Жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тарту индустриялық-инновациялық даму стратегиясы негізінде жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының инновациялық саясатына байланысты. Елімізге шетелдік жұмыс күшін әкелуге, сондай-ақ, әкетуге байланысты қызмет заңнамалық және нормативтік актілермен реттеледі.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес елімізде шетелдік қызметкерлердің жұмысы белгілі бір жағдайларда жұмысқа тиісті рұқсат алуды талап етеді.
Рұқсаттың екі түрі болады. Біріншісі – шетелдік қызметкерлерге жұмысқа орналасу және екіншісі – жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тарту рұқсаты.
Заңнамада жоғарыда аталған рұқсаттарды алу талап етілмейтін шетелдіктердің кең тізбесі белгіленген. Аталмыш тізбеге бұлардан басқа Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасынан келген қызметкерлер енгізілген. Сонымен қатар, шетелдік заңды тұлғалар филиалдарының немесе олардың өкілдіктерінің бірінші басшылары бар. Және де Қазақстан Республикасының Үкіметімен 50 миллион АҚШ долларынан астам сомада инвестиция шартын жасасқан ұйымдардың бірінші басшылары мен қызметтің басым түрлерінде инвестициялық қызметті жүзеге асыратын, инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен шарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының бірінші басшылары болып жұмыс істейтін шетелдік қызметкерлер тізімге енгізілген.
Шетелдік қызметкерлерге жұмысқа орналасуға рұқсат Қазақстан Республикасында шетелдік қызметкерлердің өз бетімен жұмысқа орналасуына арналған мамандықтар тізбесіне сәйкес беріледі.Тізбе 30 мамандықтың (кәсіптің) атауларын, соның ішінде инженерлердің кейбір санаттарын, ақпараттық технологиялар, авиация, космос саласындағы мамандықтарды қамтиды. Жұмыс берушіге рұқсаттың жоғарыда аталған екінші түрі, яғни Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы шегінде беріледі.
Аталған екі рұқсат түрін жергілікті атқарушы орган береді. Рұқсат алу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 қаңтардағы №45 қаулысымен бекітілген шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің қағидаларымен және шарттарымен реттеледі.
Қағида рұқсаттың аталған түрін беру мақсаттарына қызметкерлердің 4 санатын анықтайды. Бірінші – басшылар мен олардың орынбасарлары, екінші – құрылымдық бөлімшелердің басшылары, үшінші – мамандар және төртінші білікті жұмысшылар болып бөлінеді.
Тартылатын шетелдік жұмыс күшінің қай санатқа жатқызылуына байланысты Қазақстан Республикасы азаматтарының белгілі бір санына қатысты жұмыс беруші тарапынан орындалуға тиісті ерекше шарттар анықталады. Оларды орындау жұмыс беруші үшін міндетті шарт болып табылады. Белгіленген шартты орындаудан жалтару келешекте рұқсат беруден немесе оның мерзімін ұзартудан бас тартуға негіз болуы мүмкін.
Жұмыс берушінің өтініші белгіленген тәртіпке сай жүзеге асады. Егер жұмыс беруші ол үшін белгіленген ерекше шарттардың барлығын сақтаса, оған шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беріледі.
Осындай рұқсат 1-ші санат үшін шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын жұмыс берушіге жыл сайын 12 айға ұзарту мүмкіндігімен 3 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Шетелдік жұмыс күшін бірінші санат бойынша тартуға арналған рұқсат шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын жұмыс берушілерге екі реттен асырмай ұзартумен, 12 ай мерзімге беріледі. Жұмыс беруші шағын кәсіпкерлік субъектісі болса, 1-ші санат үшін 2 реттен аспайтын ұзарту мүмкіндігімен 12 ай мерзіміне дейін беріледі. 2-ші және 3-ші санаттар үшін 12 ай мерзімге 2 реттен асырмай ұзартумен 12 айға беріледі.
Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында берілген рұқсаттар бойынша “Сұлтан элеватор диірмен-макарон кешені” АҚ, “Сүт өнімдері” ЖШС және “Сұлтан кондитерлік өнімдер” АҚ-да 4 шетелдік маман жұмыс істейді.
Татьяна ПЕРЕПАДЯ,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының
бас маманы.