Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған шаралар барысында әлеуметтік маңыздағы бірқатар жаңа нысандар шаңырақ көтеріп, тұрғындар шаттыққа бөленді.
Атап айтқанда, 16 желтоқсанда Айыртау ауданындағы Лобаново және Антоновка ауылдарында ойын-сауық орталықтары, ал Всеволодовка, Ағынтай батыр және Бірлестік елді мекендерінде жаңа хоккей алаңдары ашылды.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы «Тың жер» ЖШС-інде қуаттылығы күніне 10 мың тоннаға жететін, дәнді және майлы дақылдарды кептіру, өңдеу және тиеу желісі пайдалануға берілді.
Тәуелсіздік күніне Аққайың ауданында да жақсы тарту тартылды: мұнда бір пәтерлі алты үй беріліп, осынша шаңырақ қоныстойын жасады. Үш пәтерге жетім балалар, қалғанына 18-29 жас аралығындағы отбасылары қол жеткізді.
Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимка ауылында «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасының аясында 50 пәтерлі үй иелеріне айқара есік ашып, баспаналы болғандар қуанышқа кенелді.
Осы ауылдың тұрғындарына сол күні жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені тарту етілді. Онда жүзу бассейні, спорт залы, сауна, сусылау ваннасы (джакузи) бар.
Бұл ретте құны 100 миллион теңгеден асатын бассейн жайында кеңірек айту жөн. Оның төрт жарыс жолы бар. Әрқайсысының ұзындығы – 25 метр, ал ені – 2,25 метр. Бір мезетте 50 адам жаттыға алады.
Нысанның құрылысына 26 кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлер өздерінің үлестерін қосты. Бұл кешеннің арқасында ауданда саламатты өмір салтын қалыптастыруға қол жеткізілетін болады. Бұл тартуды ауданның жасы да, кәрісі де қуанышпен қабыл алды.
16 желтоқсан күні өңірімізде дүкендер, сауда орталықтары, мейманхана, дәмхана, өнеркәсіп нысандары, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, хоккей алаңдары іске қосылды.
(Өз тілшіміз).