Өз халқының жолында басын бәйгеге тіккен ұлт мақтаныштары арасында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың алатын орны бөлек. Оған қызметтес болған жылдары көзім анық жетті. Елдің бетінде, желдің өтінде жүрген адамға сынақ аз емес. «Біткен іске сыншы көп, піскен асқа жеуші көп» демей ме? «Ұлытау төріндегі толғанысты» оқи отырып, өткен өмірімді қайта бір шолып өткендей болдым. Ауыр ойға шомдым. Иә, кеше біз кім едік? Қазір кімбіз? Арамыз жер мен көктей. Еш салыстыруға келмейді. Тәуелсіздік бедеріндегі 22 жылдың ішіндегі ең басты жеңісіміз – әлем мойындайтын, құрметтейтін, санасатын ел болғанымыз! Асқақ арманымызға асықсақ та аптықпай, шалдықпай жетіп, төрткүл дүниенің төрінен отау тіктік. Ендігі мұрат-мақсат қандай деген сауалға Мемлекет басшысының: «Ол жол – сара жол, Мәңгілік Елдің жолы!» – деген сөздерімен жауап берер едік.
Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де – қазақтікі.
Президент өз сұхбатында діннен де, тілден де айрыла жаздаған халықпыз деп өте орынды айтты. Бұл мәселелер тектен-тек қозғалып отырған жоқ. Жас буынға сабақ, тағылым болсын деген ниетпен айтылғанын көзі қарақты жанның аңғармауы мүмкін емес. Адам қоғамнан тыс тірлік кеше алмайды. Мен де зейнет жасына жеткен соң қолымнан келетін істерге араластым. Өмірде жинақтаған тәжірибемізді, аталы ойларымызды жастардың бойына сіңіруге тырыстық. Елбасының тікелей қолдауымен Петропавл қаласында зәулім мешіттің құрылысы басталғанда «Шапағат» қорына жетекшілік еттім. Бүгінде қаланың қақ ортасынан орын тепкен Алла тағаланың жердегі ғибадатханасына қызыға қарайтындар көп. Менің қатарластарым атеизмге тәрбиеленген, мен де солардың бірімін. Алайда, бір жаратушы құдіреттің бар екенін іштей сезінемін. Молда болып кетпегеніммен, діннің тазалығын, ғұрпын сақтауға ұмтыламын. Біраз уақыт бұрын ондағы басқосу жиындарға барып тұрушы едім, кейін сирексіттім. Өйткені, «білгіштер» көп, тыңдайтын құлақ аз. «Тыңдаусыз қалған сөз – жетім».
Мешіт – киелі үй. Қадыр ақын айтқандай, «Арзан бас қымбат бөрікке құмар келеді». Бүгінде сол қасиетті орынның қадірін бәз біреулер кетіріп жүрген сықылды. Қажылық парызын өтеп келгендердің арасында ғибратты үгіт-насихат айтудың орнына, ел ішін ала тайдай бүлдіріп қоятындары кездеспей қалмайды. Қажылықтың қасиеті міндетті өтеумен емес, адамгершілік құндылықтарды таратумен өлшенсе керек. Оны көрген жастарымыз қандай өнеге алады?
Соңғы кездері жарасса да, жараспаса да сақал-мұрт қойып, намазға келетін жастар шоғыры пайда болды. Дінге сену – әркімнің ықтияры. Біздің шариғатымыз дұрыс, қалғандары бұрыс деп жертабандап, қызылшеке болып отыратындарын қайтерсің? Бесіктен белдері шықпай жатып, Құранның қасиетті үкімдерін бұрмалауға неге асық? Діни іріткі салушылар, өзге ағымның шылауында кетушілер осындай шала сауаттылардан, өзгенің ақылына құлақ аспай, тек өзінікін ғана жөн деп өзеурейтіндерден шығады. Ең қауіптісі – діни фанатизм мен діни көрсоқырлық. Діни алауыздыққа жол бермеу ауадай қажет. Тиісті орындардың баса назар аударатын талма тұсы осы.
Бір жазушының: «Рухани жақындық рулық жақындықты тәрк етеді», – деген сөзі есімде жатталып қалыпты. Ойымыздың үндестігі, ортақ түсінігіміз мені көптеген ұлт өкілдерімен табыстырды, бауыр етті. Сондай достарымның бірі әзірбайжан азаматы болды. Әкесі Душанбеде теміржол саласының басшысы қызметін атқарған. Сталиндік қуғын-сүргін зобалаңына тап болып, «халық жауы» атанған. Жазықсыз істі боларын күнібұрын сезіп, кейін зияным тимесін деген оймен ұл-қыздарын анасының тегіне көшірген. Әйелі украин қызы еді. Сонымен бәрі Дремасов болып кетеді. Оларды теріскейге жер аударған. Қолдан «қылмыскер» атанған адамның біліміне қарай ма, мұнда мал бақтырып қойған. Тегі Асадуллаев болатын. Сол кісінің ұлы қайтыс болғаннан кейін мұсылман зиратына қойдырттым. Басына құлпытас орнатылып, «Дремасов Владимир Кудретұлы» деп жазылды. Жұрт мынаның нәсілі бөлек, неге қазақ зиратына жерледі екен деген пыш-пыш сөз тарата бастады. Оның қазақ халқына деген ой-тілегі, пікір-пайымы бөлектұғын. Бар ғұмырын Қазақстанмен байланыстырды, ешқайда кетпеді. Ұрпақтары да тұрақтап қалды. Салт-дәстүрлерімізді, тілімізді үйренді. Осындай жандарды ойға алсаң, Елбасының «көпұлттылық – қоғамның кемшілігі емес, артықшылығы» деген пайымымен келісесің. Енді өзіміз ұлтқа тән төзім мен сабырлы мінез көрсете отырып, ұлт тұтастығы жолында көшбасшылық рөл танытуымыз керек.
Кезінде біз партияның тапсырмасын бұлжытпай орындай жүріп, бірқатар қызметтердің құлағын ұстадық. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы секілді лауазымды баспалдақтардан өттік. Кіл өңкей орыс ағайындары арасында жүргеннен кейін балаларым орыстілді балалармен бірге өсіп, тамырларынан алшақтай бергенін несіне жасырайын?
– Әй, көкелерім, сендер тек орысшамен бүтінделе алмайсыңдар. Егер сол тілдегі дүниемен ғана шектеліп қалсаңдар, жартыкеш болып шығасыңдар. Толыққанды қазақ болу үшін ана тілдеріңді еркін меңгеріңдер. Сонда ғана қазақ тілінің ғажаптығын, тереңдігін, ұлттық философиялық ауқымдылығын бағамдайсыңдар, – деймін. «Ештен кеш жақсы». Уақыт талабына қарай икемделді. Қазақ тілін білмейінше, басқа ұлт түгіл, қазақтың өзіне қызметке тұру қиындайтын кез әлі келеді. Мен көз-қуанышыма айналған немерелеріме де осы насихатты үнемі айтып отырамын.
Жеке мұрағатымды ақтарып отырып, бір газетте жарияланған Татьяна Бурмистрова деген орыс келіншегінің сұхбатын көзім шалып қалды. 80-ші жылдары теледидарда домбырамен қазақ тілінде әуелете ән салғанын талайлар білетін шығар. «Мен өзімді қазақтан ажырата алмаймын. Біздің қазақ бәрін сыйлайды. Халықтың жомарттығы шексіз. Онымен бір терінің ішінде әрі орыс, әрі қазақ болып жүріп, осыны сезіндім», – деп ағынан ақтарылады. Қазақи тектілігінен айрылған әлдекім болмаса, айналайын Татьяна қызымыздың осы сөзінен сабақ алуы керек қой. Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл. Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені, ол – ұлтымыздың анасы деген сөзге еріксіз ден қоясың. Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасады. Өз ұлтын шын сүйген адам алдымен ана тілін қадірлейді. Елбасының тіл туралы пайымдарынан осындай ұлағаттарды ұғуға болады.
Ғабең жарықтықтың (Ғабит Мүсірепов): «Қарны тойса, қалғып сала бермейтін ұрпақ керек. Оңай көріп саршұнақ аулап, ін күзетпейтін ұрпақ керек», – деген сөзі бар. Қандай терең ой?! Жігерлі, өжет, өршіл, намысқой, білімдар ұрпақ өсіруді Президентіміз талмай айтып келеді. Бұл тәрбие, алдымен, Отан от басынан бастау аларын бәріміз бірдей сезіне алмай жүрген сияқтымыз. Ел қамын ойлайтын азаматтарсыз қазақ елі алға баспайды, даңқы артпайды. Онсыз да аз халықпыз. Шағын болса да, санмен емес, сапамен көп тірлік тындырып жатқан мемлекеттерге теңесуге күшіміз де, жігеріміз де молынан жетеді. Шынардың биігіне, таудың шыңына шығу үшін ұлт ретінде өзімізді өсіруден, қанаттандырудан басқа жол жоқ! Осы сөзді Қазақстанның әр азаматы көкейіне түюі керек.
Әрине, әркім өз өмірінің қожасы. Оны қалай құрады, жарық дүниедегі уақытын қалай өткізеді, қандай мағыналы істерге арнайды ол – өз шаруасы. Біздің дәуіріміз де, дәуреніміз де бөлек болды. Ел, жер үшін еңбектендік, тер төктік. Күш-жігеріміз жеке басқа емес, Отан игілігіне жұмылдырылды. Оны ұқтырған – жаны да, тәні де мемлекетшіл ұстаздарымыз, әке-шешелеріміз, үлкендер. Соғыстың отына шарпылған олар адалдық, адамгершілік туралы иландырып айтатын. Осындай сын тезінен өткен біздің буын әділдіктің ақ жолынан ауытқымады. Өкініштісі сол, жастардың бір бөлігі осындай елдік сезімдерден гөрі шетелдің жылтырағына, қаңсығына әуес. Осы бір олқылықтың тұсын бүгін толтырмасақ, ертең бармақ тістеп қалуымыз ғажап емес. Жастар ұйымдарының айналысатын бір шаруасы – осы.
Қазақстан – қазақ ұлтын ұлықтайтын бірден-бір ел. Бұл – қазақтың құтты мекені. Әлемнің әр шалғайында жүрген қандастарымыздың бәрінің тиесілі еншісі бар ата-жұртта. Оны көркейту, еңсесін биіктету – әр қазақстандықтың азаматтық ісі, парызы. Билік тізгінін ұстағандар да, бағыныштылар да осыны бір сәт естен шығармаулары керек.
Әлихан, Міржақып, Ахмет, Мағжан, басқа да алаштың туын көтерген көсемдеріміз бен көшелілеріміз азаттықты аңсаған, көксеген. Енді алаш арыстары аңсаған бақытқа қол жеткізген дәуірде біздің қателесуге еш қақымыз жоқ. Елбасы осындай жаңсақтықтардан, аяқты шалыс басудан, дүрдараздықтан, «ала қойды бөле қырыққандай» бөлінуден сақтандырады. Қасықтап жинаған дәулетімізді, абырой-беделімізді шөміштеп шашпауға үндейді, үйретеді. Қазақ жерінде небары 17 миллиондай ғана тұрғын бар. Қытайдың бір қаласы – Шанхайға да жетпейді. Ұлан-ғайыр жеріміз, қисапсыз мол байлығымыз бірнеше Қазақстанды асырауға жетеді. Жаратылысынан еңбекқор халықпыз. Жаугершілік, үркіншілік, аштық, төңкеріс, тәркілеу… басымызға қара бұлттай үйірілсе де, соның бәрін қара нардай қайыспай көтеріп, ұлт ретінде сақталып қалған жұртпыз. «Тек мейірімді және дарынды халық қана басына қандай бір күн түспесін, өзінің айбынды, тәкаппар қалпы мен күле білу қабілетін сақтап қалады, – депті В. Даль деген ғұлама.
Ғабеңнің тағы бір ойлы сөзін еске алайын: «Елің үшін мақтан, елің үшін қайғыр». Елім деп егіліп, жерім деп жанашырлық жасау жолында ойы – онға, санасы санға бөлініп, үнемі ат үстінде жүрген Елбасының әр сөзі мағынаға толы. Кемшінімізді сырттан келіп ешкім түзеп бермейді. Жөнге салатын да, түзететін де – өзіміз. Әлемдік саясатқа Қазақ елінің араласып қана қоймай, пәтуалы, кесімді, аталы сөздер айтуы – өркениетті елдердің мойындағанының белгісі. Олардың бірі де бірегейі – Саммит! Мәселе жұмсалған қаржыда емес. Оның орны түгенделер. Азуы ай білеген елдерден маңдайы жарқыраған серкелердің жиналуы Қазақстанды әйгіледі емес пе? Қазақ деген ұлттың бар екенін білетіндер қатары көбейді. Ендігі тілегім, ер Баукең айтпақшы, жерге терін төгіп, халыққа қанын төгіп қызмет етуден аянбайтын азаматтар көбейе бергей. Бүгінде кім-кімге жақсы жұмыс істеу аз, соңынан ізбасарлар тәрбиелеп шығаруды да ұмытпаған жөн. Сонда ғана ұрпақтар арасындағы сабақтастық, үндестік жоғалмайды, жалғасын табады.
Өмір бүгінмен шектелмейді. Ел басындағы ауыртпалық, қиындықтар әлі-ақ өтеді, кетеді. Ол үшін халқымыз жұмылған жұдырықтай бірге болуы керек. Халықты сүттей ұйытатын – ауызбіршілік, ынтымақ! «Бас-басына түйе айдағандай», жан-жаққа ыдырататын – бақастық, көреалмаушылық, күндеушілік! «Бақ қайда барасың?» – деп сұрағандарға «Ынтымаққа барамын!» – деп жауап берген.
Біз бұрын Кеңес одағы дейтін алып елдің құрамындағы бір ғана республика едік. Бүгінде әрқайсысы – бір-бір мемлекет. Өз теңдігіміз өзімізге тиген Тәуелсіздігіміздің 22 жылында экономикалық жағынан да, әлеуметтік жағынан да өзгелерді басып озып, үздік отыздыққа бет алдық. Кездескен кедергілер мен қиындықтарды еңсере білдік. Шырқау биіктікке көтерілдік. Мәдениетіміз, өнеріміз өркендеді.
«Жүйрік уақыт шаршатпай қоймас ақыры», – депті хакім Абай. Ұлы ойшылдың айтқаны рас. Құдіретті уақыт – бәріне төреші. «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын». Президентіміздің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында осылай жазылған. Елбасымыз ұлтты ұйыстыратын, ұлы асуларға жетелейтін Мәңгілік Ел идеясын айқындап берді. Оған жету – өз қолымызда. Үнемі алға ұмтыла отырып қана арманды ақиқатқа айналдыруға болады.
Жақсылық ЫСҚАҚОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.