Облыстық және Петропавл қаласының ішкі істер құрылымдары биылғы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Тайынша ауданының Донецкое, Ясная поляна, Келлеровка, Доброжановка және басқа да елді мекендерінің тұрғындарына гуманитарлық көмек жөнелтті. “Демалыс күндері полицейлер “ГАЗель” автокөлігіне тиелген азық-түлік, киім-кешек, жөндеу жұмыстарына қажет құрал-жабдықтарды аудандық әкімдікке жеткізді”, – деді облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Виктор Букреев.
Облысымыздың тәртіп сақшылары қар суының жайылуынан шығынға батқан тұрғындарға алғашқы күннен бастап қолдау білдіріп, қолдан келген көмектерін көрсетіп жатыр. Төтенше жағдай орын алғанда Тайынша аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп, адамдарды қауіпсіз жерге көшіруге, тұрғындардың мал-мүлкін аман сақтап қалуға және су соруға құтқарушылармен бірге жұмылды.
– Ең бастысы, тұрғындар дін аман. Ал тасқын судың беті қайтты, жағдай тұрақталды. Жауапты кезеңде полицейлер өз қызметтерін адал атқарды, – дейді Тайынша аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Петр Мартынюк.
Юрий КЛЫКОВ,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы.