«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨРДЕН ОРЫН БЕРДІК ПЕ?

Әр әзілдің астарында ащы шындық жатыр. Біздің қоғамда мұғалімдерге қатысты түрлі әзіл айтылады. Ал тереңінен ойласақ, күлетін жайт емес екен. Қазақ үшін мұғалім кім еді? Көзі ашық, көкірегі ояу тұлға-тұғын. Мұғалімдерге құрмет көрсетер кезде  ойлылардың айтқан асыл сөздерін жиып-теріп, төрден орын береміз де, келесі күні жолын кесіп жүре беретін қоғамбыз. Іштей  қоғамның дамуында білім саласының, әсіресе мұғалімдердің рөлі айрықша маңызды екенін түсінгенімізбен, неге мойындамаймыз? Елдің болашағы мектеп қабырғасында қаланады десек, сол болашақтың негізін қалаушылар – ұстаздар. Дегенмен мұғалім мәртебесі туралы сұрақтар әлі күнге дейін өзекті.

Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде мұғалімдерге қатысты түрлі жағымсыз жағдайлар жиі талқыланады. «Баламды жазалады», «нашар баға қойды» деп мұғалімге дауыс көтеріп, тіпті қол жұмсауға дейін баратын ата-аналардың әрекеті ұстаз беделіне селкеу түсіріп қана қоймай, жалпы білім беру жүйесіне деген құрметті төмендетіп отыр.  Осындай жағдайлар жиілеген тұста, ұстаз мәртебесі туралы  сөз қозғамау  мүмкін емес.

2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, ұстаздардың құқықтарын қорғауға, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар қарастырылды. Заң бойынша мұғалімдер кәсіби міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартылмауы тиіс, артық есептілік азайтылды, жалақыны кезең-кезеңімен көтеру қолға алынды. Сонымен қатар педагогтарға қосымша демалыстар мен жеңілдіктер беріліп, оларды әкімшілік пен ата-аналар тарапынан болатын қысымнан қорғау тетіктері енгізілді. Алайда заң қабылданғанымен, іс жүзінде оны ескеріп  жатқан ешкім жоқ.  Әсіресе ауылдық жерлерде мұғалімдер мектептегі әкімшілік міндеттерден бөлек, мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру, сынып бөлмелерін жөндеу, тіпті түрлі қоғамдық жұмыстарға жегіліп жүргені шындық. Өткен жылдың соңында Абай облысында бір мұғалімнің шыршаны безендіру кезінде жарақат алуы – осы сөзіміздің дәлелі. Мұғалімнің негізгі қызметі  білім беру болса, оны шырша безендіруге жұмсайтындай ел басына қандай күн туды?!

Бүгінде өңірде  458 мектеп бар, соның 344-і – шағын жинақты. Бұл білім ордаларында 12 000-ға жуық мұғалім еңбек етеді. Олардың педагог мәртебесі мен  еңбек жағдайлары заңда жазылғандай жайлы емес. Білім басқармасының мәліметінше, өңірдегі мұғалімдерге заң аясында әлеуметтік қолдау көрсетіліп, жалақы кезең-кезеңімен өсіп келеді. Бірақ педагогтарға оқу үдерісінен тыс көптеген міндеттер жүктелуі, олардың беделіне нұқсан келтіретін жағдайлар әлі де кездесуде.

– «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы – мұғалімдер үшін үлкен қолдау. Қазіргі таңда заңға сәйкес мұғалімдер артық есептіліктен босатылып, бөгде жұмыстарға жегілмеуі тиіс. Дегенмен кей жағдайларда заң талаптары толық орындалмай жататыны рас. Бұл мәселелерді шешу үшін барлық деңгейде бақылау күшейтілуде, – дейді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы қоғам мұғалімдерді қолдау аясында атқарылып жатқан жұмыстарды ғана ауызға алады да, ал оларды қорғау мәселесі көтерілгенде  үнсіз қалады. Әлі де тегін жұмыс күші ретінде түрлі шараға тартылып жүрген мұғалімдерге заң да, қоғам да  талапты күшейткен. Олардың сөзі, киімі, демалысы, әлеуметтік желідегі жазбалары да қатаң бақылауда.

Білім саласының сарапшылары мұғалім мәртебесін көтеру үшін тек заңнамалық шаралар жеткіліксіз екенін алға тартады. Егер қоғамның ұстазға деген көзқарасы өзгермесе, заңнан пайда аз.

«Қоғамда мұғалімнің беделі төмендесе, ол білім сапасына тікелей әсер етеді. Себебі ұстазға құрмет көрсетпеген жерде, білімге деген көзқарас та өзгеруі мүмкін. Оқушылар мен ата-аналардың мұғалімдерге деген қарым-қатынасы жақсармаса, заң қанша мықты болса да, толық нәтиже бере алмайды», – дейді білім саласының сарапшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Әлфина Сақаева. Маманның бұл ойын Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің 5 сынып ата-аналар комитетінің мүшесі Әйгерім Нұртілеу де құптап отыр.  Кейбір ата-аналар мұғалім еңбегін бағаласа, енді бірі олардың әрекеттеріне сынмен қарайды. Тіпті баласының тәрбиесін түгелдей мектепке артуға бар. «Осының салдарынан «сен тәрбиеле, мен тәрбиеле» деген дау шығады», – деген белсенді ата-ана  қоғам мұғалімге құрметпен қарауға тиіс деген ойын жеткізді. Сонда ғана қазақтың күн келбетті ақыны Мағжан Жұмабаевтың: «Алты Алаштың басы қосылса, төр –  мұғалімдікі» деген аталы сөзі тіріледі.

 Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp