Өңірдің 62 жастағы тұрғынының ағзалары туыстарының рұқсатымен 4 адамға салынды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ол ауруханаға инсультпен жеткізіліп, комаға түскен. Дәрігерлер инсульт салдарынан оның миының өлгенін растады. Медициналық бригада және транс- плантация үйлестірушісімен сөйлескеннен кейін ер адамның туған-туыстары ағза донорлығына келісім берді, осылайша қажетті ағзаны күту тізімінде тұрған бірнеше сырқаттың өмірін ұзартты.
3 ақпан күні республикалық медициналық авиация желісі бойынша «University Medical Center» корпоративтік қорының «Жүрек орталығынан» және «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 6 адамнан тұратын трансплантологтар бригадасы келіп, органдарды іріктеп алды. Кейін Астананың клиникаларында 4 пациентке ағзаларды трансплантациялау сәтті жүргізілді.
Ағза ауыстырғандардың бірі – Алматы қаласынан келген 54 жастағы ер адам. Оған бұған дейін LVAD қан айналымын қолдайтын механикалық құрылғы қойылған екен. Осы құрылғының арқасында жүрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысындағы сырқат қажетті ағза трансплантациясын күткен.
– Құрылғы қойылғаннан кейін науқас қажетті дәрі- дәрмектерді қабылдап, үнемі тексеруден өтіп тұрды. Жүректі ол 4 жыл бойы күтті. Донорлық орган мен сырқаттың үйлесімділігі максималды сәйкестікті көрсетті. Біз науқасқа қоңырау шалып, жүрек трансплантациясы туралы жаңалықты хабарладық. Ол қуанып әрі толқып, операцияға дайындалу үшін дереу клиникаға келді, – деді UMC жүрек орталығының кардиолог дәрігері Наиль Хисамутдинов.