Петропавл қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған «Өркендеген елдің ұрпақтары» атты кездесу кеші өтті.
Бұл шараға М. Жұмабаев атындағы жоғары гуманитарлық колледждің және М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенттері қатысты.
Кештің қонағы ретінде журналист, жазушы, «Егемен Қазақстан» газетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі, «Бітеу жара», «Күзде гүлдеген алмалар» т.б. он шақты кітаптың авторы Жақсыбай Самрат шақырылды. Сондай-ақ, жас өрендермен кездесуге Желтоқсан оқиғасына қатысқан Айгүл Қазиева, Желтоқсан оқиғасына қатысушының жары Ғалия Балтабаева, “Ұлт тағдыры” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Самат Көпеев келіп, 1986 жылы қанды қырғында ата-бабамыз тәу еткен Тәуелсіздік үшін арпалысқан жалынды жастар жайында оқырмандарға мағлұмат берді. Іс-шара барысында Ермек Жумин, Арайлым Құрақбаева, Құлтай Сағындық Тәуелсіздік тақырыбына арналған өлеңдер оқыды.