«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘУЕЛСІЗДІК — ТАРИХТЫҢ ТӨЛ ТАРТУЫ

Облыс орталығындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде “Тәуелсіздік – тарихтың төл тартуы” атты республикалық пікірсайыс турнирі басталды. Шараның салтанатты ашылуына облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Ирина Тухватулина, Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Нұрғали Елшібеков қатысып, үміткерлерге сәттілік тіледі.

– Біздің ата-бабаларымыз азаттық үшін аянбай күресті, бастарын бәйгеге тігіп, елдің тыныштығын, жердің амандығын қасық қаны қалғанша қорғады. Еліміздің еңсесін тіктеген егемендікті, бабаларымыздың асыл арманын көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Тәуелсіздіктің төл перзенттері ақыл-парасатымен, шешендігімен, ұтқырлығымен ерекшеленіп тұруы қажет, – деді Нұрғали Рақымұлы.

Содан кейін қатысушыларға сайыстың шарттары түсіндірілді. Пікірсайыс турнирінде өңіріміздің бірқатар аудандарының және Астана, Семей, Көкшетау қалаларының үздік 17 командасы бақтарын сынады. Пікірсайысшылардың негізгі мін­деттері – тәуелсіздік жылдарында еліміздің жеткен жетістіктерін, алдағы мақсаттарын, халықаралық қауымдастықта алатын рөлін талқыға салып, түсініктерді ке­ңейту болды. Оларға еліміздің егемендік жолындағы қилы тағдырлары, азаттық үшін жандарын пида еткен бабалар тағылымы, “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық идеясы сияқты тағы да басқа тақырыптар ұсынылды. Екі күнге созылатын сайыстың қорытындысында жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылмақ.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp