ЕҢБЕГІҢ ЕЛЕУЛІ БОЛСА ДА, ағаттық жасасаң, ақталуың қиын
Былтырғы жылдың аяғында қызмет бабымен Тимирязев ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысқан едік. Сол жолы аудан әкімі Еркін Базарханов бізге Тимирязево ауылындағы агротехникалық колледжді көрсетіп, оның бір кезде жекеменшікке сатылып кетіп, тоз-тозы шыққан күйінде мемлекетке қайтарылып алынғандығын айтқан еді. Ол: “Агротехникалық колледждің ғимаратын қалпына келтіруге оның жаңа директоры Киікбай Нұрикенов көп еңбек сіңірді”, – деп аталмыш оқу орнының басшысына шынайы ризашылығын да білдірген болатын. Колледжді аралап шыққанымызда Киікбай Құрманұлының қолда барды ұқсата білген іскерлігіне біз де көз жеткізіп, алға қойған ауқымды жоспарының табысты жүзеге асуына тілектестік білдіргенбіз.
Ал сол мақтаулы басшымен жақында болған облыстық Тәртіптік кеңестің отырысында жүздескенімде өз көзіме сенбей, қайран қалдым. Үстінен аудандық прокуратура қозғаған тәртіптік іс бойынша алдымызға келіп тұр екен. “Колледждің шаруашылық меңгерушісі қызметін жарты ставкамен қоса атқаруды осында әскери дайындықты ұйымдастырушы болып істейтін Уәлихан Сағатовқа ұсынған едім. Бірақ ол небәрі 15 мың теңгеге жұмыс істеуге келіспеді. Сондықтан оған шаруашылық меңгерушісінің толық еңбекақысын – 30 мың теңгені төлеу үшін әкесі Төлеген Сағатовты қызметке алуыма тура келді. Оның жұмысын, әрине, баласы істеп, еңбекақысын да өзі алып тұрғаны рас. Ал Уәлихан сияқты қолы өте шебер, әрі мардымсыз еңбекақыға жұмыс істеуге келісетін басқа адамды таба алмадым. Қателік жасағанымды түсінемін. Колледжді қалпына келтіруге сіңірген еңбегімді ескерсеңіздер екен… – деп ақталуға тырысты Киікбай Құрманұлы. Өзі басқаратын орта арнаулы оқу орнының кешегі ұсқынсыз кейпі мен бүгінгі ажарлы көрінісін бейнелейтін фото-суреттерді де ала келген екен. Алайда, білместікпен жіберген жалғыз ағаттығы бүкіл еңбегін жуып-шайып кетіп тұр. “Бас бухгалтеріңізбен ақылдасып, Уәлихан Сағатовтың әкесі емес, өзін шаруашылық меңгерушісі қызметіне жарты ставка бойынша қабылдап, қалған 15 мың теңгені атқарған жұмысының көлемі мен сапасына қарай ай сайын сыйақы ретінде төлеп отыруларыңызға болатын еді ғой. Сонда ешқандай заң бұзушылық жасамайтын едіңіз…” – деген кеңесімізді де кеш те болса, айтып жатырмыз…
Ал заңның аты заң. Заңды білмегендіктен, бұрмалаушылыққа бару жауапкершіліктен құтқармайды. Тіпті, еш арам пиғылсыз, абайламай ағаттыққа ұрынсаңыз да, заң алдында ақталуыңыз қиын. Сондықтан да Тәртіптік кеңес мүшелерінің Тимирязев аудандық прокуратурасының К. Нұрикеновті сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол бергені үшін қызметінен босату туралы ұсынысымен келісулеріне тура келді.
НИЕТІМ ТҮЗУ ЕКЕН ДЕП, асыра сілтесең, айыпты боласың
Мемлекеттік қызметшілердің кей уақыттағы іс-қарекетіне қарасаң, оларды ана жер-мына жерден әлсін-әлсін шығып жатқан от жалынын өршітпей басуға асыққан өртсөндірушілерге ұқсатасың. Әсіресе, шалғай түкпірлердегі қыстыгүні жиі қар басып қалатын жолдарды уақытында тазалауды қамтамасыз ете алмаса, ауылдардың тұрғындарының орынды ашу-ызасын туғызатынын ескеріп, ондай кемшіліктің алдын алуға тырысып-бағатындары – айтпасақ та түсінікті жайт. Міне, осындай түзу пиғылмен, әрі қолданыстағы заңнаманы жете білмеушіліктен қызмет бабында асыра сілтеушілікке ұрынған Мағжан Жұмабаев ауданының екі басшы қызметкеріне жуырда болған Тәртіптік кеңестің отырысында өз қызметтеріне толық сай еместіктері жөнінде ескерту жариялау ұйғарылды.
Мәселенің мән-жайына келсек, аталмыш ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі үстіміздегі жылғы қаңтарда аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының бойына қар ұстайтын траншея жасау жөнінде баға ұсыныстары бойынша мемлекеттік сатып алу өткізіп, оның қорытындысы бойынша 6 миллион 170 мың теңге баға ұсынған бір жеке кәсіпкер жеңімпаз атанады. Сұрастыра келгенде, оның ешқандай техникасы да, тәжірибесі де жоқ екендігі белгілі болады. Соған орай аудан әкімінің орынбасары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы әлгі кәсіпкерді кабинетке шақырып алып сөйлесіп, өз көңілдеріндегі күдіктерін ашық айтып, оны келісімшарт жасаспауға үгіттейді. Ал кәсіпкер болса, райынан қайтпай, тиісті келісімшартты жасаттырады. Алайда, он күн бойы қар тазалауға кірісе алмайды. Тек содан кейін ғана келісімшартты бұзу туралы келісімге қол қояды. Кейін ол Мағжан Жұмабаев ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің түсірген талап-арызы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған.
Бір қарағанда аудан әкімінің орынбасары мен аудандық бөлім басшысының ортақ іс мүддесі үшін жасаған әрекеттерінде ешқандай сөкеттік жоқ сияқты көрінеді. Анығында, олар өздерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасына қайшы келетін әрекетке барғандарын білмей де қалған тәрізді. Өйткені, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік сатып алуда жеңіске жеткен жеке кәсіпкермен қолданыстағы заңнамаға сәйкес келісімшартқа қол қоймай тұрып, одан бірден бас тартуға шақыруға және оған қандай болсын кінә қоюға хақылы еместұғын. Бұл, “Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы” Заң тілімен айтқанда, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға көпе-көрінеу кедергі жасаушылық болып табылады. Соған орай, аудандық билік басында жүрген екі мемлекеттік қызметшінің екеуі де қатаң жазаға тартылатын болды.
Тәртіптік кеңес отырысында олардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы да жете білмейтіндіктері байқалып қалды. Осы орайда Тәртіптік кеңестің мүшесі, облыстық қаржы бақылау инспекциясының басшысы Галилитдин Жазетов:
– Сіздердің қар тазалауға бөлінген қаржының сомасы қаншалықты екендігіне қарамастан, мемлекеттік сатып алуды баға ұсыныстары арқылы емес, электрондық сатып алу конкурсы бойынша өткізуге құқықтарыңыз бар еді. Егер сол әдіске жүгінген болсаңыздар, мұндай қателікке ұрынбас едіңіздер. Өйткені, электрондық сатып алу конкурсының тиісті құжаттамасында мемлекеттік тапсырысты орындаушылардың иелігінде қажетті техникасы бар болуын міндетті шарт етіп көрсетіп, оны заңды түрде талап ете алар едіңіздер, – деп қадай айтты.
“Ақылдылар өзгенің қателігінен үйренеді, ақымақтар өз қателігінен үйренеді” деген екен бір ғұлама. Мемлекеттік сатып алуға қатысы бар мемлекеттік қызметшілердің баршасының “құлақтарына – алтын сырға”.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
облыстық Тәртіптік кеңестің мүшесі.