«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘРБИЕ — ТАЛБЕСІКТЕН

“Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Уақыт Бейсембаев пен Тайынша қаласының әкімі Нұрберген Сейілханов көпбалалы аналармен кездесу өткізді.

Жиынға кезінде ерлермен қатар еңбек етіп, үйдің де, түздің де шаруасын бірдей атқарған, бүгінде 80 жасқа таяп қалған әжелер қатысты. Солардың бірі – 10 бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана, қаламыздың тұрғыны Сәлима Қапашева әжеміз көңілге қонымды ойларын ортаға салды.

– Біз еңбекке ерте араластық, шаршау дегенді білмейтінбіз, әйтеуір, барлық жұмысқа үлгеретін едік. Қара жұмыстың қиындығын көрсек те, бала туып, олардың тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарадық. Менің жасымдағы аналар, қазіргі кейбір жастар сияқты, кездескен қиындықты ешқашан ауырсынған емес. Безбүйрек ана мүлдем болмайтын. Бала туып, далаға тастап кету деген не сұмдық?! Менің ойымша, қазіргі жас ата-аналар балаларына көп көңіл бөліп, олармен сырласуы керек. Ұл мен қызға қатыгездік мінезден аулақ, қайырымды, ізетті, сыпайы болу қажеттігін үнемі айтып отырғанымыз жөн. Отбасындағы ер бала өзінің қарындасының өзгеден қорлық көрмеуін қаласа, өзі де басқаларға мейірімді болуға тиіс, – деді Сәлима әжей.

Кездесу барысында самайын ақ шалған, нұрлы жүзін әжім торлаған ардақты да аяулы аналар бүгінгі қоғамда болып жатқан түрлі құбылыстарға қатысты өз ой-пікірлерін білдірді. Олар отбасында бала тәрбиесіне ата-ана ғана емес, ата-әже де барынша көңіл бөлуі керек екенін жеткізді.

Ұйымдастырушылар тағылымы мол, тәрбиелік маңызы зор шараның сәнін келтіріп, салмақты ой, салиқалы сөз айтқан әжелерге өз ризашылықтарын жеткізіп, алғыс білдірді.

Гүл НҰРАЛИНА,

журналист.

Тайынша қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp