмейтін балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ”, – деген болатын. Халқымыз басынан қандай қиыншылықтарды өткерсе де, салт-дәстүрлерімізді мұра ретінде қастерлеп, ұрпағына ұлағатты тәрбие бере білді. Ал бүгінде осы асыл құндылықтарымызды білетін ұрпақ азайып барады. Сондықтан да ата дəстүрімізді түрлі тəрбие шаралары арқылы жандандырғанымыз жөн.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.