АУЫЛ ӘКІМІНІҢ “ЕРЛІГІ”
өкінішті аяқтала жаздады
Бұдан бұрын хабарланғанындай, Тәртіптік кеңестің өткен маусым айындағы отырысында Ақжар ауданындағы Ақжарқын ауылдық округінің әкімі Мұрат Қалиевті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұрмалаушылыққа жол бергені үшін тәртіптік жазаға тарту ұйғарылған болатын. Шынтуайтына келгенде, прокуратура органдары оның үстінен түскен шағым бойынша дер кезінде шара қолданбағанда Мұрат Қаматайұлының жағдайы тіпті қиындап, мәселесі Тәртіптік кеңесте емес, сотта қаралуы әбден ықтимал еді. Оның мәнісі былай:
Ауылдық округ әкімі Ащыкөл ауылындағы элеватордың иесі “Standart leasing” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) басшылығының өтінішіне орай аталмыш елді мекеннің кедір-бұдыр жолын жөндеу үшін сол маңнан 25 мың текше метр қиыршықтас қазып алуға жазбаша рұқсат беріпті. Соған сүйенген серіктестік 3 мың текше метр қиыршықтасты қазып алып, жолға әкеліп үйіп жатқанда М. Қалиевтің заңды бұзғанын сезген біреудің хабарлауы бойынша прокуратура қызметкерлері сау ете түскен. Сөйтіп, қиыршықтасты одан әрі қазып алу тоқтатылып, ЖШС табиғатқа келтірілген шығынды толық өтеген. Ал сол шығын сомасы қылмыстық іс қозғау үшін жеткіліксіз болғандықтан, прокуратура тәртіптік іс қозғаумен шектелген. “Егер ЖШС 3 мың текше метр емес, ауылдық округ әкімі рұқсат берген 25 мың текше метр қиыршықтасты түгел қазып әкеткен болса, келтірілген шығын көлеміне сәйкес М. Қалиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалатын еді”, – деді қадағалаушы орган қызметкері Тәртіптік кеңес отырысы барысында.
Бізді қайран қалдырғаны – Мұрат Қалиевтің заңға томпақ келетін әрекетке біле тұра барғандығы. Өйткені, мамандығы заңгер екен. Бірақ Ащыкөл ауылының әбден тозығы жеткен жолдан машақат көріп жүрген тұрғындарына жаны ашығандықтан, ол барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, аталмыш елді мекендегі серіктестіктің жолға төсеуге қажетті қиыршықтасты қазып алуына келісім беріпті. Ал бұл облыстық әкімдіктің құзырындағы іс болатын.
Осылайша ащыкөлдіктердің мұқтаждығы үшін асыра сілтеушілікке жол берген ауылдық округ әкімінің мұндай “ерлігіне” Тәртіптік кеңесте әділ баға беріліп, оған өз қызметіне толық сай еместігі жөнінде ескерту жариялау ұйғарылды. Мұрат Қалиев өзінің бұдан да қатаң жазаға тартылмағаны, яғни сот залындағы айыпкер орындығына отырудан аман қалғаны үшін өзі жол берген заңсыздықты ушықтырмай тоқтатқан прокуратура қызметкерлеріне ренжімек түгіл, оларға ризашылық білдіріп, алғыс айтса да артық емес сияқты.
САТЫП АЛУ КОМИССИЯСЫНА КІРСЕҢ,
сауысқандай сақ болғайсың…
Тәртіптік кеңестің биылғы отырыстарының бірінде Петропавл қалалық құрылыс бөлімінің басшылары мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұрмалауға жол бергені үшін “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” заңға сәйкес қатаң жазаларға тартылған болатын. Сол жолы белгілі себеппен біздің алдымызға келе алмаған аталмыш бөлімнің сектор меңгерушісі – мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық комиссияның мүшесі Марат Мұқашевтің үстінен қозғалған тәртіптік істі маусым айында қарауға тура келді.
Бірден айтайық, Марат Қайроллаұлы аталмыш комиссияға мүше болғысы келмесе де, өзі қызмет ететін бөлімде қызметшілер жетіспейтіндіктен, амалсыз келісуге мәжбүр болғандығын, мемлекеттік сатып алу үдерісі кезінде бір-ақ лоттың материалын қарап, сол бойынша өзінің жазбаша ескертпелерін бергенін, ал басқа лоттар бойынша конкурсқа мүлдем қатыспағанын айтып, ақталуға тырысты. Алайда, электрондық мемлекеттік сатып салу конкурсының хаттамасында оның электронды-сандық қол таңбасы тұрған болып шықты. М. Мұқашев мұны да бекерге шығарып, өзінің ешқандай хаттамаға қол қоймағандығын және электронды-сандық қолтаңбасын пайдалану үшін ешкімге сенімхат бермегенін айтып, мұны құрылыс бөлімінің мемлекеттік сатып алу жөніндегі инспекторы істеген болуы ықтимал деген күдігін де жасырмады. Ол осы өзі толық қатыспаған комиссия жұмысындағы кемшіліктер үшін бұған дейін сөгіс арқалаған болып шықты. “Мен өзіме берілген сол жазаны заңсыз деп есептеймін және әділдікке жету үшін сотқа шағынбақшымын”, – деп мәлімдеді Марат Қайроллаұлы.
Осы тәртіптік іс бойынша Тәртіптік кеңес мүшелері әртүрлі пікір білдірді. Ақыры заңбұзушылықтармен өткізілген конкурс құжаттамасында М. Мұқашевтің де электронды-сандық қолтаңбасы тұрғандықтан, оған бұған дейін жарияланған сөгістің күшін жойып, одан әлдеқайда қатаң жаза – қызметіне толық сай еместігі жөнінде ескерту беру туралы ұсыныс көпшілік дауыспен қабылданды. Әрине, өзіне берілген бірінші тәртіптік жазамен келіспейтінін мәлімдеген Марат Қайроллаұлының Тәртіптік кеңес ұсынған екінші қатаң жазамен де келіспеуіне хақысы бар.
Шынын айтсақ, “Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады” дегендей, жалғыз бұл емес, көптеген мемлекеттік сатып алу үдерістерінде орын алып жататын “былық-шылықтарға” нағыз кінәлі лауазымды тұлғалар – қалалық және аудандық бөлімдердің басшыларымен (кейде олардың өздері де қармаққа бірінші болып түсетін “ұсақ шабақтарға” ұқсап, сырттарында көрінбей тұратын “шортандар” – ірі лауазым иелері ұсталмай қалатындығы да жасырын емес, әрине) бірге, М. Мұқашев сынды “ерікті-қыстау” жолымен конкурстық комиссия мүшесі болып тағайындалған қатардағы мемлекеттік қызметшілер де кінәлі деп танылып, бәріне бірдей жаза кесіліп жататындығы ойландырмай қоймайды. Олардың өздері қыр-сырын жете білмейтін, құйтырқысы көп мемлекеттік сатып алу конкурсының хаттамасына амалсыз қолдарын қойғаннан басқа жазығы жоқ екендігін сезсең де, ешқайсысын қолданыстағы заңнама бойынша ақтап ала алмайсың. Өйткені, Әкімшілік кодекс бойынша мемлекеттік сатып алу барысында жіберілген кемшіліктер үшін конкурстық комиссия мүшелерінің бәрі бірдей жауап береді. Сондықтан да алдағы уақытта қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізу қажет шығар деген ой келеді. Меніңше, “әркімге өзінше түйе айдатқызбай”, түбінде мемлекеттік сатып алумен арнайы айналысатын мемлекеттік орган құрмай болмайтын сияқты. Немесе Әкімшілік кодекске мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық комиссияның төрағасына тікелей жауапкершілік жүктелетін шешуші дауыс беру, ал өзге мүшелеріне мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша тәртіптік жауапкершілік жүктелмейтін кеңесші дауыс қана беру жөнінде өзгеріс енгізген жөн сияқты. Әйтпесе, мына қалпымызбен “айран ішкенді” де, “шелек жалағанды” да бір шыбықпен айдап, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есебіне алынып, сүйектеріне таңба басылғандай болатын “жемқорлар” қатарын жасанды түрде көбейте беретін түріміз бар.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
облыстық Тәртіптік кеңестің мүшесі.