Қазір қоғам күн санап өзгеруде. Бағдарламалық мақаласында Елбасымыз әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталғанын айтқан болатын. Бірақ көш басындағы елдермен иық түйістіру үшін ұлттық болмыстан ажырап қалмау маңызды. Яғни, ұлттық кодты сақтап, сананы жаңғырту керек. Атадан балаға мирас болған ұлттық салт-дәстүрді алдағы өркендеудің берік діңі ретінде қарастырған абзал деп ойлаймын. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш мақалада: “Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады”, – деген болатын. Бұл – нақты әрі орынды айтылған ой.
Қазір елімізде білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті жастар тиімді пайдалануы тиіс. Әрбір адам ойлаған арманына, көздеген мақсатына қол жеткізуге тырысуы керек. Сонда біз табысты елге айналамыз. Табысты болудың ең басты факторы – білім. Сондықтан білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Бірақ ұлттық жаңғыру жолында білімнің шыңына ұмтылыс жасауда ұлттық бірегейліктен ажырап қалмау да маңызды. Көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ ұлттық болмыстан қол үзбеуі тиіс. Ұлттық салт-дәстүр, тіл, әдебиет, музыкамыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Осыны шәкірттердің санасына сіңіруге күш салудамыз. Батыстың емес, өзіміздің рухани мәдениетімізді насихаттауға басымдық берудеміз.
Таяу жылдардағы міндеттер белгіленген “Рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақалада қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды талап ететіні айтылған. Ал қоғамдық сананың жаңғыруы тәрбиеден бастау алады. Әсіресе, өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық рух қалыптастыруда білім беру ұйымдарында патриотизмді насихаттайтын іс-шараларға ерекше назар аудару керек. Бұл бәрімізге қатысты. Тайынша ауданындағы Драгомировка орта мектебінде “Туған жер” бағдарламасын жалпыұлттық патриотизмнің өзегіне айналдыру мақсатында нақты жұмыстар атқарылуда.
Әр адам өзі туып-өскен өңірінің тарихын білуі тиіс. Туған елге сүйіспеншілік туған жерді құрметтеуден бастау алады. Бұл орайда, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, география пәндері апталығында шәкірттердің бойында елжандылық қасиет қалыптастыру мақсатында тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар өткізілгенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар аға ұрпақты құрметтеудің қаншалықты маңызды екенін айтып, жас құрақтай өсіп келе жатқан жеткіншектердің бойына асыл қасиеттерді сіңіріп, тарихқа тағзым ету мен дәстүрді сақтауды әңгіме арқауына айналдырдық.
Бүгінгі оқушы – ертең елді алға сүйрер білікті маман. Сондықтан жыл басынан бері мектепте түлектердің мамандықты дұрыс таңдауына ықпал ететін сыныптан тыс шаралар ұйымдастырылды. Колледж және жоғары оқу орындары өкілдерімен кездесулерде оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар берілді. 9-11-сынып түлектері үшін Көкшетау, Петропавл қалаларындағы оқу орындарына ұйымдастырылған экскурсиялар да өз нәтижесін беруде.
“Рухани жаңғыру” бағдарламасының тәрбие және білім беру бағытын жүзеге асыру үшін мектебімізде түрлі іс-шаралар өткізілді. Мәселен, “Мен – өз елімнің патриотымын” тақырыбында “дөңгелек үстел”, “Менің елім – Қазақстан!” атты көрме мен өзге де шараларға ұстаздар, оқушылар және ата-аналар белсене қатысты. Бірлескен іс-қимыл нәтижесінде мектеп ұжымының жұмысы аудан деңгейінде жақсы бағаға ие болды. Бұл ұжымның ғана емес, бізге әрқашан қолдау білдіретін ата-аналардың еңбегі екенін де атап өткім келеді. Тәрбиелік мәні зор іс-шаралар мектебімізде одан әрі де жалғасын табады. Қазір елімізде орын алған қиындықтарға қарамастан, ұстаздар өздеріне артылған сенімді ақтауға әзір. Өйткені, жас ұрпаққа сапалы білім ғана емес, саналы тәрбие беру – ұстаздар қауымының басты міндеті.
Гүлмира ТІЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Драгомировка орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Тайынша ауданы.