1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған маңызды құжат – Қазақстан Республикасының Конституциясы елдің біртұтастығына, бірнеше этностың тату, бейбіт өмір сүруіне жол салды. Конституциямыз “Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы” деп басталады. Осы сөздердің өзі Ата Заңымыздың еліміздегі барлық этностардың бірлігі мен бейбіт өмірін қамтамасыз ететін және кепілдік беретін өте маңызды құжат екендігін айқындай түседі. Сондай-ақ, жалпыхалықтық референдумда қабылданған қолданыстағы Ата Заңымыз елімізде экономикалық және әлеуметтік, саяси реформаларды жүзеге асырып, әлем кеңістігіне Қазақстанды құқықтық мемлекет ретінде танытып отыр. 1995 жылы Конституциямыз қабылданған кезде мен Қарағанды мемлекеттік университетінде заңгер мамандығының қыр-сырын меңгеріп жүргенмін. Сол кезде еліміздің білікті заңгерлері жаңадан қабылданған Ата Заңымызды барлық әлемдік талапқа сай, бүкіл құқықтық нормаларды сақтайтын құжат деп жарыса жазды. Конституциямыздың негізінде түрлі салалар бойынша жеке заңдар да қабылданып, құқықтық зайырлы мемлекет қалыптастыруға бет алдық. Соның бір көрінісі ретінде елімізде тәуелсіздік алғаннан кейін құқықтық реформаның маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын нотариустар қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған қайта құру үдерісі жүргізіліп, 2012 жылы “Нотариат туралы” заңға өзгерістер мен түзетулер енгізіліп, оның құзыреті мен міндеттері қайта айқындалған болатын.
Нотариус жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделерін қорғау және жүзеге асыру мақсатында жұмыс жүргізеді. Бізге жүгінген тұлғалар өз құқықтары мен міндеттері туралы егжей-тегжейлі ақпарат алған соң ғана қажетті нотариаттық әрекеттерді жасасады. Нотариус білікті әрі толық ауқымды құқықтық көмекті, құқықтарды тиісті түрде рәсімдеуді, мәмілелердің құқықтық сенімділігін, дәлелділігін және шынайы заң кепілдіктерін қамтамасыз етеді.
Негізгі қызметімізді атап өтсем, нотариустар мәмілелерді, соның ішінде сенімхаттарды, өсиеттерді, шарттарды (жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, кепілге қою, шарттардың басқа да түрлерін) куәландырады; мұраға құқық туралы куәліктер береді, мұраға қалдырылған мүлікті қорғау шараларын атқарады. Сондай-ақ, жұбайлардың ортақ мүлкіндегі үлеске меншік құқығы туралы куәліктер береді, мүлікті иеліктен айыруға тыйым салады және тыйым салуды алып тастайды. Құжаттардың көшірмелерінің шынайылығын және үзінді жазбаларын куәландырады, Қазақстан Республикасының заң актілерімен қарастырылған басқа да нотариаттық әрекеттер атқарады. Солардың ішіндегі жиі кездесетіні – мұрагерлік іс жүргізу нотариустар ортасында қиын да жауапты рәсімдердің бірі болып табылады. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында осы сала бойынша 3973 іс тіркелді.
Өкінішке қарай, өзіне осындай жауапкершілікті алғысы келмей, клиенттерді әріптестеріне жіберетін нотариустар да баршылық. Алайда, бұл әрекеттердің заңсыз екенін білген жөн. Нотариустардың қандай қызмет болса да бас тартуға құқығы жоқ. Егер нотариус қандай да бір қызмет түрін көрсетуден бас тартса, одан қаулы сұрау керек. Ол өз міндеттерін орындаудан қандай себептермен бас тартатыны жөнінде жазбаша түсіндіріп беруге тиіс. Жалпы азаматтардың құқығы бұзылған кез келген жағдайларда нотариустың үстінен облыстық нотариалдық палатаға, менің атыма немесе әділет департаментінің нотариат бөліміне шағымдануларыңызға болады.
Бүгінгі күні облысымызда 80-нен астам жеке нотариус жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі облыс орталығында орналасқан. Аудандар бойынша нотариус қызметін ұсынатын мамандарымыздың тәжірибесі мол, өз ісінің білгірі екенін мақтанышпен ауызға аламыз. Мәселен, Насифа Абдрахметова, Айгүл Ысқақова сынды нотариус иелері барлық талаптарға сай қызметімен көпшіліктің алғысына бөленіп жүр. Олардың қатарын жас мамандар толықтыруда.
Заңмен жұмыс істеу әрқайсымыздан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Алдымызға келетін тұрғындарға қажетті көмек беруде заң шеңберінде жұмыс істеп, ең бастысы, Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарын мұқият сақтауымыз керек.
Гүлмира ОСПАНОВА,
облыстық нотариалдық палатаның төрайымы.