«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘУЕЛСІЗДІК ҰҒЫМЫН ҚАЛАЙ ТҮСІНЕСІЗ?

Серік Айдарбеков, облыстық “Жастар бастамалары орталығының” маманы:

– Біз, жастар, тәуелсіздіктің қасиетті ұғым екендігін қайталап айтсақ та, оны шын мәнінде жанымызбен түсіне бермейтініміз рас. Өйткені, еркіндіктің дүниедегі еш нәрсемен тең келмейтін өлшеусіз құндылығын сезіну үшін толарсақтан саз кешкен заманда өмірге келіп, оның қасіретіне куә болу керек шығар. Ал біздер оны көрмедік. Біздер – арыстан аталарымыз бен бағлан бабаларымыздың мәңгілік мұрат еткен ұлы арманының төл перзенттеріміз, тәуелсіз Қазақстанның азат ұрпақтарымыз. Сондықтан да оның қасиетін періштедей қадірлеп, алпыс екі тамырымыздың ағысымен, жүрек лүпілімен бағалай білуіміз керек. Білгенге бақыттың кілті – сол.

Нұрболат Орынбаев, мемлекеттік қызметші:

– Құдайға шүкір, бүгінде еліміздің әрбір азаматының құқықтары қорғалған. Өз қалаулары бойынша өмір сүреді. Барлық өрен орта мектепте тегін білім алып, одан әрі жоғары оқу орындарында жалғастыра алады. Мемлекетіміз жастардың ізденіп, ғылым жолын қуып, енді біреулеріне өз кәсібін ашып, өмірдің сан тарау сүрлеуіне түсуіне жағдай жасауда. Осындай нығметтің барлығы ел тәуелсіздігінің жемісі деп ойлаймын.

Еңлік Ертоған, студент:

– Мектепте оқып жүргенімізде Тәуелсіздік мерекесін үлкен дайындықпен, білек сыбана өткізетін едік. Ұстаздарымыз да сахналық қойылымдардың кейіпкерлері болып, іс-шараға белсене қатысатын. Мұның бәрі ұлт тарихында ойып тұрып орын алатын, ел санасын сәулелендірген қасиетті ұғымның мәнін, мағынасын өскелең ұрпаққа түсіндіріп, кеңінен насихаттау еді.

Мен еліміз азаттыққа қол жеткізген жылы өмірге келгенмін. Оны ерекше мақтанышпен айтамын. Өйткені, тәй-тәй басып, жиырма бірінші ғасырдың табалдырығын аттаған егемендікпен бірге жасап келемін.

Азаттық жолындағы ержүрек бабаларымыздың еңбегі зор. Тәуелсіздік ұғымын олардың қыршынынан қиылған жауқазын ғұмырларының, білек күштерінің, жүрек сезімдерінің, ұлы армандарының өтеуі деп білемін.

Сауалнаманы жүргізген

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp