«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ

Жас буынның бойында ізгі қа­сиеттерді қалыптастыруға, олардың ішкі мәдениетін жоғарылатуға кітаптың көмегі зор. Өкінішке қарай, бүгінгі күні біз осы жайтты қаперімізден шығарып алғандаймыз.

Қазіргі қоғамда отбасымен кітап оқу дәстүрі ұмыт болуда. Кейбір шаңырақтарда көркем әдебиетке деген қызығушылық мүлде жойылып, кітаптың орнын ғаламтор алмастырып отыр. Соның салдарынан жас ұрпақ әдебиетке емес, атыс-шабысқа толы мультфильмдер мен компьютерлік ойындарға құмартуда. Балалардың ойлау, сөйлеу, жазу қабілеттерін арттырудың ең басты жолы кітап оқу екенін ұмытқандаймыз. Әлемге әйгілі Мұхтардың атасы Әуез Абай өлеңдерін отбасында оқу арқылы немерелерінің көркем әдебиетке деген құштарлығын оятқан екен. Өзіміз де бала кезімізде ата-әжелерімізбен қатар отырып қазақ ертегілері мен қисса-дастандарын дауыстап оқитынбыз. Бір жерге жинала қалсақ, сол шығармалардағы кейіпкерлер туралы әңгімелеп, соларға ұқсағымыз-ақ келіп тұратын.
Бала өз отбасында көргенін, үйренгенін есте сақтайды. Сондықтан ата-аналарға айтарым, олардың тәрбиесін балабақшаларға, үйірмелер мен студияларға, жалпы білім беретін мектептерге жүктеудің қажеті жоқ. Тәрбие, алдымен, туған шаңырақта, ата-ананың өсиетінен бастау алуы тиіс. Бұл ретте тәрбиелік мәні зор көркем әдебиет арқылы бала қиялын дамытып, оның бойына жақсы қасиеттерді сіңіруге болады.
Кейбір атааналар тәрбие ісіне кітаптың қандай қатысы бар деп ойлауы мүмкін. Көпжылдық тәжірибе көрсеткендей, кітап – бұл тек қана білім көзі емес, сонымен қатар ол бала тұлғасын қалыптас­тыратын, бала санасына ерекше әсер ететін тәрбие құралы. Кейбір ата-аналар баланың ойлау қабілетін арттырамын деп оған ең танымал авторлардың туындыларын оқытуы мүмкін. Бұл қате. Оқырман өз жасына сай әрі қызықты әдебиетті ғана оқығаны жөн. Бұлай болмаған жағдайда олар кітапқа деген қызығушылықтан мүлде айырылуы мүмкін. Мәселен, біздің кітапханада кішкентай оқырмандарымызға арналған туындылар ерекше талғаммен таңдалады. Кітап-суреттер, өлең жинақтары, ертегілер, интерактивті әдебиеттер жас ерекшеліктеріне қарай топ-топ­қа бөлінген. Ата-аналар да осы кеңеске құлақ асса екен дейміз, яғни баланың қай әдеби жанрға қызығушылығы бар екенін білген соң көркем әдебиетке деген қызығушылықты сол бағытта дамытқан жөн.
Таңдалған шығармалардың мазмұнына да мұқият болу керек. Қазіргі қаламгерлердің туындылары арасында отбасының барлық мүшелеріне қызықты болатын туындылар жетерлік. Басты шарт – олар оқырманның ой-қиялын да­мытуға мүмкіндік беретіндей сюжетке негізделгені дұрыс. Ұл-қызыңыздың кітап оқығанын қаласа­ңыз, онда бұл іске олардың сәби күнінен бастап кірісіңіз. Мәселен, бөбектерге қысқа рифмикалық өлеңдер қатты ұнайды. Ең бастысы, әр ата-ана өз шаңырағында түрлі тақырыпты қамтитын отбасылық оқуға қолайлы жағдай туғызуы тиіс. Балалар сөздерге қарағанда, іс-әрекетке көбірек мән береді. Сондықтан үй шаруасы арасында бүкіл отбасы мүшеле­рімен жиналып, суретке негіздел­ген шығармаларды, ертегілерді, аңыз-әңгімелерді жиірек оқыған жөн.

 

Майра МАҚЫШЕВА,
Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының
библиографы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp