Патрульдік полиция батальонының инспекторлары, полиция кіші лейтенанты Руслан Қыдырмин, полиция лейтенанты Мұратхан Құсайынов және учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Анатолий Колыванов «Мінсіз қызметі үшін» медальдарына ие болды. Сондай-ақ, әріптестерінің алдында полиция майорлары, учаскелік полиция инспекторы Рүстем Тасболатов пен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспектор Роза Башеноваға алғыс жарияланды.
Рүстем Тасболатов желтоқсан айының соңында Нұрсұлтан Назарбаев көшесіндегі 229-шы үйден келіп түскен қоңырау бойынша жылдам әрекет етіп, шара қабылдаған болатын. Мас тұрғын өз пәтерінде электр плитасын сөндірмей, ұйықтап қалған. Сәлден соң пәтердің қабырғасы бықсып, үйдің іші көк түтінге оранған. Тәжірибелі учаскелік инспектор өрт сөндірушілерді күтпей, есікті бұзып кіріп, «Жедел жәрдем» шақырды. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға учаскелік инспектор Роза Башенованың мінсіз жұмысын қазақ мектеп-гимназиясының ұстаздары жоғары бағалады. Мектептегі тәртіпке жауапты инспектор оқушылар үшін өткізілетін іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге үнемі белсене атсалысады екен.
Марапат полиция қызметкерлерін, әсіресе жас мамандарды өз міндеттерін мінсіз әрі адал атқаруға ынталандырады.