«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН” ПОЙЫЗЫ — ПЕТРОПАВЛДА

 

Қараша айының басында жолға шыққан “Тәуелсіз Қазақстан” пойызы Петропавл қаласына жетті. Сағат түнгі бірде темір жол вокзалына жиналған солтүстікқазақстандықтар халық қалаулыларын, қоғам қайраткерлерін, жеті министрлік және үш ұлттық компанияның өкілдерін көтеріңкі көңіл-күймен, шашу шашып қарсы алды.

Құрметті қонақтарға облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтау сөз арнады.

– Сіздерді ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қарсы алу – біз үшін үлкен қуаныш. Осы жылдар ішінде қазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге тарихи даму кезеңінде үлкен жетістіктерге жетіп, қуатты Қазақстанның іргетасын қалады. Әлеуметтік-экономикалық даму жолында үлкен табыстарға қол жеткіздік. Бүгінгі шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған. Осы жылдар ішінде Елбасының сындарлы саясатының арқасында біздің өңірде бірлік пен келісім салтанат құрған. Халық мүддесіне бағытталған игі істеріңізде сәттілік тілейміз! – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Қадірменді қонақтар, ең алдымен, облыс орталығындағы Достық үйінде қоғамдық қабылдау өткізіп, соғыс ардагерлеріне, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, шалғай ықшам аудан тұрғындарына баса назар аударды.

Шара барысында сөз алған “Тәуелсіз Қазақстан” пойызының штаб жетекшісі, тарихшы Әміржан Әлпейісов шараның маңыздылығына тоқталды.

– Біз “Тәуелсіз Қазақстан” дегенде бірінші кезекте елдің іргетасы ретінде Елбасымыздың алдымызға қойып берген басты міндеті – бірлік пен достық туралы айтуымыз керек. 25 жыл ішінде еліміз көптеген жетістіктерге жетті. Бүгінгі пойыз да Мемлекет басшысының тапсырмаларының аясында ұйымдастырылған және ол негізінен әлеуметтік мәселелерді шешуді басты міндет етіп қойған. Оның құрамында 271 адам бар болса, олардың 72-сі – медицина саласының білікті мамандары. Жолға шыққан 11 күннің ішінде біз 17,5 мың адамды қабылдасақ, олардың 4 мыңы медицина саласы бойынша кеңестер алды, – деді Әміржан Қайырұлы.

Қабылдауда тұрғындар мемлекеттік қордан пәтер алу кезегі, өтемақы төлеу және тағы басқа көкейкесті мәселелерге жауап алды. Мәселен, мүгедек Серікбай Хасанов 11 жылдан бері пәтер кезегінде тұрғанымен, әлі де баспаналы бола алмай жүргенін жеткізді. Керісінше, осы уақыттың ішінде кезегі кейінге шегерілген. Ал облыс орталығының тұрғыны Серік Тұрғынов соңғы жылдары көктем уақытында Маяковский көшесіндегі үйін су басатындығын айтып, көмек сұрады. Ағын судың салдарынан осындағы 30-ға жуық жер үйдің іргетасы жерге шөгіп барады екен.

Петропавлға “Тәуелсіз Қазақстан” пойызының келе жатқанын естіген Виктория Ремба Қызылжар ауданындағы Белое ауылынан арнайы келген. Ол ауылішілік жолдың сапасы сын көтермейтіндігін тілге тиек етіп, көмек көрсетуді сұрады. Оның өтініші жан-жақты талқыланып, нақты жауап берілді. Биылғы жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша аталмыш ауылдың ішкі жолдарын жөндеуге 2 млн. теңге бөлініп, оған қиыршықтас төселіпті. Алдағы жылы бұл жұмыс тағы да жалғасын таппақ. Әрі облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова бұл мәселені өз бақылауына алатындығын жеткізді.

Кейбір тұрғындардың көкейдегі мәселелері оң шешімін тапса, кейбір сауалдың жауабы кейін берілетін болды. Пойыз өкілдері бұл мәселелерді бақылауларына алып, шешімін табуға уәде берді. Делегаттар “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының ғимаратында да әртүрлі әлеуметтік мәселелер бойынша қабылдау жүргізді.

Содан кейін қоғам өкілдері мен жастардың қатысуымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған лекция-таныстырылым өткізіліп, жиын барысында Қазақстанның тарихы мен Ұлы даланың жетістіктері әңгіме арқауына айналды.

Кездесу соңында елордалық меймандар Достық үйінің ұжымына Қазақстан этностарының мәдениеті туралы энциклопедияны сыйға тартты.

Жалпы бұл сапарда медицина қызметкерлерінің еңбегі ерекше болғанын атап өту керек. Өйткені, өңір тұрғындары білікті дәрігерлерге мұқтаж. Кешке дейін облыстық балалар ауруханасында науқастарды қабылдаған республиканың жетекші ғылыми орталықтарынан келген кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, онколог, ортопед-травматолог дәрігерлер сан-салалы көмек көрсетіп, ауруына ем іздеген тұрғындарға кеңестер берді.

Балаларды қабылдаған офтальмолог Алтынбек Медеттің айтуынша, келген науқастарға республикалық және ұлттық клиникаларға жолдама берілуде. Жалпы осы күні түрлі аурумен сырқаттанатын үш жүзге жуық солтүстікқазақстандық денсаулық сақтау саласы білгірлерінің қабылдауында болған.

– Мақсатымыз – шалғай елді мекендердегі жоғары білікті мамандарға қол жеткізе алмай жүрген науқастарға кеңес беру. Нәтижесінде дұрыс диагноз қойып, ем-дом шараларын жасап, олардың болашақта қоғамның толыққанды мүшесі болуына септігімізді тигіземіз деп үміттенеміз, – деді Алтынбек Айдарбекұлы.

Түс ауа қадірменді қонақтардың қатысуымен Жастар сарайында ауыр кеселге шалдыққан петропавлдық бүлдіршіндер – Артур Куриев пен Иван Зологиннің еміне қаражат жинау мақсатында “Жақсылық жаса” қайырымдылық акциясы өтті. Астаналық “Ахыска” түрік этномәдени орталығының төрағасы Аскер Пириев шара барысында жиналған жарты миллион теңгеге жуық қаражатты науқас балалардың ата-аналарына табыстады. Бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табады.

“Тәуелсіз Қазақстан” пойызы “Samruk Kazyna Trust” әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен ұйымдастырылғанын атап өткен жөн. “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ кадр және әлеуметтік жұмыс басқармасының басшысы, “Тәуелсіз Қазақстан” пойызының жетекшісі Руслан Барбасовтың айтуынша, 43 күнде 35 елді мекенге тоқтайтын бұл пойыз елімізде тоғызыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұған дейінгі “Мәңгілік Ел” пойызы 34 күнде 33 елді мекенге тоқтап, 60 мыңнан аса адамды қамтыған болатын. Ал қалың бұқараның қамын ойлап, қордаланып қалған кейбір мәселелерді оңынан шешуді ойластырған республикалық акция желтоқсан айының 14-і күні Алматы қаласында түйінделеді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp