«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘУЕЛСІЗДІК. КЕЛІСІМ. БОЛАШАҒЫ БІРТҰТАС ҰЛТ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының “Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт” атауымен кезекті ХХІV сессиясы болып өтті.

“Мәңгілік Елге” апаратын басты құндылықтар, міне, осылар. Оған еліміздің барлық өңірінен Ассамблея мүшелері қатысты. Қоғам және мем­лекет қайраткерлері, түрлі этностардың ұлттық киім­дерін киген этномәдени бірлес­тіктер өкілдері, орден-ме­дальдарын жар­қыра­тып тағып алған ардагер­лер, еліміздің саяси-эконо­микалық, мәдени, спорттық өмі­рін­дегі танымал тұлғалар сарай­дың ішін жайнатып жібергендей болды.

Сессияға, оның жұмысына шақырылған қонақтарды қоса алғанда, 1500-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Парламент депутаттары, орта­лық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлес­тік­тердің, үкіметтік емес ұйымдар­дың басшылары, жоғары оқу орын­дарының ректорлары, шетелдер­дің дипломатиялық миссияла­ры, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері болды.

Сағат тура 11.00 болғанда залға Елбасы, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп кірді. Сессияның жұмысын бастау­ға бірден кіріскен Мемлекет басшы­сы 446 Ассамблея мүшесінің 427-сі қатысып отырғанын жет­­кізіп, қажетті кворум бар бол­ған­дықтан, ХХІV сессияның жұ­мысын ашық деп жариялады. Мемлекеттік Әнұран орындалып бол­ған соң төралқада отырған Қа­зақстан халқы Ассамблеясы Төр­ағасының орынбасары, ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов баяндама жасау үшін сөзді Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.

Жиналғандар алдында сөйле­ген Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқы Ассамблеясы біздің Тәуелсіздігіміздің ұлы құнды­лық­тарының бірі екенін атап өтті.

– Біз достықты қазақ­стан­дықтар­дың барлық буынының бас­ты игілігі ретінде сақтай білдік. Біздің бірегей жолымыз – тең құ­қық­тылық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бір­лігі мен келісімі халықтың тілек-қалауымен таңдалды. Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік жемісі. Ассамблея кез келген сын-қатер төнген кезде және Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде әрдайым биіктен табылды. Оның тарихында біздің ұлттың өрлеу дәуірінің кезеңдері мен нақты нәти­желері көрініс тапқан, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан Прези­денті Ұлт жоспарын жүзеге асырудың алғашқы қорытын­ды­лары туралы айтты.

– Бірнеше айда 59 заң әзір­леніп, қабылданды және күшіне енді. 400 нормативтік-құқықтық акт бекітілді. Біздегі өзгерістерге қатысты тағы бір тәуелсіз баға жөнінде айта кетейін. Бүкіл әлем мемле­кеттеріндегі реформаларға мони­торинг жүргізетін Дүниежү­зілік банк Қазақстанды 2015 жылы өзге елдермен салыстырғанда мей­лінше көп реформа жасады деп есеп­тейді. Олардың әдістемесіне сәйкес бұл 7 бағыт бойынша 19 ре­форма. Басқаша айтқанда, біз бес емес, жиырмаға жуық маңыз­ды өзгеріс жасадық, – деді Мем­лекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мемлекеттік қызметшілер корпусында Қазақстанның 45 этносының өкілдері бар екенін айтты.

– Біз мемлекеттік аппаратта әрдайым этностық әралуандық болуы үшін бұл жұмысты жал­ғас­тыра беретін боламыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы заң үстем­дігін қамтамасыз ету үшін тілдер туралы заңның толық сақталуы маңызды екенін атап өтті.

– Мемлекеттік органдарға арыз­данушының хат жолдаған ті­лінде ақпарат алу мәселесіне қатысты бұған дейін ескерту жаса­ған болатынмын. Менің тапсырмам бойынша Бас прокуратура бар­лық орталық және жергілікті органдарға тексеру жүргізді. “Ақ­паратқа қолжетімділік туралы” жаңа заң күшіне енген алғаш­қы үш айда мемлекеттік орган­дардың азаматтар сауалына, олар таңдаған тілді ескере оты­рып жауап беру тұрғысында 79 рет заң бұзылған! Соның ішін­де 29 факт түрлі деңгейдегі әкім­діктерде, 50-і министрліктер мен ве­домстволардың аумақтық бөлімшелерінде болған. Бас прокуратура барлық анықталған деректер бойынша заң бұзуды әшкерелеу және кінәлі мемлекеттік қыз­метшілерді тәртіптік жауапкер­шілікке тарту жөнінде ұсыным енгізді. Бұл мәселені барлық мемлекеттік орган басшылары ұдайы жеке бақылауында ұстауға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті “ЭКСПО – 2017” халықаралық ма­ман­­­дан­­дырылған көрмесін өткізу мә­­се­­лесін ескере отырып, елор­даның, Алматы қаласы мен об­лыс­тар­дың әкімдеріне көрнекті ақпа­­раттың жариялануын үш тілде – мем­лекеттік, орыс және ағыл­шын тіл­дерінде қамтамасыз етуді тапсырды.

– Азаматтардың теңдігі мен этносаралық қатынастар тұрақ­тылы­ғы мәселесіне қатысты ұсақ-түйек деген болмайды, болуы да мүмкін емес. Бұл жерде науқаншылдыққа орын жоқ, күнделікті қажырлы жұ­­мыс қажет, – деді Мемлекет бас­шысы.

Нұрсұлтан Назарбаев индус­трияландыру жұмысын жүргізу және экономикалық өсімді қамта­масыз ету, тіпті, әлемдік дағдарыс­тың күшті ықпалына қарамастан, бизнестің дамуына кеңінен жол ашатынына назар аударды.

– Мұны әлемнің мейлінше перс­пективалы 60 елінде жүргізілетін жаһандық бизнес мониторингі мәліметтері көрсетіп отыр. Оған сәйкес Қазақстан азаматтардың кәсіпкерлік белсенділік деңгейі жөнінен 29-орынды иеленді. Жұмыс орындарын ашу перспективасы бойынша 6-орында. Жалпы еңбек нарығының тиімділігі рейтингінде біздің республика 140 елдің ішінде 18-орынға жайғасқан. Бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасаудың жаһандық рейтингінде біз 189 елдің ішінде 41-орынды иелендік. 2016 жылға арналған экономикалық еркіндік индексінде Қазақстан 178 мемлекеттің ішінде 68-орында тұр. Біз “Нұрлы Жол” мемлекеттік бағдарламасын, бизнесті дамыту және жұмыспен қамту жол картасын жүзеге асырып, фермерлерге көмектесіп келеміз. Мұның бәрі азаматтарымыздың болашағына, лайықты жұмыс және жоғары өмір сапасы тұрғысынан сенімді болуы үшін жасалуда, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Бес инс­титуттық реформаның тағы бір бағыты – есеп беруші мемлекет пен ашық үкімет қалыптастыру ая­сында қазақстандықтар үшін мем­лекеттік органдардың шешім­дерін талқылау, қабылдау және орындау барысына қатысу мүмкіндіктері кеңейе түсетінін айтты.

– Олардың жанында үкіметтік емес ұйымдармен қатар Қазақ­стан халқы Ассамблеясының өкіл­дері белсене қатысатын қоғам­дық кеңестер құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сыбайлас жемқор­лық пен шенеуніктердің ысырап­шыл­дығына қарсы ең сенімді тосқауыл – азаматтық бақылау. Біз бұл бағыттан таймаймыз. Бірақ бұл да азаматтық қоғам үшін маңыз­ды сәт. Оның қоғамдық кеңестер жұмысына қатысуы бастама­шылдық, кемелдік және азаматтар алдындағы жауапкершілік қағи­даттарына негізделуі тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті халық­қа мемлекет жүргізіп жатқан түсін­діру жұмыстарының жеткілік­сіздігін айтты.

– Мектептегі білім беру саласында, соның ішінде бескүндікке, үштілділікке өту бастамалары үлкен талқылауларға түрткі бол­ды. Егер біз балаларымыз бен бүкіл еліміздің болашағын ойлай­тын болсақ, мұндай өзгеріс­тер білім беру сапасын арттыру үшін қажет. Бірақ бәрі де тиянақты қарастырылғаннан кейін қа­был­дануға тиіс. Мектеп мәселесі әр отбасыға қатысты, сондықтан бар­лық пікір ескерілуі тиіс, мұн­да жөнсіз сынақ жасауға болмайды. Жалпы бұл ақпараттық жұ­мыстағы олқылықты көрсетеді. Халыққа реформаның мәні жете түсіндірілмеген, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев соңғы кездері Қазақстанның жерін шетелдіктерге сату туралы жалған ақпараттың таратылуы салдарынан жер мәселесіне қатысты алаңдаушылық көбейгенін айтты.

– Мұның шындыққа жанаспайтыны бірнеше рет түсіндірілді. Тағы да айтқым келеді – ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және компанияларына сату туралы мәселе жоқ, талқыланбайды да. Бұл тақырыптың төңірегіндегі алыпқашпа әңгіменің бәрі негізсіз. Біздің мақсат – ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жекеменшігіне жер алу мүмкіндігін беру. Егер олар жерге иелік ететін болса, оны күтіп-баптап, қадірлейтін бола­ды. Жер – ата-бабамыздан мұ­раға қалған біздің басты бай­лығымыз. Қазақстанның 14 мың шақырымнан астам мемлекеттік шекарасын ресімдеу үшін мен көрші елдердің басшыларымен 8 жыл бойы келіссөз жүргіздім. Осы­ның бәрі жеріміздің тұтастығын қамтамасыз ету үшін жасалды. Мен азаматтарымыздың осы мәселені көтергеніне қуаныштымын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қор­ғайтынын көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет бас­шысы Қазақстан халқы Ассам­блея­сы жаңа функциялық бағыт­тар­ды өз мойнына алғанына тоқталды.

– Қайырымдылық қызмет туралы жаңа заңда ҚХА-ға меценат­тар қоғамдастығының басты үй­лес­тірушісі қызметін атқару бекітіліп берілді. Тарихта бірінші рет қайырымдылық ұйымдарының, меценаттар мен донорлардың республикалық съезі өткізілді. “Үлкен ел – Үлкен отбасы” жобасы мен Ассамблея жылы аясында 400 мыңнан астам қазақстандыққа қайтарымсыз көмек көрсетілді. Балалар үйлерінің 7800 тәрбие­ленушісі мен жетім балалар үшін жалпы құны 5 миллиард теңге болатын білім беруге арналған есепшоттар ашылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бүкіл ел бойынша 1993 қоғамдық келісім кеңесі және 820 аналар кеңесі құ­рылғанын атап өтті. Олар халық­тың нақты мәселелерін шешумен, жергілікті деңгейде және ұжымдарда қақтығыстардың алдын алумен айналысады.

Ассамблея қызметінің тағы бір бағыты – даулы мәселелерді сотқа дейінгі тәртіппен шешетін медиаторлар желісін дамыту.

– Медиация туралы заң қа­был­даған 2011 жылға дейін оған қалай кірісу керектігін ешкім білген жоқ. Ассамблея бастамашылық таныт­қан соң сең қозғалды. Медиа­торлар желісін дамыту соттардың жүктемесін азайтты, құқықтық мәдениет пен қоғамдағы құқықтық сананы күшейтті, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Ассам­блея жұмысындағы қоғамның бар­лық әлеуметтік қырын қамтитын өзге де негізгі бағыттарға тоқталды.

– Мемлекеттік рәміздер туралы заң күшейтілді, бұл олардың қазақстандық патриотизм атрибуттары ретінде азаматтардың қол­дануы аясын кеңейтті. Отба­сылық қарым-қатынастарды, мораль­дық-этикалық және рухани құн­дылықтарды нығайту жөніндегі жалпыұлттық жос­пар жаң­ғыртылды. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ілге­рі­лету жөніндегі жалпыұлт­тық жоспар жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпқойлар лигасы жобасының мәні зор. Оның аясын­да Дүниежүзілік банктің атсалы­суымен өңірлерде жұмысшы мамандықтары бойынша мамандарды алдын ала даярлаудың 15 ресурстық орталығы құрыл­ды. Білім мен ғылымды дамы­тудың 2019 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабыл­данды, үш тілде білім берудің Жол картасы жүзеге асырылуда. “Ұр­пақ плюс” жобасын, жастар саясаты тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру жалғасуда. Туризм мен спортты дамыту тұ­жы­рымдамасы бекітілді. БАҚ-ты жаңғырту үдерісі басталды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы қомақты қаражат жұмсауды талап етпейтін ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.

– Оның инновациялылығы, энтузиазмы, жүйелілігі және нақты нәтижеге бағытталғандығы – бұл, сөз жоқ, еліктеуге тұрарлық үлгі. Мен біртектілік пен бірлік жөніндегі жұмыстың алғашқы қорытындыларын бекітемін. Сонымен бірге босаңсуға және біз қоғамда бірлік пен келісімнің биік деңгейіне жеттік деп санауға да болмайды, ал бұл үдеріс енді өз-өзінен жалғасатын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті сессия қо­ры­тындысы бойынша қабыл­дануы жоспарланып отырған “Мәң­гілік Ел” патриоттық актісінің жал­пыұлттық идеяның құжаттамалық пішіні екеніне назар аударды.

– Бұл – қазақстандықтардың бір­тектілігі мен бірлігінің ауқым­ды да бірегей генетикалық бағдар­ламасы. Акт біздің рухани құн­ды­лықтарымыз бен ұмтылыс­тарымыздың негізгі форматын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге тиіс. Онда экономика мен саясаттың, мораль мен діннің мәселелері, Қазақстанның жаһандық әлемдегі орны жөніндегі көзқарастарымыз бір арнаға тоғыстырылған. Бұл құжатқа қатысты екі жыл бойы қызу қоғамдық жұмыс жүргізілді. Ол Қазақстан халқы Ассам­блея­сының барлық буынында, ғылыми ортада, саясаткерлер, кәсіпкерлер, мәдениет қайраткерлері арасында жан-жақты талқыланды. Былтыр Республикалық патриоттар форумында оның жобасы мақұлданды, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев “Мәңгілік Ел” патриоттық актісінде хал­қы­мыз қалыптастырған және өз жан-жүйесінен өткерген басты жал­пы­ұлттық құндылықтар, мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың Қа­зақстанның тағдыры мен оны дамыту, өркендету жолындағы өзара жауапкершілігі нақтыланғанын айтты.

– Патриоттық акт қабылдай отырып, біз бүгінгі өмірімізде орны бар және бәріміз үшін қас­терлі нәрселер мен болашақ Қазақстанның барлық дәуірінде өмірлік маңызы зор және бағалы болатын дүниелер арасында берік көпір саламыз. Біз жаңа белестерге қарай ілгері басқан қадамымыздың дұрыстығын компаспен тексергендей, патриоттық акт арқылы анықтайтын боламыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы пат­риот­тық актінің жасампаз идеяларын қоғамда орнықтыру жөніндегі бірқатар шараларды іске асыру қажеттігін атап өтті.

– Үкімет Ассамблеямен бір­лесіп, әрбір қазақстандықтың жү­регіне жол табатын кең ауқымды түсіндіру жұмысын жолға қойғаны жөн. ҚХА Хатшылығы Мәдениет және спорт министрлігімен, Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, патриоттық акт жөніндегі әдістемелік құралдар дайындауы қажет. Олардың негізінде ұлттық компаниялар, кәсіпорындар, мекемелер мен оқу орындары ұжым­дарындағы жұмысты жолға қою керек. Ассамблеяға монито­ринг жүргізіп, қазақстандық біртек­тілік пен бірлікті нығайту тұжырым­да­масын жүзеге асыру туралы баян­дамалар дайындау міндеті жүкте­леді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Тәуел­сіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт ұғымдарының қазақстандық арманды жүзеге асыратын бір-бірімен өзара байланысты ұғымдар екеніне назар аударды.

– Өмірден арман туындатып, арманнан шынайы болмысты сомдау керек. Жалпыұлттық арманымызды біз осылай жүзеге асырамыз. Қуатты, лайықты және мәңгілік мемлекет туралы арманымызды. Кең-байтақ, сүйікті және киелі жерімізді көркейту туралы арманымызды. Ұлы Дала елі кеңістігіндегі зәулім аспанмен ас­тасқан шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүретін бақытты және бейбіт халқымыз туралы арманымызды. Мен бүгін Ассамблея сапына оны бұдан жиырма жыл бұрын менімен бірге құрысқан және бастапқы тарихи сессиялары мен шешімдерін әзірлескендердің есейген балалары қосылып жатқанын көріп тұрмын. Бұл – қазақстандықтардың ұрпақ сабақтастығының айқын айғағы, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев баршаны алда келе жатқан Қазақ­стан халқының бірлігі күнімен құт­тықтап, бақыт пен игілік және табыс тіледі.

Сессия барысында Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңе­сінің мүшесі, “Беларусь мәдени орталығы” қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Леонид Николаевич Питаленконы және ҚХА Кеңесінің мүшесі, Қазақстан өзбек­тері қоғамдық бірлестіктері “Дуст­лик” қауымдастығының құр­мет­ті төрағасы Розақұл Халмұрадовты этно­мә­дени бірлестіктерден Ассам­блея Төра­ғасының орынбаса­ры етіп таға­йындау туралы өкімге қол қойды.

Жиын соңында Ассамблеяның XXIV сессиясының қорытындысы бойынша “Мәңгілік Ел” жалпы­ұлттық патриоттық актісі жария етілді. Осымен Қазақстан халқы Ас­самблеясының XXIV сессиясы өз жұмысын аяқтады.

(“Егемен Қазақстан”,

27 сәуір 2016 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp