Еліміздің егемендікке қол жеткізіп, еңсесін тіктегеніне биыл 25 жыл толғалы отыр. Осы жылдар ішінде Қазақстан тамырын тереңге тартып, жапырағын жайқалтқан мәуелі бәйтерекке айналды десем, артық айтқандығым болмас. “Тәуелсіз Қазақстан” деген сөзді ести қалсам елең етіп, жүрегіме мақтаныш, қуаныш сезімдері ұялайды. Өйткені, мен барша қазақстандықтар үшін қасиетті саналатын егемендіктің төл перзентімін.
Ата-бабаларымыз тәуелсіздік жолында бастарын бәйгеге тігіп, Отан үшін отқа түсті. Тағдырдың тәлкегі мен азабына шыдады, небір нәубетті, күштеп ұжымдастыруды, қолдан жасалған аштықты бастан кешірді. Осынау ұлан-ғайыр жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, бүгінгі ұрпаққа аманаттады. Тұғырлы Тәуелсіздіктің арқасында халқымыздың асыл арманы орындалып, асқақ әнге айналды.
Тәуелсіздіктің қадірін ұғыну халқымыздың өткен тарихын мұқият зерделемей, келешекті кеңінен болжамай жүзеге аса қоймайтыны сөзсіз. Кенесары мен Сырым, Исатай мен Махамбет, Абай, Ахмет пен Міржақып сияқты алып тұлғаларымыздың қалдырған өсиеттерін оқысақ, егемендіктің терең мағынасына қанық боламыз.
Өркениетке бет алған егемен еліміздің ендігі болашағы ұрпақ тәрбиесі деген ұлы міндетпен ұштасып жатыр. Онсыз келешегіміз бұлдыр елес, бос қиял екені даусыз. Қазақстанның ертеңгі сенімдері – бүгінгі жастардың бойына ұлттық сананы, Отанға деген патриоттық сезімді қалыптастырудың маңызы зор. “Ел болам десең, бесігіңді түзе” дегендей, бұл мақсатта мемлекетіміздің қолға алып отырған жобалары жетерлік. Мәселен, жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде лицейлер, гимназиялар, мамандандырылған мектептер ашылуда. Бұл игі бастамалар біздің өңірімізде де сәтті жүзеге асырылып келеді. Елбасымыз жыл сайынғы Жолдауларында Қазақстанның әрбір жас азаматының жеке тұлға болып қалыптасуын, мамандықты дұрыс таңдап, білігі мен білімін елдің гүлденуіне жұмсау қажеттігін шегелеп айтады. Бүгінгі күннің биік талабы да осы. Оны орындап, еліміздің көркеюіне үлес қосу баршамыздың басты мақсатымыз болуы тиіс.
Данагүл БАҚТЫБАЙ,
“әл-Фараби” мектеп-лицейінің
9-сынып оқушысы.
Петропавл қаласы.