
Тәуелсіздік тізгінін ұстағанымызға 23 жыл толғалы отыр. Осынау тарих үшін аз ғана уақыт ішінде қаншама асқаралы асулардан өттік?! Қоғамымыздың құқық қорғау саласының жанды бір бөлігі ретінде прокуратура органдары да тәуелсіздік тұсында қалыптасудың бірталай кезеңінен өтті.
1991 жылдың 6 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің “Қазақ КСР прокуратура органдарының біртұтас жүйесін құру туралы” қаулысы шығып, Қазақ КСР Бас прокурорына бағынатын прокуратура органдарының біртұтас жүйесі құрылды. Осы күн тәуелсіз республикамыздың прокуратурасының төл мерекесі ретінде аталып келеді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы 17 қаңтардағы қаулысымен “Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы” Заңы қолданысқа енгізілді. Соған сәйкес прокуратура Жоғарғы Кеңеске есеп беретін, заңдардың орындалуын қадағалайтын жоғары органға айналды. Осылайша прокуратура органдарының алдына заңның үстемдігін, оның бірыңғай және біркелкі қолданылуын, еліміздегі заңдылық пен құқық тәртібінің бірлігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету міндеті қойылды. Бұл ретте прокуратура органдары өз қызметінде азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін, республиканың егеменділік құқығын, оның саяси және экономикалық жүйесін кез келген қол сұғушылықтан қорғауды мүлтіксіз қамтамасыз етуге тиіс болды.
Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының құрамында 1992 жылға дейін 11 аудандық прокуратура, 2 аудандықтан тұратын 1 қалалық прокуратура болды. Сол жылдары қадағалауды жүзеге асыруда принципті көзқарасты ұстанған облыстық прокуратура жергілікті билік органдарының қызметіндегі көптеген заң бұзушылықтың алдын алып, жойған болатын. Бұған мысал ретінде мемлекеттік органдарға жіберілген прокурорлық қадағалау актілерін алуға болады. 1992 жылдың аяғында облыс прокуроры Е. Сағнаев сол кездегі облыс басшысы В. Гартманның атына аудан әкімдерінің қызметіндегі заң бұзушылыққа қатысты ұсыныс жіберген. Онда аудан басшыларының қабылдаған актілерінің заңнама талаптарына сәйкес келмейтіндігі, азаматтардың құқықтары бұзылғандығы көрсетілген болатын. Сондай-ақ, облыс әкіміне жергілікті әкімдік басшыларының қосымша функцияларды атқару фактілеріне назар аудару керектігі көрсетілген. Сол уақытта салық жеңілдігін берген кейбір аудандық әкімдердің заңсыз әрекеттерінің салдарынан бірнеше кәсіпорынның салық төлеуден 100 пайыз босатылғаны анықталған. Сауатсыз басшылардың жымысқы әрекеттерінен аудандық бюджеттерге жүздеген мың сом салық төлемдері түспей, бюджет тапшылығы сезіліп, бұл өз кезегінде өңірде экономикалық, қаржылық қиыншылықты туғызғаны белгілі болғанды.
Прокуратура органдары тарапынан жергілікті әкімдіктердің жаңа шаруашылық субъектілерін құру және тіркеуге қатысты шағын кәсіпорындардың, қауымдастықтардың, акционерлік қоғамдардың заңсыз әрекеттеріне наразылық келтіріледі.
Сол 90-шы жылдардың басында ведомство қызметкерлері зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнаманың орындалуын да жіті назарға алған. Себебі, кәсіпорындар жабылып, кеңшарлар тарап, жұмыссыздар қатары көбейген уақытта көптеген отбасылар күндерін зейнетақымен көретін.
Тұрмыс тұралаған кезде прокуратура органдары атқарған жұмыстарға талдау жасай отыра, заң бұзушылықтардың дені мемлекет иелiгінен алу және жекешелендiру туралы заңнамаларды қолдану саласында орын алғанын көруге болады.
Жас мемлекеттің экономикалық іргетасын қалау ісі оңайға соқпағаны анық. Сол жылдары шаруашылықтар мен кәсіпорындарда “бартер” тәсілі кеңінен қолданылатын, бұл өз кезегінде лауазымды тұлғалар мен басшылар арасында жағдайды өз пайдасына қасақана пайдаланудың белең алуына әкелді. Енді прокурорлар алдында экономика саласындағы заң бұзушылықтарға жол бермеу міндеті тұрды, себебі дағдарыс белгілері де қылаң бере бастаған еді. 1993 жылдың 1-ші тоқсанында шарт міндеттерін орындамаудың салдарынан келтірілген залалды орнына келтіру мақсатында лауазымды кінәлі тұлғаларға қатысты сотқа жалпы сомасы 735 215 сом болатын 61 талап-арыз ұсынылып, тексеріс материалдары бойынша 7 қылмыстық іс қозғалған.
Тергеу және анықтау өндірісінде азаматтардың құқықтарын сақтау мәселелері прокурорлық қадағалаудың тұрақты назарында болды. Тек 1995 жылдан 1997 жылға дейінгі аралықта прокурорлардың қаулыларымен уақытша ұстау изоляторларынан 224 тұлға босатылды. Бұл фактілердің барлығы – прокурорлардың азаматтардың құқықтарын қорғаудағы принципті көзқарасының айқын дәлелі.
1997 жылғы мамыр айының аяғында Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының құрамына 15 аудандық, 2 қалалық – Петропавл және Көкшетау қалаларының прокуратуралары енгізіледі. Тиісті прокурорлық қадағалауды ұйымдастыруда көптеген қиыншылық туындап, барлық сатыларға, оның ішінде прокуратура органдарына да шағымдар мен арыздардың түсуі көбейді. Бұл экономикадағы жаңа нарықтық қатынастарды енгізу мезгілі еді. Сондықтан да прокуратура органдарына өзінің жұмысын қайтадан құруға, азаматтардың шағымдарын шешу мәселелерімен мұқият айналысуға тура келді.
Зейнетақыны, жәрдемақыны, жалақыны төлеу үшін тағайындалған қаражатты мақсатсыз пайдалануға қатысты заң бұзушылық фактілері бойынша 1999 жылы прокурорлық тексеріс қорытындыларына сәйкес 11 қылмыстық іс қозғалған. Мысалға, облыс прокуратурасы зейнетақыны төлеу үшін бөлінген 8 миллион теңге бюджеттік қаржының коммерциялық құрылымдардың есепшотына аударылғандығын анықтайды. Прокуратура араласқаннан кейін ғана “Веста” коммерциялық құрылымы зейнетақы қорына 2 809 500 теңгені қайтарған.
Мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлердің қызметіне араласуы сол кезде өршіп тұрған болатын. Әсіресе, олар астық жинау науқаны кезінде белсене араласып, бидайды өткізуге тыйым салып отырған. Осыған байланысты облыс прокуратурасы 1999 жылдың аяғында аудандық прокуратураларға басқа құқық қорғау органдарымен бірлесіп, мәміле жасасу, яғни облыс үшін бидайды ақшаға бағалау заңдылығын қадағалау бойынша ұсыныстар берді.
2000-шы жылдардағы қадағалау қызметінің міндеттері азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарына қысым келтірушілікке қатысты заң бұзушылықтарды анықтауға бағытталды. Осы мақсатта заңнаманың барлық саласында тексеріс жүргізілді, маңызды қорытындылар алқа және облыстың құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің отырыстарында қаралды.
Прокуратура ел Президентіне есеп бере отыра, республика аумағында заңдардың, Президент Жарлықтарының және өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң дәлме-дәл әрi бiркелкi қолданылуын қатаң қадағалауды жүзеге асырып келеді. Прокурорлық қызмет жоғары жауапкершілікті талап етеді, себебі прокуратураға күн сайын адамдар өз мәселелерімен келіп, конституциялық құқықтарын қорғау туралы өтініш білдіреді.
Ел тәуелсіздік алғаннан бергі прокуратураның қалыптасуы мен дамуының өткен кезеңдерінен сыр шерте отыра, оның мемлекеттің қалыптасуындағы, демократиялық процестерді дамытудағы, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтудағы рөлін атап өтпеуге болмайды. Бұған негіз ретінде жаңадан қабылданған бірқатар заңнама актілерін – Қылмыстық кодексті, Қылмыстық іс жүргізу кодексін, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті, Қылмыстық-атқару кодексін алуға болады. Жаңа заңнама актілері 2015 жылғы қаңтардың 1-інен қолданысқа енгізіледі. Қабылданған Кодекстер тұлғаны құқықтық қорғау қызметінің басымды бағыттарының біріне айналып отыр.
Сонымен бірге, Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға және Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосуға бағытталған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауы да ведомство қызметкерлеріне жаңа міндеттер жүктеп отыр. Жолдауда көрсетілген шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі облыстағы прокуратура органдарының ерекше бақылауында. Бұл мәселе – қадағалаудың басым бағыттарының бірі. Үстіміздегі жылдың өткен мерзімі аралығында аталған бағытта 19 тексеріс жүргізіліп, 235 заң бұзушылық анықталды. Прокурорлар 96 тұлғаның құқығын қорғап, адалдық жібін аттаған 32 тұлға – тәртіптік, 2 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Облыс прокуратурасы өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен бизнес өкілдерімен өзара тығыз әрекет етуде. Бірлесе атқарылған жұмыс барысында салық қызметінде жіберілген заң бұзушылықтар анықталды. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің өтініштерін жедел қарау үшін прокуратура органдарында құрылған мобильдік топтардың жұмысына да оң баға беруге болады. Кәсіпкерлерден құқық бұзушылыққа қатысты түскен 26 хабардың 14-і дәлелденді. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасын таба бермек. Тексеріс жүргізуге тыйым салған мораторий аяқталғаннан кейін де шағын және орта бизнес жұмысына мемлекеттік органдардың араласуының заңдылығы прокурорлардың ерекше назарында болмақ.
Елбасының жаңа Жолдауын жүзеге асыру бойынша облыстың прокурорлары оның барлық бағыттары бойынша кешенді жұмысты жоспарлап отыр. Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және сумен, жылумен қамтамасыз ету инфрақұрылымдарын жаңарту саласында қадағалау жүргізу ісі бақылауда болмақ. Әсіресе, аталған салаларда мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде заңдылықтың сақталуы ерекше қадағалауды талап етеді. Биылғы жылдың өткен айларында қадағалау актілері бойынша сомасы 690 миллион теңгенің 14 сатып алу қорытындысының заңсыздығы анықталды.
Жолдауда аталған көкейкесті, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бөлінген бюджеттік қаржыны мақсатты пайдалануды қадағалау – прокуратура органдарының басты міндеттерінің бірі.
Қазіргі прокуратураның тағы бір қол жеткізген мәселесі – қалың бұқараға, оның ішінде әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға неғұрлым жақындауы. Бүгінде халық прокуратура саласын қорғанышым деп іш тартады, бір жерден қиянат көрсе, алдымен прокуратураға келеді. Біз де осы сенімнен шықсақ деген ниеттеміз.
Атқарылған жұмыстарды айту оңай. Ал олардың сыртында қаншама қызметкерлеріміздің маңдай тері, ерен еңбегі тұр. Ортамызда өз мамандығына қалтқысыз берілген, адал да абыройлы азаматтар жетерлік. Сөз соңында еліміздің бүкіл прокуратура қызметкерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтап, қиын да қастерлі міндеттерін орындауда әрдайым сәттілік тілеймін!
Степан ЗАЙТЛЕР,
Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.