Бүгінгі күні еліміз бойынша “Нұр Отан” партиясына 860 мың адам мүше болса, бастауыш партия ұйымдарының саны – 5700. Олардың арасында ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға өзіндік үлес қосып отырғандары да аз емес. Аққайың ауданының Дайындық ауылындағы “Нұр Отан” партиясының Лесное бастауыш ұйымын атауға болады. Аталмыш ұйымға Қайрат Бабақов жетекшілік етеді. Жергілікті ұйым, әсіресе, ауылды көгалдандыру, тазалық жұмыстарына жіті көңіл бөліп отыр. Биыл партия мүшелері Ұлы Отан соғысы ардагерлері ескерткішінің маңайын тәртіпке келтірді. Олардың қолдауымен ауылдағы Мәдениет үйі мен дәмхана жұмысы қайта жанданды. Партия ұйымының мешіт, фельдшерлік-акушерлік пунктің салынуына да өзіндік үлесі бар. Сонымен қатар, биылғы жазғы демалыста Дайындық ауылдық округінің 14 оқушысы “Оқжетпес” сауықтыру лагерінде демалып қайтты. Бұл мақсатқа бастауыш ұйым қаржылай қолдау көрсетті.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының арасында саламатты өмір салты мен спортты насихаттау мақсатында да атқарылып жатқан жұмыстар бір төбе. Ауылдық округ тұрғындары бірнеше мәрте түрлі деңгейдегі спорт жарыстарына қатысып, жүлделі оралды. Қайрат Бабақовтың айтуынша, алдағы уақытта да білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларының дамуына барынша қолдау білдіруді көздеген жұмыс жалғасын таба бермек.
(Өз тілшіміз).