«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТӨРТІНШІ БИЛІК” ТӨРЛЕДІ БІР …

Кеше Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында бас қосқан “төртінші билік” өкілдері кәсіби мереке қарсаңында ерекше құрметке ие болды. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов бұқаралық ақпарат құралдары мен байланыс саласы өкілдерін төл мерекелерімен құттықтап, олардың бірқатарына Құрмет грамоталарын, Алғыс хаттар мен сыйақыларды табыс етті.

Бүгінгі жаһандану заманында байланыс пен ақпараттың алар орны айрықша екенін атап өткен Ерік Сұлтанов:

– Осындай кезеңде сіздер халықты жедел ақпаратпен сусындатып, жаңалықтың жаршысына айналып отырсыздар. Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарына артылған жауапкершілік қай кезде де болсын ерекше. Журналистер билік пен халық арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, тұрғындардың тұрмысының жақсаруына үлес қосып келеді. Алдымызда ортақ және жемісті жұмыстардың күтіп тұрғанына сенімдімін, – деді.

Шара барысында жоғары кәсіби біліктілігі, өңірлік әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік ақпараттық саясатқа белсене қатысқаны үшін отызға жуық сала қызметкеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты мен арнайы сыйақысы салтанатты түрде табыс етілді.

Марапаттар мұнымен аяқталған жоқ. Бірқатар БАҚ өкілдері Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болса, Қазақстан Журналистер одағының арнайы дипломдары да лайықты иелерін тапты. Кұрметке бөленгендердің қатарында “Солтүстік Қазақстан” облыстық газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов және корректоры Шайзат Сүйіндікова, “Қызылжар нұры” қалалық газетінің шеф-редакторы Зарап Құсайынов және фототілшіміз Амангелді Бекмұратов та бар.

Бұл күні журналистермен қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқан мекемелердің баспасөз хатшыларының еңбектері де елеусіз қалмады.

Мерекелік жиында Қазақстан Журналистер одағы кеңесінің шешімімен “Қазақстан-Петропавл” телеарнасында телеоператор болып 40 жылға жуық еңбек еткен Владимир Манылов “Құрметті журналист” төсбелгісімен марапатталды.

Сондай-ақ, одақтың облыстық филиалы сала үздіктерін анықтады. Ұйымның шешімімен “Экспресс К” республикалық газетінің меншікті тілшісі Елена Чернышова “Жылдың үздік журналисі” атанды. “Жылдың үздік операторы” аталымына “24kz” телеарнасының операторы Төлеген Иманов лайық деп танылса, “Жылдың үздік редакторы” атағы “Добрый вечер” газетінің шеф-редакторы Диана Слиньковаға берілді.

Бір жыл бойы еселі еңбектерімен көзге түсіп, өңір жұртшылығының ықыласына бөленген қаламы қарымды журналистер қауымы көрсетілген құрмет үшін шынайы алғыстарын білдірді.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp