«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘУЕЛСІЗДІК – МАҢДАЙҒА БІТКЕН БАҒЫМЫЗ

Біз өткен тарихымыздағы кейбір ақтаңдақтарды ешқашан естен шығармауымыз керек. Елбасы Жар­лы­ғымен 1998 жыл – “Халық бiрлiгi мен ұлттық тарих жылы”, 1999 жыл “Ұрпақтар бірлігі мен са­бақтастығының жылы” деп жа­рияланып, көптеген мұ­ра­мыз түгенделіп, жоғымыз та­былды. Өткен жылы Елбасының бас­­тамасымен “Халық тарих толқынында” айдарымен та­рих­шы ғалымдардың біраз ең­бектері ел назарына ұсынылды. Бірақ осы қадамдар біздің тұ­тас тарихымызды толығымен тү­­гендеп бере алған жоқ. Ал биылғы жыл ұрпақ жадында сақ­талған салиқалы ойдың қайта жаң­ғырар тұсы болатын сияқ­ты. Себебі, Елбасы биылғы Жолдауында 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы кең ауқымда тойланатынын тайға таңба басқандай қылып айтты. Содан бері төл тари­хы­мыз­дың беймәлім болып келген тұстары өскелең ұрпақтың на­за­рына ұсынылып, бұл олардың ел­жандылығы мен отансүй­гіш­ті­гі­н дамытуға бағытталды. Ал Астана төрінде өтіп жатқан Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты шараның әдебиетіміз бен мәдениетіміз үшін өзіндік орны бар. Елбасы алқалы жиында: “Тек өткен тарихымен ғана мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр. Әр буын өкілдері ата-баба даңқына даңқ қосып, абыройын арттырып, бүкіл дүниежүзі алдында беделін биіктете білген елдің ғана болашағы жарқын”, – деді. Көңілге қонатын даналық сөздер.

Са­хара сұлтандары Керей, Жәнібек, одан Абы­лай сынды ақиыққа, Кенесарыға дейінгі көк­түрік қанынан ұйыған ба­тыр­лық­тың желісі үзілмей бү­гін­гі­мен сабақтасты. Батыр бабаларымыз ұлан-ғайыр жерді шашау шығармай, бүгінгі ұрпаққа аманаттады. Бұл – ешқашан ұмытылмайтын ерлік. Сондықтан Қазақ хандығының 550 жылдығына тәу етудің еш артықтығы жоқ.  

Ғалия БЕКТАСОВА,

Қызылжар аудандық

мұрағатының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp