Наурыз мейрамының ерте заманнан бастау алатыны жөнінде деректер өте көп. Олардың көбі мәселен Нұх пайғамбар кемесінің Қазығұрт тауына келген сәтінде топан суының кері қайтқанын, сонда жерге табаны тиген тіршілік иелері қуанғандарынан қауышып, аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татқанын, сондықтан да көктемнің бұл күнінің жай жаңа күн емес, Ұлыстың ұлы күні деп аталатынын айтары хақ. “Наурыз – дін мейрамы емес, халық мейрамы”, “Аурулар сауығамын деп, аштар тойынамыз деп, жалаңаштар киімсіз де күн көреміз дегендей, жұрттың бәрінде үміт, әркімде жылы шырай сезіле бастап, “бәріміз де табиғаттың бергеніне ортақпыз” дегендей сағынышты көрісулері, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алатын” (Сәбит Дөнентаев) кез. Қай аңызды оқысақ та, қай ғылыми деректі зерделесек те, наурыз мейрамының, жаңа күн жаңа жылдың көктем айында басталатынына көз жеткіземіз.
Қазақ халқының байырғы күнтізбесінің негізі де осында жатыр. Оған қайран қалмасқа еш шара жоқ. Халқымыз о бастан-ақ жыл мөлшерлеу мен күнтізбе жасаудың бірнеше тәсілін білген. Оны аспандағы жеке жарық жұлдыздар және шоқжұлдыздармен байланыстырып отырған. Жылдың төрт мезгілін, ол мезгілдердегі ауа райының құбылуын, тәулік пен сағаттық мезгілдерді сол жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың, аспан денелерінің қозғалыстарына қарап дәл аңғарған.
Халқымыз жыл басы наурыздың жаңа күнін 22-сінен санайды. Бұл көктемнің келуі, жер бетінің ақ қардан арылып, жіпсіп, тоң еріп, бәйшешек гүл бас көтеріп, шөп жайқалып, қой қоздап қорада шу болатындықтан емес, қысқы ұзақ түн қысқара-қысқара келіп, наурыздың 21-інде 12-де 12 сағаттық уақыт болып теңеліп, 22 наурызда секундтап жарығы ұзара беретін ғаламдық заңдылықтың сәйкес келетіндігінен. Аспан әлемі үнемі айналыста болып, Күн бір жыл ішінде өзіміз жақсы білетін зодиактық шоқжұлдыздар: тоқты, торпақ, егіздер, шаян, арыстан, бикеш, таразы, сарышаян, мерген, ешкімүйіз, суқұюшы, балықтар шоқжұлдыздарының тұстарынан жүріп өтеді. Эклиптика делінетін осы жолында Күн аспан экваторын екі рет қияды. Оның бірі наурыздың 21-індегі күн мен түннің теңелуіне дәл келеді. Күннің осы күннен келесі осы күнге дейінгі жүріп өткен мерзімі жыл деп аталады. Астрономия ғылымында тропикалық жыл делінетін бұл жыл 365 күн 5 сағат 48 минут 46 секундты құрайды.
Ата-бабаларымыздың жаңа жылды көктемгі күн мен түннің теңелу тәулігінен ерте заманнан бастағанын дәлелдейтін ғылыми негіз тек аспанда ғана емес, жер бетінде де бар. Наурыздың 22-сіндегі таңнан бастап күннің секундтап ұзара беретінін, нағыз жаңа жыл, жаңа күн мен жаңару табиғи түрде бастау алатынын дәл есептеген ертедегі қазақ жұлдызшалары жер бетіне обсерватория салған. Оның қалдығын ғалым П.И.Мариковский Алматыдан 142 шақырым жердегі Іле бойынан тапқан. Ол жерде көктемгі күн мен түннің теңелуі тәулігіндегі таң мезгілінде түсетін Күн сәулесінің жолы көрсететін ап-анық сызық-арықтар бар. Жазушы-ғалым М.Дүйсеновтің “Біз – күн перзентіміз” деп аталатын деректі туындысында осы құпия овсерватория жақсы суреттелген. Ондағы сызықтарға Күн сәулесі жылдың бір мезгілінде, тек сол тәулікте ғана түседі. Сөйтіп, ол жаңа таңның, жаңа күн мен жаңа жылдың басталғанын, сол тәуліктен бастап түннің қысқара, күннің ұзара беретінін айғақтайды.
Жеріміз Күнді бір айналып шығатын мерзім – жылдың шартты түрде үш-үш айдан: наурыз, сәуір, мамыр – көктем, маусым, шілде, тамыз – жаз, қыркүйек, қазан, қараша – күз, желтоқсан, қаңтар, ақпан – қыс мезгілдері болып бөлінетіні баршамызға аян. Астрономия ғылымында бұл нақтылана түседі. Көктем наурыздың 22-сінен, жаз маусымның 22-сінен, күз қыркүйектің 23-інен, қыс желтоқсанның 23-інен басталады. Ендеше жаңа жылымыздың дәл 22 наурыздан басталуы жыл мезгілдерінің астрономиялық заңдылығымен де дәл келеді.
Жаңа жылдың наурыздың 22-сінен басталуы Жердің Күнді айналуы жолындағы қозғалуы ерекшелігімен де сәйкес. Жер бір жылдың айналым жолында біркелкі жылжымайды. Наурыздың 21 тәулігінен қыркүйектің 23 тәулігіне дейінгі жол – жазғы “жартыжылдығын” 186 тәулікте, ал 23 қыркүйектен 21 наурызға дейінгі жол – қысқы “жартыжылдығын” 179 тәулікте жүріп өтеді. Бұл Жер ғаламшарымыздың да жаңа жылды көктемнен бастағанын қалайтындай қысқы мерзімге қарағанда баяу, асығып-аптықпай, жақсы мезгілді ұзақ етуге тырысқандай болатынын көрсетеді.
Жаңа жыл мен жаңа күнді көктем мезгілінен бастау тек Шығыс халықтары емес, әлемдегі ерте кезден қала салған кейбір өркениетті елдерде де болды. Мәселен, Мексикадағы Юкатан түбегі мен Белиздегі үндіс халқы біздің заманымыздың бірінші мыңжылдығында-ақ тастан қамал қалап, үй салып, егін шаруашылығымен айналысады. Сол әрекеттерінде олар алғашқы кездері алты айға созылатын нөсерлі жаңбырдан зардап шегеді. Оның қашан, қай күні басталатынын білмейді. Абыздар жұлдызды әлемге назар аударып, аспандағы біз Сүмбіле деп атайтын ең жарық жұлдызды қадағалай бастайды. Сөйтсе, сол Сүмбіле алғаш көрінген кезде-ақ алты айлық нөсер басталады екен. Осыны білгеннен кейін майя халқы әлгі нөсерге дейін егіндерінің дәндерін алдын ала аударылған қара жерге сеуіп үлгеретін болады. Нөсерлі айларда олар ешқайда шықпай, тастан қашап неше түрлі әдемі мүсіндер жасаумен айналысады, ал жаңбыр тоқтаған кезде өсіп-өніп, жайқалып тұрған егіндерін жинайды. Майялықтар тастан қала тұрғызу, тастан мүсін жасау, тағы басқадай қолөнер мен сауда-саттық жөнінен сол заманда алдына жан салмаған ел болған. Ол тас қалаларының жүзден астамы белгілі, ірілері – сегіз.
* * *
Рим республикасында біздің дәуірімізден бұрынғы VІІІ ғасырдың орта шенінен бастап қолданған күнтізбеде жаңа жыл наурыз айынан басталған. Оның негізі қазіргі күнтізбелерде әлі күнге дейін сақталып келеді. Бірінші айды олар соғысқа тыйым салушы құдай Мартиустың атымен март, одан кейінгі екінші айды гүл ашу деген мағынаны беретін Априлис – апрель, үшінші айды гүлдердің жайқалып өсуін бейнелейтін Майя – май, төртіншісін Юпитер құдайдың зайыбы Юнонаның атымен июнь атаған. Одан кейінгі алты айды цифрлармен келтірген. Ал біздің дәуірімізден бұрынғы VІІ ғасырда ол он айға тағы екі ай қосылады. Он бірінші айға Янус құдайының атын, он екінші айға сол кездегі діни рәсімдерге сай тазару деген мағынаны беретін Февруариус деген атты береді. Сентябрь, октябрь, ноябрь, декабрь, январь, февраль айларының түп-негізінің сол күнтізбеде жатқаны, олардың бүгінгі күнде де қолданылып келе жатқаны белгілі. Июль айы Юлий Цезарьдың, август – Августың есімдерін беруге байланысты өзгертілген.
* * *
Біздің дәуірімізден бұрынғы 46 жылы Римде жоғары билікті өз қолына алғаннан кейін Юлий Цезарь ресми сапармен Египетте болып қайтады. Содан кейін ол Александрия қаласынан астроном Созингенді арнайы шақыртып алып, оған күнтізбені ретке келтіруді тапсырады. Өйткені, жыл бойындағы күндердің санын тұрақты ету қажет еді.
Созиген Юлий Цезарь Египеттен әкелген үлгіні пайдалана отырып, алғашқы үш жылды – 365, ал төртінші жылды 366 күн етеді. Соңғы цифрдағы артық күн бүгінде үш жыл аралап барып ақпан айы күндердің соңына қосылып жүр.