Ауылда өскен адамға қаланың өміріне бейімделіп кету қиын екен. Балаларымның біразы қалада тұрған соң жиі келемін. Бірақ екі-үш күннен кейін ауылды сағынып, кеткенше асығып тұрамын.
Қалада ауылдағыдай емес, бірнеше жыл тұрсаң да, қабырғаның арғы жағындағы көршіңнің кім екенін біле бермейді екенсің. Бәрінде – темір есік.
Жұмысбасты адамдар болған соң қызымның көршілері таңертең ертемен кетіп, үйлеріне тек кешке жақын оралады. Ара-тұра бір-екеуінің кіріп-шыққаны болмаса, күні бойы үйлерін бастарына көтеріп, у-шу қылатын балалары да жоқ сияқты. Құлаққа ұрған танадай. Осындай тыныштық арасынан анда-санда үрген иттің дауысы ғана естіледі. Бастапқы кезде “Бұл қайдан шыққан иттің дауысы?” – деп аң-таң болатынмын. Сөйтсем, көршілердің бірі үйінде ит ұстайды екен. Көз көрген үлкендер бұрынғы кезде ит табалдырықты аттаса, “кет әрі” деп, үйдің маңына жолатпайтын. Қазір қарап отырсам, итке төрден төсек салатындардың қатары көбейіп бара жатқан сияқты ма, қалай өзі?..
Итіне ерекше құрмет көрсететін көрші демалыс күндерін көбіне төрт аяқты “досымен” бірге өткізеді. Жақын жердегі аулада өзі сияқты тағы бір құрбысы бар. Екеуінің бастары қосыла кетсе, иттерін қалай шомылдырып, қандай тамақ беретіндерін айтып, “жарысып” әңгіме құрады. Еріккендер иттерін алып, кейбір кезде арнайы шаштаразға барып, сәннен де сырт қалмауға тырысады екен. Бұл не сонда: Батысқа еліктеу ме? Түсінбеймін. Әйел анаға ит жетектеп жүргеннен де, баласын бағып, онымен бар жан жылуымен бөліскені жарасып тұрмай ма? О заман да, бұ заман, итін құшақтап, еркелетіп, оған мейірлене қараған әйелді кім көрген? Бетін аулақ қылсын, осылай жалғаса берсе, талай үйдің ішінен сәбилердің сыңғырлаған күлкісін емес, иттердің үрген дауысын ғана еститін боламыз ба деп те қорқамын.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: “Итті мал бағу мен аң аулаудан басқа мақсатта ұстаған адамның игі амалдары күннен-күнге азаяды”, делінген.
Әрине, ит – жеті қазынаның бірі. Оны мал қоруға, аңға салуға ұстайды. Бірақ үйде асырап, басқа шығарудың ешбір қажеті жоқ деп ойлаймын. Есесіне, ит асырап, оған шығындаған қаражатты басқа бір игі істерге жұмсаса болмай ма? Төрт аяқты достарымызды бүйтіп дәріптеп, құшақтап жүретін болсақ, күндердің бір күнінде әр шаңырақта бала емес, ит ойнап жүретін де кезге жетеміз әлі. Бұл жақсылықтың белгісі емес. Сән деп шетелге еліктеп жүріп, тым шектен шығып кетпесек болғаны. Әр нәрсенің өз жөні бар екенін де бір мезгіл ойлап қойған дұрыс сияқты.
Итті үйде ұстауға болмайтындығы жайында хадисте былай деп жазылған: “Бірде Жәбірейіл періште Пайғамбарымызға уағдаласқан мерзімде келмей қалады. Таңырқаған Пайғамбарымыз мұның себебін ойлана бастайды. Содан соң менде бір кемшілік болды ме екен деп, үй ішіндегі жағдайға бір көз жүгіртеді. Үй ішінен немерелері Хасан мен Хұсейіннің кішкентай күшігін байқап қалып, оны сыртқа шығарып жіберген сәтте Жәбірейіл де кіріп келеді. Пайғамбарымыз одан кешігуінің себебін сұрайды. Сонда Жәбірейіл періште: “Періштелер сурет тұрған және ит болған жерге кірмейді…”, – деп жауап берген екен. Сәнге бойлап, Батысқа бет бұра бастаған өзіміздің жастарымыз осындай тыйымдарды біліп, ескере жүрсе деген ой менің қолыма қалам алғызды.
Нүризат ИТЕМІРҚЫЗЫ,
“Алтын алқа” иегері.
Есіл ауданы.