«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ БЕРІК ТІРЕГІ

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен әкімдікте өткен салтанатты жиында “Қазақстан Конституциясына – 25 жыл” мерекелік медалін табыстау рәсімі өтті. Облыс әкімі өңір жұртшылығын еліміздің басты мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тіледі.

Ширек ғасыр ішінде Ата Заңымыз жеткен жетістіктеріміздің, толайым табыстарымыздың берік кепіліне айналды. “Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осынау атаулы оқиғаға арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзінде Қазақстан Конституциясы ең үздік әлемдік тәжірибе мен практиканы, сондай-ақ, тарихи және ұлттық дәстүрлерді өзіне сіңіре отырып, халық бірлігі мен мемлекетіміздің тәуелсіздігінің берік іргетасының қалануына мінсіз қызмет етіп келе жатқанына айрықша тоқталды. Мұндай баға – Негізгі Заңның уақыттың сенімді сынағынан өтіп, жалпыхалықтық дамуда өзінің негізгі қызметін дәлелдей алғанының айқын көрінісі. Қоғамдық татулық, саяси тұрақтылық, демократиялық өміршең қағидалар, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелері Ата Заңымызда айқын көрініс тапқан. Республика жұртшылығы кемел келешегін, шат тұрмысын Конституциямен тікелей байланыстырады. Онда әр адамның құқықтары мен жеке бас бостандықтары толық қамтамасыз етілген”, – деді құттықтау сөзінде облыс әкімі.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған кездесуде облыстың дамуына үлес қосқан бір топ азаматқа Президенттің Жарлығымен “Қазақстан Конституциясына – 25 жыл” мерекелік медальдары салтанатты түрде табыс етілді. Марапатталғандардың арасында еңбек ардагерлері Жақсылық Ысқақов, Құдайберген Қалиев, Ескендір Елеусізов, Иван Чиркалин, “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры Жарасбай Сүлейменов, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Тілеген Қаскин және белгілі меценаттар Алтынбек Сапаров пен Геннадий Зенченко және тағы басқа белгілі солтүстікқазақстандықтар бар.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp