
Бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздік таңының атқанына 27 жылдан асты. Егемендіктің алғашқы күнінен бастап елдің қоғамдық қауіпсіздігі мен ішкі тәртібін күзету, аса маңызды нысандарды қорғау мемлекетіміздің маңызды мақсаттарының біріне айналды. Өткенді саралап, болашақты бағалау үшін кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұланның тарихына, біздің әскери институттың жеткен жетістігіне тоқталып өткенді жөн көрдік.
Қазақстанның ішкі тыныштығын сақтап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Ішкі әскердің алатын орны ерекше. 1992 жылдың 10 қаңтарында Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасында Қарулы Күштерден алғаш болып Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері құрылған болатын. Сол уақыттан бері әскеріміз еліміздің айбынына айналып, серпінді дамып келеді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары экономика тұралап, өндіріс көздері жабылды. Қысылтаяң уақыттың әсері қорғаныс саласына да ықпал етті. Алайда, бұл қиындықтарға қарамастан, әскерилер өздеріне жүктелген маңызды міндеттерді абыроймен атқара білді.
1997 жылдың наурыз айында Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ішкі әскерінің жоғары Әскери училищесі ашылды. Сол жылы қабылданған “Қазақстан – 2030” Стратегиясының бірінші басымдығы – ұлттық қауіпсіздікті жүзеге асыру болса, бүгінгі күні біздің әскери оқу орнымыз маңызды құжатта белгіленген тапсырмаларды мінсіз орындауда. 2009 жылы әскери оқу орны Ішкі істер министрлігі ішкі әскерінің әскери институты болып аталса, 2014 жылы атауы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери институты болып өзгертілді.
Бүгінгі таңда әскери оқу орны офицер мамандарды даярлайды. Институт құрылғаннан бері 3300 офицер түлеп ұшты. Оның 253-і үздік бағамен тамамдаса, 45 түлекке “Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін” төсбелгісі беріліп, есімдері Құрмет тақтасына жазылды. Олардың біразы лейтенанттық шендерін Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының қолынан алды. Қазіргі уақытта біздің түлектеріміз Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде, Қорғаныс министрлігінде және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдерінде міндеттерін абыроймен атқаруда. Сондай-ақ, көптеген түлектеріміз Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің әскери академияларын тамамдап, бүгінде өзіміздің институт пен елордадағы Ұлттық қорғаныс университетінде ұстаздық етуде.
Біздің әскери институт Қазақстан педагогикалық ғылым академиясының ұжымдық мүшесі болып табылады. Оқытушыларымыздың арасында Ресей әскери ғылым академиясының профессорлары да бар. Жыл сайын әскери институтта Қазақстан, Ресей, Украина және Беларусь ғалымдарының қатысуымен халықаралық конференциялар ұйымдастырылады. Ресей Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің Новосібір, Пермь, Санкт-Петербург әскери институттарымен, Қырғызстан және Тәжікстан Ішкі әскерлер қолбасшылығымен әріптестік байланыс орнаттық.
Соңғы он алты жылдан бері әскери институтта біліктілікті арттыру факультеті жұмыс істейді. Мұнда еліміздің әр өңірінен екі мыңға жуық әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қайта даярлаудан өтті. Бүгінде институттың 20-дан астам оқытушысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталған. Себебі, курсанттарды тәрбиелеп, білім беру ісінде олардың еңбектері өлшеусіз.
Жеке құрам оқудан бөлек, қоғамдық шаралардан да қалыс қалмайды. Атап айтқанда, тәрбиеленушілеріміз жыл сайын әскери шерулерге қатысып, саптық дайындықтың жоғары деңгейде екенін айқын көрсетуде. Бұл – біз үшін зор мақтаныш. Сондай-ақ, институтта офицерлер клубы, ардагерлер кеңесі, жастардың бастамашыл орталығы жұмыс істейді. Оркестр мен әншілеріміз – республикалық конкурс-байқаулардың жүлдегерлері.
Курсанттарымыз бен оқытушылар құрамының спортта қол жеткізген жетістіктері де атап айтуға тұрарлық. Осы орайда, еңбек сіңірген спорт шебері Мирас Бірімжанов, спорт шеберлері Айбек Қырықбай, Әмір Тінәлин, Денис Колесников әлем чемпионы атанып, Қазақстанның атағын төрткүл дүниеге танытты. Айта берсе, мұндай мысалдарымыз аз емес.
Үстіміздегі жылы аға оқытушы Мақсат Нүсіпов Мароккода 35 жастан асқан самбо шеберлері арасында өткен әлем біріншілігінде сәтті өнер көрсетіп, чемпион атанды. Бүгінде жаттықтырушы курсанттарға қазақ күресінен және қоян-қолтық ұрыстан дәріс береді. Әріптесіміздің спорттық мансабындағы ерен еңбегі, жұмыстағы кәсіби жауапкершілігі ескеріліп, оған мерзімінен бұрын подполковник атағы берілді.
Алдағы міндеттер мен жоспарларды орындауға әскери институттың оқытушылары мен офицерлері бар күш-жігерлерін салатынына сенімдімін. Себебі, Ұлттық ұлан – мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігінің ажырамас бөлігі, тәуелсіздіктің қорғаушысы бола бермек!
Бауыржан ӘБЖАНОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскери институтының бастығы, саяси ғылымдардың кандидаты, генерал-майор.