1991 жыл
15 наурыз – Қазақ КСР Президентінің Жарлығымен 22 наурыз халықтық мейрам болып жарияланды.
15 наурыз – Петропавл қаласында облыстық перинаталды орталық ашылды.
14 шілде – облыс тұрғындары 314-ші атқыштар дивизиясының құрылғанына 50 жыл толуын атап өтті.
17 шілде – “Родон” кооперативі Петропавл маңындағы Мичурин минералды қайнар бұлақ көзі базасында облыста тұңғыш сумен емдеу орнын ашты.
29 тамыз – Қазақ КСР Президентінің “Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы” Жарлығы шықты.
2 қазан – Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров осы күні Байқоңырдан “Союз ТМ-13” кемесімен ғарышқа ұшты.
16 қазан – “Қазақ КСР-нің Президентін сайлау туралы” Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Заңы қабылданды.
20 қараша – облысқа Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев іссапармен келіп, Киров атындағы зауытқа, “Северная” құс фабрикасына, Соколов ауданының “Петропавл” кеңшарына барды. Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында солтүстікқазақстандық сайлаушылармен кездесті.
1 желтоқсан – Қазақ КСР-і Президентінің сайлауы өтті. Сайлау нәтижесі бойынша дауыс беруге қатысқандардың 98,78 пайыз дауысына ие болған Н.Ә.Назарбаев Республика Президенті болып сайланды.
10 желтоқсан – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі “Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы” Заң қабылдады.
12 желтоқсан – “Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылған азаматтарды ақтау туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты.
13 желтоқсан – Ашхабадта Орта Азия және Қазақстан Республикалары басшыларының кездесуі өтті.
16 желтоқсан – “Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы” Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы күні 1991 жылы желтоқсанның 16-сында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін бірінші болып Түркия Республикасы таныды. Оның Тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.
17 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңғыру күні болып жарияланды.
21 желтоқсан – Алматы қаласында бұрынғы КСРО құрамына енген он бір тәуелсіз мемлекеттің басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы Алматы Декларациясына қол қойды. Сөйтіп, ТМД-ға мемлекеттік тәуелсіздік, тең құқылық және егемендік қағидаттарымен кіру туралы шешім қабылданды.
Желтоқсан айының соңында Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасын Тәуелсіз ел ретінде таныды.
(Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің материалдары негізінде дайындалды).