Облыстық әдеп жөніндегі кеңестің биылғы алғашқы отырысында алты мәселе қаралды.
Жиында алдымен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Жанат Жұмабаев өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылады. Былтыр департамент мамандары өңіріміздің мемлекеттік қызметшілері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын сақтау, қызметтегі тәртіпті күшейту мақсатында 370 түсіндіру жұмысын жүргізген.
– Өткен жылы әдеп жөніндегі кеңестің 12 отырысында 97 мәселе қаралса, оның 57-сі тәртіп бұзушылықтың алдын алу сипатында болды. Ал 40 тәртіптік істің 11-і тоқтатылды. Департаменттің бастамасымен – 18 іс, облыстық прокуратураның материалдары бойынша – 6, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның облыстық департаментінің ақпараттары негізінде 16 іс қаралды, – деді Жанат Жеңісұлы.
Былтыр әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің ұсынысымен 28 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Атап айтқанда, 19 маман қызметке нұқсан келтірген әрекет жасаса, 9 азамат Әдеп кодексін бұзған. Талдау көрсеткендей, тәртіптік істердің басым бөлігі тұрғын үй және жер қатынасы салаларына тиесілі.
Баяндамашының айтуынша, өткен жылы мемлекеттік қызметке нұқсан келтіргені үшін Тайынша ауданының әкімі мен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы жұмыстан шығарылған. Бұлардың қатарында қызметтік әдеп нормаларын бұзған Тимирязев ауданындағы Целинный ауылдық округінің әкімі де бар. Ал Айыртау аудандық ветеринария бөлімінің басшысы жергілікті ветеринарлық зертхананың қызметкерімен сөйлесу кезінде мәдениеттілік сақтамаған. Жұмыс уақытында осындай кемшілік жіберген шенеуніктің лауазымы төмендетілген. Сондай-ақ, 17 мемлекеттік қызметші қызметіне толық сай емес деп танылып, төрт маманға қатаң сөгіс, екі қызметшіге сөгіс жарияланған.
Былтыр әдеп жөніндегі кеңес мүшелері 130 азаматтық қабылдау өткізіп, 384 адамның мәселесін тыңдаған. Үстіміздегі жылы бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру көзделіп отыр.
Кеңес барысында облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Дулат Тайшабай былтыр мемлекеттік қызметшілердің тәртібіне қатысты ескертулер 2017 жылмен салыстырғанда 25 пайызға аз болғанын жеткізді. Кеңес мүшелері мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды одан әрі жетілдіру туралы ұсыныстарын айтты.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.