«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТӘУЕКЕЛ ТҮБІ – ЖЕЛҚАЙЫҚ…”

Бүгінгі таңда егемен еліміз күн санап дамып, қанатын кеңінен жайып келеді. Қандай саланы алсақ та, ілгері басушылықты байқауға болады. Әрбір Қазақстан азаматының алаңсыз өмір сүруі үшін қолдан келгеннің барлығы жасалуда. Жыл сайын көпқабатты тұрғын үйлер тұрғызылып, қаншама отбасылар пәтер алып, қоныстой тойлауда. Жаңа мектептер, балабақшалар іске қосылуда. Әлеуметтік салада барлық жұмыс жоспарға сай жүргізілуде. Ана мен бала үнемі мемлекет назарында. Осының барлығы Елбасының сындарлы саясаты арқасында жүзеге асып отыр. Осынша аз уақыттың ішінде жас мемлекетіміздің биік белестерді бағындырғаны, әрине, үлкен жұмыстың жемісі. Елбасының салып берген сара жолымен жүрсек, алдағы уақытта талай қиындықтарға төтеп беретінімізге сенімдімін.

Бүгінгі таңда теңге бағамының құлдырауына байланысты ел ішінде біраз алаңдаушылық орын алуда. Ол да түсінікті жайт. Себебі, мұндай жағдай бұқараға оңай тимесі анық. Бірақ мұның барлығы уақытша қиыншылық. Елбасы барлық жағдайды қадағалай отыра, тиісті орындарға тапсырмалар жүктеді. Сауда орындары мен азық-түлік дүкендерінде бағаны өсіруге қатаң тыйым салынды. Мұндай іс-әрекеттің барлығы – қоғамда қалыпты жағдайды сақтап қалу үшін жасалып отырған шаралар. Қаңқу сөздерге мән бермей, барлық нәрсеге сабырлықпен қарау керек. 90-шы жылдары да біраз қиындықты бастан өткердік. Белді бекем буып, ол кездерді де артқа тастап, қаншама жеңісті күндердің қуанышына кенелдік. Енді қазіргі жағдайда да халыққа сондай шыдамдылық, ауызбіршілік керек болып тұр. “Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің” демекші, сабырлы болсақ, көп нәрсені жеңе аламыз. Сондықтан да уақытша келеңсіздіктерге мән бермей, жұмылып жұмыс істеп, алға қойған мақсатқа ұмтылу керек. Сол кезде ғана еліміз одан сайын дамып, көркейе түседі. Дәл осындай ел үшін сын сәттерде біз Елбасымен бірге болып, жан-жақты қолдау көрсете білуіміз керек. Көп болып, бірлігімізді таныта білсек, бұл кезеңнен де өтіп, алдағы уақытта талай асуларды бағындыратынымыз анық.  

Бақытжан СӘМИЕВА,

облыстық іскер әйелдер

қауымдастығының төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp