«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ СОТ ЖҮЙЕСІНІҢ ДАМУЫ

Еліміз жүріп өткен ширек ғасырдың бастауында 1991 жылы 16 желтоқсан күні қабылданған “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық Заңы тұрғаны анық. Бұл маңызды құжат еліміздің демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет құруына жол ашты. Ол кезде көптеген мәселелер шешімін таба алмай жатты. Қазақстанда демократия, нарықтық экономика, ізгілік және әлеуметтік әділеттілік қағидаларына негізделген мүлде жаңа құқықтық жүйе құру үшін терең, кешенді және жүйелі реформаларды жүзеге асыру қажет еді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылдың ақпан айында қабылданған “Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы туралы” Қаулысы сот жүйесін дамытудың басым бағыттарын айқындаған тарихи маңызы зор құжат болды. Сот құрылымы және сот ісін жүргізуді қайта құру, материалдық-процестік заңнаманы түбегейлі өзгерту бағытындағы күрделі жұмыс осылай басталды. Қазақстандық сот төрелігінің тәуелсіздігі 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдумда қабылданған еліміздің Ата Заңында бекітілді. Конституцияға Жоғарғы Сот және жергілікті соттардың барлық судьяларын Президенттің тағайындауы туралы бап енгізіліп, Жоғары Сот Кеңесі мен Әділет біліктілік алқасы құрылды.

1995 жылы 20 желтоқсанда “Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы” Конституциялық заңмен соттар қызметінің негізгі бағыттары айқындалып, тұңғыш рет “сот билігі” деген жаңа термин енгізілді. Сот жүйесін реформалаудың осы кезеңінде бұл бастамалар мемлекет пен қоғам өмірінде соттың рөлін жоғарылатуға, оның беделін көтеруге мүмкіндік туғызды, судьялардың құқықтық қорғалуы айтарлықтай нығайды. Ел тұрғындары өз мүдделерін және барлық дерлік дауларды сот алдында шешу мүмкіндігіне ие болды.

Тәуелсіздік жылдарында сот ғимараттарының материалдық-техникалық базасы жақсарды. Сот бақылауын кеңейтуге қатысты бірқатар прогрессивті нормалар бекітілді. Судьялар тұңғыш рет пленарлық отырыста дауыс беру жолымен судья лауазымына үміткерлерді іріктеу әрі оларды ашық байқау арқылы таңдау, міндетті түрде тағылымдамадан өту талабы енгізілді. Бұл шаралар сот жүйесінің кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Ауыр қылмыстық істерге үкім шығаратын мамандандырылған экономикалық, әкімшілік, әскери, қылмыстық, кәмелеттік жасқа толмағандар істері бойынша соттар құрылды. Сондай-ақ, біздің еліміз ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып алқабилер институтын енгізгенін, қамауға алуды санкциялау соттың құзырына берілгенін де айтып өткен жөн.

Мемлекет басшысы өз қызметінде сот жүйесін дамытуға ерекше басымдық беріп отыр. Елбасының тапсырмасымен 2011 жылы сот істерін уақтылы қарау және санын азайту мақсатында дауларды шешудің баламалы тәсілі – жаңа медиация институты енгізілді.

Заманауи ақпараттық технологиялар сот жүйесінің жұмысына жаңа серпін берері сөзсіз. Сондықтан Жоғарғы Сот енгізген жаңа авторлық жоба – Бірегей автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі арқылы еліміздің барлық соттарында сот істерінің бірыңғай есебі мен мониторингі жүргізіледі. Бұдан кейін одан әрі жетілдірілген “Төрелік” атты заманауи бағдарлама енгізілді. Сонымен қатар, түрлі деңгейдегі соттарды Жоғарғы Сотпен байланыстыруға жол ашқан бейнеконференция бағдарламасының тиімді тұстары да мол. Қазақстан Республикасы сот жүйесінің орталықтандырылған көпсалалы қолжетімді интернет-ресурсы да бүгінгі заманның талап үдесіне сай келеді. Осындай нәтижелі реформалар 2011 жылы Қазақстан Судьялар одағының халықаралық судьялар қауымдастығы сияқты беделді ұйымға толыққанды мүше болуына жол ашты.

Мемлекет басшысы “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында сот жүйесін одан әрі жаңғырту, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, сот билігінің бәсекеге қабілеттілігін, беделін және тиімділігін арттыру секілді жаңа міндеттер қойды. “Заң үстемдігі” бағытындағы тапсырмалар мерзімінде және сапалы деңгейде жүзеге асырылды.

Азаттықтың ширек ғасыры ішінде Қылмыстық, Қылмыстық процестік, Қылмыстық атқарушылық, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстер жаңартылды. Заңнаманы одан әрі ізгілендіру жалғасын тауып жатыр. Бүгінгі күні жазасын өтеушілер санын азайту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Қазір қылмыстық жаза берілетін заң бұзушылықтар қылмыстар және қылмыстық теріс қылықтар болып екіге бөлінеді. Бұл сот төрелігін жүргізуді одан әрі оңайлату және бюрократиялық шараларды азайту, істерді жеңілдетілген өндіріс тәртібінде қарау институтының тиімділігін аңғартады.

Бүгінгі таңда екінің бірі судья бола алмайды. Қара қылды қақ жарып, әділ шешім айтудың жауапкершілігі зор. Сондықтан судья лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар күшейтілді, олардың жас шегі ұзартылып отыр. Бұған қоса, бесжылдық еңбек өтілінің болуы міндетті әрі жаңа сайланған судьяларға біржылдық сынақ мерзімі енгізілді. Осылайша, үміткер заң үстемдігін қамтамасыз етудегі, азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы өзінің маңызды рөлін сот төрелігін жүргізуді бастағанға дейін толық түсінуі тиіс. Солтүстік Қазақстан облыстық сотында арнайы кеңес жұмыс істеуде, судья лауазымына кандидаттардың әрқайсысы міндетті түрде осы кеңестің қарауынан өтеді. Бұл кеңеске үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, беделді заңгерлер мен отставкадағы судьялар мүше. Судьялыққа кандидаттардың тізімі сот органының арнайы сайтына да орналастырылады. Сондықтан кез келген адам судьялыққа кандидат туралы өз пікірін білдіре алады.

Ресми сайтымызда ашылған “Сот кабинеті” қызметін отандық және шетелдік заңгерлер, ел тұрғындары жоғары бағалап отыр. Осы қызмет түрі арқылы сотқа өтініш, шағым және басқа құжаттарды тәулік бойы үйден шықпай-ақ жіберуге болады. Ол үшін компьютер, электронды сандық қолтаңба және интернет болса жеткілікті. Ал қызметті пайдаланушы өз ісі бойынша процестік мерзімді бақылап, шығарылған барлық сот актілерін кез келген уақытта көріп, басып шығара алады. Үстіміздегі жылдың 10 айында сот кабинеті арқылы 1 миллионнан астам өтініш келіп түсті.

Бұған қосымша “Сот процесіне қатысушыларды СМС-хабарламалар және электронды пошта арқылы хабарландыру”, “Сот құжаттарымен таныстыру”, “Сот істерін қарау кестесі”, “Сотқа шақыру” сияқты қызмет түрлерін бірегей 1401 нөмірі арқылы Call-орталығы ұсынады.

Осындай нәтижелі жұмыстар арқылы ел тұрғындарының алдында сот билігінің беделі арта түсті. Бұған дәлел, үстіміздегі жылдың 10 айында Солтүстік Қазақстан облысының соттарында 30000-нан астам азаматтық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып, кейін қайтарылған және мүлде қаралмай қалған, сондай-ақ, қабылданбаған өтініштер саны әжептәуір кеміді. Соның ішінде 1211 іс татуластыру процедураларын қолдану арқылы, яғни 968-і бейбіт келісімге келуге, 227-сі – медиация, 16-сы партисипативті процедура тәртібімен шешілді. Жыл басынан бері 1813 қылмыстық іске нүкте қойылды. Татуласуға байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босату бойынша қаралған істер саны 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 185-ке өсті. Жазалау практикасы 2,3 пайызға кеміді. Жазалаудың баламалы түрлерін қолдану көрсеткіші 68,6 пайызды құрап, 2,2 пайызға артты.

Облысымызда татуластыру ресімдерін одан әрі кеңірек насихаттау мақсатында Солтүстік Қазақстан облыстық соты облыс әкімдігімен құқықтық дауларды тиімді шешу үшін татуластыру ресімдері институтын дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Шалғай аудан және ауыл тұрғындарының татуластыру процедураларына еркін қол жеткізуі үшін жергілікті әкімдік ғимараттарында медиация кабинеттері ашылды. Ал Петропавл қаласындағы медиация кабинеті Достық үйінде орналасқан. Сонымен қатар, дауды партисипативті түрде шешу еліміз бойынша алғаш рет Солтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында жүргізілді.

Қазақстан Республикасы судьяларының кезектен тыс VII съезі сот жүйесін одан әрі жетілдіруге жаңа серпін берері анық. Ал бұл жиынға Мемлекет басшының қатысуы съездің маңызын одан бетер арттыра түседі. Президенттің әр съезде сөйлеген сөздері сот жүйесінің тиімділігін, сот шешімдерінің әділеттілігін, судьялардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Өткен алты съездің барлығында да қоғамның соттарға сенімін арттыру, олардың кәсібилігін, тәуелсіздігін, әділдігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

1996 жылы өткен алғашқы съезде Мемлекет басшысы судьяларды елде жүргізіп жатқан реформалардың байыбын жете ұғынып, барынша қолдау көрсетуге шақырған еді. Мәселен, соттар бұған дейін азаматтарды жеке кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін қатаң қылмыстық жазаға тартып келсе, енді оларға мемлекет тарапынан қолдау күшейді. Сондай-ақ, алғашқы судьялар съезінде Судья әдебінің кодексі қабылданып, Қазақстан Республикасы судьяларының одағы құрылған болатын.

Жиырма бес жылда жүріп өткен жолды ой елегінен өткізсек, Мемлекет басшысының озық идеялары мен жан-жақты қолдауы сот жүйесіндегі реформалардың табысты жүзеге асуының кепіліне айналып отырғанына көз жеткіземіз.

Барлық маңызды халықаралық рейтингтер бойынша еліміздегі сот жүйесінің көрсеткіштері өсті. Нақтырақ айтар болсақ, “Сот тәуелсіздігі” индексі бойынша 86-шы орыннан 72-ге көтерілдік. Халықаралық үкіметтік емес “WorldJusticeProject” ұйымының құқық үстемдігінің әлемдік рейтингінде 6 тармақ бойынша көрсеткішіміз жақсарды. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша “DoingBusiness – 2016” рейтингінде “Келісімшарттарды орындауды қамтамасыз ету” индикаторында Қазақстан өзінің өткен жылғы рейтингін әжептәуір арттырды.

Алдағы VII съезде судьялардың Әдеп кодексі қабылданатын болады. Фемида қызметкерлерінің моральдық-адамгершілік бейнесіне әрдайым жоғары талап қойылады. Сондықтан бұл жоба Қазақстан Республикасының Конституциясына, “Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы” Заңға, Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясына, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактқа, Судьялар мінез-құлқының Бангалор қағидалары деп аталатын халықаралық стандарттарына сәйкес жасалды.

Сот жүйесіндегі реформалардың жетістіктері, ауқымдылығы мен қарқыны жөнінен посткеңестік кеңістікте Қазақстанға теңдесер ел жоқ. Дер кезінде жүргізіліп жатқан маңызды реформалардың нәтижесінде жалпы құқық тәртібі жүйесі жақсарып, сот төрелігі бұрынғыдан да ашық, әділ, жедел және қолжетімді бола түсері сөзсіз.

Ерлан АЙТЖАНОВ,

Солтүстік Қазақстан облыстық

сотының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp