Петропавл қалалық соты облыс орталығындағы “Блюз” мейрамханасының маңында адам өлтірді деп айыпталған Қажымұрат Айып пен Әкімбай Садыбековке қатысты үкім шығарды.
Облыстық полиция департаментінде жүргізуші болып жұмыс істеген Қажымұрат Айып төбелес орын алардан бір күн бұрын өз еркімен қызметтен кеткен екен. Ал Әкімбай Садыбеков еш жерде жұмыс істемеген. 1995 жылы туған күдіктілер осыған дейін сотталмаған. Айыптау материалдарына сүйенсек, өткен жылдың тамыз айында мейрамханаға барған олар спирттік ішімдік ішкен. Би алаңында олар марқұм Александр Трубниковпен тілге келіп қалады. Әкімбай Садыбеков оған далаға шығуды ұсынады. Марқұмның бас тартқанына қарамастан, оны күштеп алып шыққан күдікті мекеме күзетшілерінің және келушілердің көзінше бетінен бірнеше рет соққы жасаған. Кейін олар бейнебақылау камерасын байқап, марқұмды көрінбейтін жерге, яғни, мейрамхананың артына алып кеткен. Соққы салдарынан 28 жастағы жігіт оқиға орнында көз жұмды. Оның артында зайыбы мен үш жасар қызы қалды.
Айыпталушылар өздерінің бұзақылық жасағандарын ғана мойындаған. Яғни, марқұмның денсаулығына қасақана зиян келтіріп, абайсызда өліміне себеп болғандарын мойындамаған. Тіпті, кінәні бір-біріне жабуға тырысқан.
Прокурор сот отырысында айыпталушылардың әрқайсысын сегіз жарым жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Алайда, сот үкімі бойынша Әкімбай Садыбеков қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылғанымен, оның адамның денсаулығына қасақана зиян келтіргені дәлелденбегендіктен, 1 жыл алты айға ғана қамауға алынды. Ал Қажымұрат Айыптың марқұмның денсаулығына қасақана зиян келтіріп, абайсызда өліміне себеп болғаны нақтыланып, он жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды.
Сонымен қатар сот марқұмның зайыбы Виктория Трубникованың моральдық шығын өндіру туралы талабын жартылай қанағаттандырып, Қажымұрат Айып оған 3 млн. теңге моральдық, 232 785 теңге материалдық шығын төлеуге міндеттелді.