Облыстық прокуратурада өткен үйлестіру кеңесінің отырысында қылмыстық атқару жүйесінде жүргізілген тексерістің қорытындысы шығарылып, құқық қорғаушылар тарапынан орын алған заңсыздықтар жайы сөз болды.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасының қызметкерлері қылмыстық атқару инспекциясында жүргізілген жоспардан тыс тексеріс нәтижелерімен таныстырды. Тексеру қорытындысы облыстың қылмыстық атқару инспекциясы қызметкерлерінің шартты сотталғандарды және бостандығы шектелген сотталған тұлғаларды бақылау жұмысын тиісті түрде жүзеге асырмағандарын көрсетті. Осылайша есепте тұрған және сотталған тұлғалардың тұрғылықты мекен-жайларынан заңсыз алшақтауға, тіпті, ел аумағынан шығып, шекара асып кетулеріне жол берілген. Есепте тұрған жекелеген тұлғалардың сот үкімі бойынша инспекцияға тұрақты келіп тұру, мекенжайларын ауыстыру туралы хабарлама жіберу сияқты міндеттемелер де орындалмаған. Сонымен қатар, тексеріс кезінде бір сотталғанның тұрғылықты мекенжайы анықталмаған. Соған байланысты лауазымды тұлғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 316-бабымен (“немқұрайдылық”) қарастырылған белгілер бойынша қосымша тергеу мәселесі көтеріліп, материал Мамлют аудандық прокуратурасына жіберілетін болды. Кеңесте аталмыш мәселе бойынша өкілетті органдардың өзара іс-қимылын нығайту және заң бұзушылықты жою бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.
Статистика деректеріне сүйенсек, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл жол-көлік оқиғасы 11 пайызға азайған. Мерт болған адамдар саны – 16,7 пайызға және жол-көлік оқиғасында жарақат алғандар саны 20,2 пайызға кеміпті. Жиында жергілікті және республикалық маңызға ие автомобиль жолдары жүйелерінің қанағатсыз жағдайы да сөз болды. Бүгінгі таңда жол қозғалысы қауіпсіздігіне тасжолдардың тарлығы да қатер төндіріп отыр.
Статистика мәліметтері бойынша облыс соттары құқық бұзушылық оқиғасының немесе қылмыстық нышандар құрамының болмауына байланысты 114 тұлғаны әкімшілік жауапкершіліктен босатқан екен.
Ішкі істер органдарының лауазымды тұлғалары кінәлі әріптестерін жауапкершіліктен арашалап қалу мақсатында қызметтік тергеу материалдарын бұрмалауға жол берген. Қабылданған прокурорлық қадағалау шараларының арқасында кінәлі тұлғалар қызметтерінен босатылған.
Ішкі істер органдары былтырғы жылдың шілде айында мемлекеттік бюджет қаражатына сатып алынған жылдамдық режімін өлшейтін үш стационарлық өлшеуіштің осы уақытқа дейін жұмыс істеуін қамтамасыз етпеген. Сондай-ақ, тексеріс барысында психоневрологиялық диспансерде және наркологиялық орталықта “Д” есебінде тұрған облыстың 13 тұрғынына жүргізуші куәлігін беру фактісі де анықталды.
Кеңесте облыстық қаржы бақылау инспекциясының талап-арыздарына сәйкес облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қараған азаматтық істер бойынша сот тәжірибесінің жағдайы талқыланды.
Үйлестіру кеңесінің соңында мемлекеттік мекемеге құқықтық түсіндіру жұмысын және жеке құрам арасында тиісті семинар өткізу және аталған санаттағы істер бойынша ведомстволық қадағалауды күшейту ұсынылды.
Гүлмайра КЕНЖЕБОЛАТОВА,
облыстық прокуратураның бас маманы.