Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамытудың басым бағыттарын атап, еліміз арқылы өтетін транзиттің көлемін арттыруға мүмкіндік жасау керектігін атап көрсетті. Айқындалған мақсатты жүзеге асыру үшін жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету ішкі істер органдарының қызметкерлеріне жүктеліп отыр.
Облыстағы жолдардың апаттылық деңгейін төмендету мақсатында “Мас жүргізуші – қылмыскер!”, “Автобус”, “Қауіпсіз жол”, “Бала – басты жолаушы!” жедел-алдын алу іс-шаралары өтіп, түрлі акциялар ұйымдастырылды. Жыл басынан бері қызметкерлер жол ережелерін бұзудың 16 мыңнан астам фактісін тіркеп, мас күйде көлік басқарған 426 жүргізушіні анықтады. Заң талаптарын бұзушыларға 54 миллион теңгенің айыппұлы салынып, олардың көп бөлігі өндіріліп алынды. Алдын алу жұмыстары осылайша жол қозғалысының қауіпсіздігін нығайта түсті.
Құқық бұзушылықтың алдын алуда облыс аумағында орнатылған бейнекамералардың көмегі айтарлықтай болып отыр. Апаттылықты төмендетуге ықпал етіп, күн сайын 20-30 құқық бұзушылықты анықтайтын бейнекамералардың 74-і Петропавл қаласында орнатылса, 44-і – облыс аудандарында жол қозғалысын жіті бақылауда.
Былтырғы жылдың соңында көлік құралдарының мемлекеттік нөмірлерін танып, тіркейтін жылжымалы кешені сатып алынды. Аталмыш жүйе камера орнатылған аумақта барлық көліктердің нөмірлік белгілерін автоматты түрде танып, бейнетіркеуді жүзеге асыруда.
2012-2014 жылдарға арналған жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің салалық бағдарламасын іске асыру аясында облыс орталығы көшелерінің үш қиылысына жол қозғалысын бақылаудың зияткерлік жүйе жабдығы қойылды. Абай-Мир, Интернационал-Жамбыл, Интернационал-Астана көшелерінің қиылыстарына орнатылған аталмыш жүйе жол-көлік оқиғаларының санын біршама азайтты. Өткен 2 айдың ішінде облыс орталығында аталмыш техникалық құралдардың көмегімен 2715 бұзушылық анықталды.
Петропавл қаласында жүргізуші куәлігін, автомобильді тіркеу, сондай-ақ, нөмірлік белгіні алу жөніндегі қызметтердің басын біріктірген тұрғындарға мамандандырылған қызмет көрсету орталығы ашылуы да өңір жұртшылығына жағдай жасап, жол полицейлерінің жұмысын бірізділендіріп отыр. Орталық іске қосылғаннан бері солтүстікқазақстандықтардың құжаттарды рәсімдеуге жұмсалатын уақыты қысқартылып, бұл жұмыстың ашықтығы қамтамасыз етілуде.
Заманауи техникалық құралдармен жабдықталған орталықта қысқа мерзімде қажетті мемлекеттік қызмет көрсететін “Электронды үкімет” порталы мен Ішкі істер министрлігінің электронды жүйесі біріктірілген. Биылғы жылы облыс аумағында автокөлік санының күрт артқанын айта кету керек. Осыған байланысты орталықтың жұмысы көліктерді уақтылы тіркеп, тұрғындарға мамандандырылған қызмет көрсетуде бір саябырсыған емес.
Атқарып жатқан жұмысымыз ортақ міндетке, яғни қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыра отырып, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделген. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, азаматтарымыздың заманауи және сапалы автомагистарльдармен жүріп, кез келген өңірге қауіпсіз әрі тез жетулеріне жағдай жасау үшін барлық құзыретті органдар бірлесіп, аянбай еңбек ете бермекпіз.
Серік ИДРИСОВ,
облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары.
