Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бәсекеге қабілетті мемлекетке айналу үшін жүйелі реформаларды жүзеге асыру қажеттігін айтты. Президент бес негізгі басымдықты айқындап берді. Олар: қазіргі заманғы тиімді мемлекет құру, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі, қуатты өңірлер – қуатты ел. Аталған басымдықтар бойынша Мемлекет басшысы тыңғылықты ойластырылған міндеттерді алға қойып, нақты тапсырмалар берді.
Президент азаматтардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сот және құқық қорғау органдарын түбегейлі реформалауды, жыныстық және тұрмыстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы және өзге де ауыр қылмыстар үшін жазалау шараларын қатаңдатуды ұсынды. Ел Президенті жазалардың ізгіленуіне қатысты да көзқарасын білдіріп: “Біз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тәжірибесінен бас тарттық. Алайда, елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр. Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын”, – деді.
Отбасы – шағын мемлекет. Бұл оның қоғамдағы маңызына қарай айтылған тәмсіл. Босағаның берік, шаңырақтың биік болуы, халық санының көбейіп, қоғам байлығының еселеп артуы берекеге байланысты. Өкінішке қарай, түрлі жағдайларға байланысты шаңырақтың шайқалып, бейкүнә сәбилердің жаутаң көзге айналып жататын кездері аз емес. Әрине, берекесі мен бірлігі жоқ, күндегі айқай-шудан шаршаған әйелдердің көбі ажырасуға мәжбүр болады.
Әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау полиция қызметкерлеріне жүктелген. Құқық қорғау органдарында бұл мақсатта жұмыс жүргізетін арнайы бөлімдер бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көп ұшырайтын адамдар – сол құқық бұзушының ең жақыны, жанашыры, бірге тұратын отбасы мүшелері. Жәбір көрген адам дене, психикалық, моральдық зардаптан бөлек қорғансыздық сезімде болып, тығырыққа тіреледі. Оның санасында “мемлекет менің құқығымды қорғай алмайды” деген түсінік пайда болады. Сонымен бірге, отбасында көрген қиянаттың “жарасын” жазу қиын екені айтпасақ та түсінікті.
Үстіміздегі жылдың өткен сегіз айында отбасылық-тұрмыстық жағдайға байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың саны 2018 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1251-ден 1315 адамға көбейді. Полиция қызметкерлері ондайларға 1584 ұйғарым жазды. Егер олар бұдан қорытынды жасамаса, онда учаскелік полиция инспекторлары жинаған материалды сотқа жолдап, құқық бұзушының тәртібіне қатысты шаралар күшейтіледі. Үстіміздегі жылы 197 адамға осындай шара қолданылды.
Статистика көрсетіп отырғандай, әйелдер арасында өз құқықтарын қорғау үшін мемлекет көмегіне жүгінушілер көп. Бұл бағытта полиция қызметкерлері жүргізетін ақпараттық жұмыстардың да маңызы зор. Жыл басынан “Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ” республикалық акциясы, “Тұрмыс. Қадағалау. Алкоголь” жедел-алдын алу шарасы, “Зорлық-зомбылықсыз үй” акциясы өткізілді. Петропавл қаласының тұрғындарына “Әйелдерді қолдау орталығының” және полицияның телефон нөмірлері таратылады.
Отбасында қысым көрген қыз-келіншектерге “Әйелдерді қолдау орталығы” қоғамдық бірлестігі тарапынан зор қолдау көрсетіледі. Әйелдер орталықты 6 айға дейін паналай алады. Жыл басынан бері бұл мекемеге 28 адам жүгінген.
Сондай-ақ, отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар кезінде орын алатын қылмыстар саны да алаңдатып отыр. Жыл басынан мұндай 21 қылмыс жасалды. Олардың басым бөлігі, яғни 18 оқиға ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша тіркелді.
Әйел адамдар төзімділік танытып жатады. Өзі қандай қиыншылыққа тап болса да, қысым көріп, моральдық зардап шексе де кешіріммен қарайды, отбасын сақтап қалуды ойлайды. Жүргізілген талдау нәтижелеріне көз жүгіртсек, отбасының тыныштығын бұзып, әйелге зорлық-зомбылық көрсететіндердің дені – жұмыссыздар мен маскүнемдікке салынғандар. Бұл ретте учаскелік полиция инспекторлары, пробация қызметі, үкіметтік емес ұйымдар ондайлармен жұмысты күшейту қажеттігін жақсы түсінеді.
Президент Жолдауында айтылғандай ауыр қылмыс үшін жазаны қатаңдату тиімді шара болмақ. Бұл отбасындағы тыныштықты бұзатындарға тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.
Думан ТАЕВ,
облыстық полиция
департаменті бастығының
орынбасары, полиция полковнигі.