
Ең басты мерекеміз күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Береке” шағынауданындағы 5-ші Сенной көшесі, 71 мекенжайында 72 пәтерлік бесқабатты жалгерлік-коммуналдық тұрғын үйдің кілттерін салтанатты жағдайда табыс етіп, пәтер иелерін баспаналы болуларымен құттықтады.
Бұл үйдің құрылысын бұған дейін Тұңғыш Президент күні мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығын пайдалануға берген “Альфа-Север” ЖШС (директоры Андрей Капустин) жүргізді. Аталмыш үйде 24 – бір бөлмелі, 48 екі бөлмелі пәтер бар.
– Елбасы тапсырмасына орай өңірімізде “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” мемлекеттік бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Тұңғыш Президент күні осы шағынауданда аталмыш бағдарламаның “Жас отбасы” бағыты бойынша 84 пәтерлік 2-3 қабатты төрт тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгін еліміздің басты мерекесі күні 72 отбасы баспаналы болып отыр, – дей келіп Ерік Хамзаұлы қуаныш иелерін баспаналы болуларымен құттықтады және жетім санатындағы жеке кәсіпкер Андрей Шамакқа, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің фтизиатр дәрігері Динара Кәрменоваға, “ЕС-164/6” мекемесінің бақылаушысы Қуаныш Жандосовқа, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ әскери кафедрасының аға оқытушысы Юрий Гранковскийге, Чернобыль АЭС апаты салдарын жоюға қатысушы Кенжебай Айсинге, “БЭСТ” гимназиясы директорының орынбасары Ольга Ломзоваға пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыс етті.
Салтанатты рәсімнен кейін өңір басшысы Ерік Сұлтанов пен Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов Ұлы Отан соғысының ардагері Рауф Хасанов пен жетім санаты бойынша екі бөлмелі баспанаға қол жеткізіп отырған Любовь Еньшинаның пәтерлерінде болып, олардың қуаныштарына ортақтасты.
– Жұбайым Александр “Келешек – 2004” ЖШС-де электрші болып еңбек етеді. Отау құрғанымызға биыл он жыл толады. Ұлымыз Михаил – 9-да, қызымыз Эвелина – 4 жаста. Өзім Борькидегі кәсіптік-педагогикалық колледждің 3-курсында оқимын. Елбасы мен Сізге деген алғысымыз шексіз. Өте қуаныштымыз, – деді облыс әкімін өз отбасында қарсы алған Любовь Еньшина.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне басқа ұлт өкілдері ішінен алғашқылардың бірі болып түсіп, облыс әкімінің шәкіртақысымен оқыған, өңірімізге жұмыс сапарымен келген Елбасын мемлекеттік тілде құттықтап, ақ батасын алған, бұл күндері Петропавлдағы №26 мектепте өз мамандығы бойынша жемісті еңбек етіп жүрген Людмила Милютина да жаңа пәтер алғандардың ішінде болып шықты.
– Аталмыш мектепте дене тәрбиесінен сабақ беретін жұбайым Ринат Тагиров екеуміз екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Отбасын құрған 9 жылдың ішінде жалдамалы 14 пәтер ауыстырыппыз. Баспананың тауқыметін көрудей-ақ көрдік. Бәрі бір күнгідей өте шықты дей алмаймын. Баспаналы болғанымызға өте қуаныштымын. Еңбек ететін жеріміз де бұл жерден қашық емес. Енді тасжолмен қатынайтын боламыз,– дейді Людмила әдеттегідей ақжарқын кейпімен.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
Петропавл қаласы.