Аққайың ауданындағы Тоқшын ауылында қара мал беймәлім ауруға шалдықты. Зеңгі баба түлігінің терісінде ісіктер пайда болып, аяқтарын баса алмай қалған.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетi аумақтық инспекциясының басшысы Марат Ыбыраевтың айтуынша, әзірге қанша малдың дертке шалдыққаны белгісіз.
– Қазіргі уақытта ауруға шалдыққан сиырлар бақылауға алынды. Иелеріне қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында малды жайлағаннан кейін қолды залалсыздандырып отыру бойынша нұсқаулар берілді. Ауылдың мал дәрігері ешкімге ескертпестен, қара малды өз бетінше емдеген. Қабынуға қарсы дәрілер мен антибиотиктерді қолданған. Әзірге, аурудың нақты себебін анықтау мүмкін болмай отыр, – деді Марат Ыбыраев.
Ірі қараға жаппай вакцина салған ветеринарлар да кеселдің неден келгенін дөп басып айта алмай отыр. Өйткені, ауру малдан дер кезінде сынама алынбаған. Алайда, мал дәрігерлері бұл дерттің белгілері “нодулярлы дерматитке ұқсайды” деп, соған қарсы екпе жасауда. Аталмыш дәрі Тоқшындағы барлық сиырға көктемде де егілген екен. Нақты диагноз қойылмағандықтан, мамандар оның адамның денсаулығы мен өміріне қаншалықты қауіпсіз екенін де дөп басып айта алмауда. Мұндай белгісіз індет соңғы 10 жылда біздің өңірде тіркелмеген.
Аурудың алдын алу үшін ауылдағы мал дәрігерінің екпе жұмыстарын уақытылы жүргізген-жүргізбегені тексерілуде. Егер мал дәрігерінің кінәсі дәлелденген жағдайда 125 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болады.
Мамандар төркіні белгісіз індет анықталғанша тұрғындарға сүт пен етті пайдалануға және саудаға шығаруға тыйым салды.