«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨЛ ГАЗЕТ – ТӨРІМІЗДЕ

Газеттің 100 жылдығы – түсіне білген адамға халықтың бір ғасырлық жылнамасы. Алдағы жылы мерейтойын атап өткелі отырған “Soltústik Qazaqstan” газетін өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап оқып келемін. Алаш арыстарының ізі қалған, ұлттың шын жанашырына айналған басылымды біздің ауыл тұрғындары ерекше құрметтейді. Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылы – көркемсөздің зергері, академик жазушы Ғабит Мүсіреповтің алтын бесігі. Сондықтан да “Soltústik Qazaqstan” біз үшін ханнан да қадірлі, биден де ардақты. 

Басылымның бір ғасырлық мерейтойы қарсаңында жүрегі “елім” деп елжіреп, көңілі “қазағым” деп тебіренетін азаматтар әр шаңырақ төл газетімізді жаздырып алсын деп үндеу жариялады. Жамбыл ауданындағы Баян, Аққайың ауданындағы Дайындық, Тимирязев ауданындағы Жарқын, Мамлют ауданындағы Бостандық, Бексейіт, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар, Ноғайбай, Есіл ауданындағы Бұлақ, Тауағаш, Шал ақын ауданындағы Кеңес, тағы басқа ауылдардың жұртшылығы игі істің бастамашысы болғанын көріп, төбеміз көкке жеткендей қуандық. Газеттің таралымына атсалысу әркімнің асыл парызы деп білемін. Осындай сын сағатта біз де үнсіз қалмауды жөн көрдік. Ұжым болып ақылдасып, бір кісідей “Soltústik Qazaqstan” газетінің 60 данасына жазылдық. Бүгінгі күні біздің мектебімізде сегіз жас маман бар. Олар аға буынға қарап, бой түзейді. Сондықтан өзімізден кейінгі ұрпаққа, ізбасарларымызға ауызбіршілігімізді көрсетсек, олар да ертеңгі күні сол жолды таңдарына сенімдімін. 

Әрбір қазақ “қарашаңырақ” деп құрмет тұтатын басылымның бүгінгі күні таралымы бес мыңнан аспай отырғаны әрқайсымыз үшін сын. “Көп түкірсе – көл” демекші, газеттің бір ғасырлық мерейтойында бәріміз жұмылып, таралымын арттырайық, ағайын!

 

Клавдия ТӨЛЕЕВА,
Ғабит Мүсірепов атындағы
орта мектептің директоры.
Жамбыл ауданы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp