«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі

Биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толады. Егемендікке қол жеткізіп, ядролық сынаққа тыйым салу арқылы еліміз әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысына айналды. Осы айтулы оқиға Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен “дөңгелек үстел” отырысында әңгіме өзегіне айналды.

Жиынға қатысушыларды айту­лы датамен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов құттықтады. “Биыл – ұлы Абай елі ғана емес, бүкіл адамзатқа қауіп төндірген Семей полигонының жабылғанына 30 жыл, “СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігінің құрылғанына да 5 жыл толып отыр. Қазір біз жаһандық коронавирус індеті белең алған шақта кездесіп отырмыз. Егемен еліміз, ата-бабадан мирас болып қалған жеріміз бұрын да қиын сынақтан өтті, осы сынақтан да өтерміз. Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығымен тұспа-тұс келген бұл мерейтойға орай баршаңызға амандық-саулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Сіздердің атқарған істеріңіз бізге үлгі-өнеге болып қала береді. Өскелең ұрпаққа айтар ақыл-кеңестеріңіз азаймасын”, – деді Кемел Оспанов.

Кеңес заманында Қазақстан ау­мағында арнайы 18 млн. гектар жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Әлемдегі ең ірі полигондардың бірі болған бұл жерде 1949 жылдың 29 тамызынан бастап 500-ге жуық жерасты және жерүсті сынақтары өткізілді. Нәти­жесінде ауа ластанып, халық орны толмас зардап шекті. Әрбір жары­лыстан кейін улы газ желмен жан-жаққа тарап, денсаулыққа зиянын тигізді. Жер үсті тү­тінге оранып, экологиялық апат орын алды. Ра­дио­активті заттар топырақты, су­ды, егістік жерлерді және мал жайылымдарын ластады. Халқы­мыз әлі күнге дейін полигонның зардабын тартып келеді. Тіршілік атау­лыға ажал сепкен сынақтардың сал­дарынан мүгедек болып қалғандар ауру-сырқаудан бүгінге дейін арыла алмауда. Жиында “СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асхат Төлепбергенов осындай оқиғалардың бел ортасында болған ардагерлеріміз әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай жүргенін айтты.

– 1991 жылдың 29 тамызында еліміз үшін тарихи шешім қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Жарлығымен қырық жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп келген Семей полигоны жабылды. Бұл – Тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі болатын. Осыдан 5 жыл бұрын біз “СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігін құрдық. Бірлестікке 166 адам мүшелік­ке енсе, олардың 26-сы ғана жәрдемақы алады. Қаншама мекеменің табалдырығын тоздырдық. Өкінішке қарай, нәтиже жоқ. Биыл бұл өтінішіміз ескеріледі деген үміттеміз. Көпте­ген қатарластарымыз қан қысымынан, жүрек, көз ауру­ларынан қиындық көруде. Сондай-ақ алдағы уа­қытта облыс орталығында Семей полигонынан зардап шеккен жер­лес­терімізге арналған ескерткіш орнатылса де­ген тілегіміз бар, – деді Асхат Төлепбергенов.

Жиында сөз алған еңбек ардагері Екатериа Ильина Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін айтып, егемендік жылдарында елдің дамуы үшін Елбасының бастамасымен біраз шаруа атқа­рылғанын жеткізді. Ал Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Әлфараби Мыңбай аға буынның еңбегі ұл-қыздарға үлгі екенін тілге тиек етіп, аманатқа адалдық танытуға уәде берді.

Жиын соңында еліміздің ны­ғаюы мен дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы, “Atamnyñ amanaty” қоғамдық бірлестігі директорының Алғыс хаты табысталды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp