Баһадүр бабаларымыз бен арда арыстарымызға арман болған егемендік – бүгінгі ұрпақтың маңдайына біткен бақ. Ұлық мереке – Тәуелсіздік күніне орай Петропавл қаласындағы теннис орталығында салтанатты жиналыс өтті.
Ортаға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы әкелініп, Гимні орындалған соң мерекелік шараның шымылдығы түрілді. Толқынысқа толы осы бір сәтте оң қолын жүрек тұсына қойған қалың жұртшылықтың санасында тәуелсіздік жайлы небір ойлар сайрап жатты. Иә, уақыттан асқан жүйрік бар ма? Тәуелсіздіктің ақ таңының арайлап атқанына да, міне, 27 жыл болып қалыпты. Кәрі тарихтың көзімен қарағанда, бұл уақыт тым аз көрінгенімен, егемен еліміз үшін ерекше қымбат. Өйткені, бұл – жас мемлекеттің қалыптасуы мен дамуының, шыңдалу мен ширығуының 27 жылы. Бұл жылдардың ішінде жас елдің буыны бекіп, бұғанасы қатты, төрткүл дүниеге аты мәшһүр болды. Азуын айға білеген алпауыт елдермен терезесі теңелді. Қазақстанның бүгінгі таңдағы жетістіктері мен жеңістерінің барлығы, әрине, Тәуелсіздіктің арқасы екені сөзсіз. Сондықтан шынайы азаттықтың дәмін татқан барша қазақстандықтар қастерлі күннің қадірін жақсы біледі. Мұны салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Құмар Ақсақалов та ерекше атап айтты.
– Барша солтүстікқазақстандықтарды ел тарихындағы елеулі күнмен құттықтаймын! Еліміз үшін егемендіктің құны ерекше қымбат. Бүгінгі ұрпаққа кең-байтақ даламыз, айдын көлдеріміз, көк ормандарымыз, асқар тауларымыз мирас болды. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін көтеруге, еліміздің тыныштығын сақтап, өркендеуіне ерекше үлес қосқан, оны айдай әлемге танытқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Бұл күн – ұрпақтардың ұлы арманы орындалған ордалы тойы, мерейлі де мәртебелі мерекесі. Тәуелсіздік – халықтың жалғыз бақыты.
Тәуелсіздік пен теңдік, азаттық пен елдік қай халық үшін де дәмі балдай, мәртебесі таудай асыл ұғымдар болып саналады”, – деген болатын. Расында да, мыңжылдықтар тоғысар тұста тәуелсіздік таңын көру бақыты бүгінгі қазақстандықтардың маңдайына бұйырды, – деген Құмар Іргебайұлы еліміз бен өңіріміздің егемендік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріне де тоқталып өтті.
Салтанатты сәт үстінде өңір басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметке сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Атап айтқанда, “Атамекен-Агро” АҚ-ы басқармасының төрағасы Кинталь Исламов пен “Дайындық” ЖШС-нің директоры Біржан Шәймерденовтің кеудесіне “Парасат” ордені тағылса, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаевқа, кардиологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі Михаил Телюкке, “Анар” шаруа қожалығының жетекшісі Қайырбек Хамзинге және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернатының директоры Николай Хованскийге “Құрмет” ордені табысталды. “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ның токарі Сергей Баёв, “Агрофирма Қызылту-НАН” ЖШС-нің механизаторы Қанат Иманқұлов, “Бабық-Бұрлық фирмасы” ЖШС-нің механизаторы Санат Нұрманов ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы” орденімен марапатталса, “Шапағат” медалін Кішкенекөл орта мектебінің мұғалімі Баян Сәтімова мен Явленка орталық аудандық ауруханасының учаскелік дәрігер-терапевті Инна Васькова иеленді. Түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген 26 жерлесімізге “Ерен еңбегі үшін” медалі мен “Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы” бұйырды. Ал танымал киноактриса, Канн фестивалінің жеңімпазы Самал Есләмоваға “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағы берілді.
Бұдан соң салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері жұртшылықтың назарына “Дауылпаз баба – Қожаберген” қойылымын ұсынса, жергілікті өнерпаздар ән мен биден шашу шашты. Концерттің ерекшелігі – онда киноактриса Самал Есләмова мен белгілі спортшы Маргарита Мұқашева – Абайдың “Желсіз түнде жарық ай”, ал кішкентай әншіміз Әмина Жапар “Қазағымсың” әндерін орындады. Әсіресе, эстрада жұлдыздары – Мәдина Сәдуақасова мен “Тенгри” вокалдық-инструменталдық тобының орындауындағы әндер тыңдарманның құлақ құрышын қандырғаны сөзсіз. Жиын соңында өнерпаздарға облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан ықылас гүлі табыс етілді.
Еліміздің Тәуелсіздігі күні орталық алаңда қалалық Мәдениет үйі мен облыстық филармония ұжымдарының ұйымдастыруымен “Біз азат елде тұрамыз” тақырыбында мерекелік концерт болып өтті. “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің орындауындағы “Бала Ертіс” күйімен шымылдығы түрілген сахна төріне “Балқадиша” әжелер ансамблі, “Сладка ягода”, “Қызылжар” ансамбльдері, “Курс”, “Айнар”, “Лаула” топтары, “Жерұйық” триосы, “Звонница” хоры алма-кезек көтеріліп, жырдан шашу шашты. Әсіресе, Нұрсұлу Ахметжанованың орындауындағы “Атамекен” және “Қазақ елі”, Жанат Алпысбаева әуелеткен “Көк тудың” желбірегені, Мұхит Ахметовтың патриоттық әндері делебені қоздырып, отансүйгіштік рухты оятқандай болды. Мың бұралған бишілер өз өнерімен тәнті етті.
С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ұжымы “Тәуелсіздік – бабалардың арманы” атты мерекелік концерт өткізгенін де айта кеткен жөн. Бұл күні алдыңғы толқын өкілдері спорттың әр түрінен сынға түсті. “Барс” балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде спорт саласының ардагерлері арасында баскетболдан қалалық турнир ұйымдастырылды. “Қызылжар су” ЖШС-і ұжымы өз ардагерлері арасында волейболдан ашық қалалық біріншілік өткізді. Ал “Жастар” стадионында аға буын өкілдері футбол ойнады.
Орталық алаңда футболдан, күрестен және гимнастикадан, арқан тартудан және эстафетаның бес аталымы бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілері сынға түсіп, жеңіске жеткен “Барыс” командасының мерейі үстем болды. Барлық қатысушыларға қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі әзірлеген сыйлықтар тарту етілді.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, Роза ШӘКЕНОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.