«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨРТ РЕТ ТАПСЫРАДЫ

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы бұрынғысынша сақталады. Алайда, Білім және ғылым министрінің шешімімен ол жыл бойына төрт рет – қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында өткізілетін болып отыр. 15-20 қаңтар аралығындағы алғашқы тестілеуде өңіріміздің 1020 жоғары сынып оқушысы өз білімін тексеріп көрмекші.

Кейінгі тестілеулер 24-29 наурыз, 20 маусым, 5 шілде, 17-20 тамыз аралықтарында өткізілетін болады. Қаңтар, наурыз және тамыз айларында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеу үміткерге жоғары оқу орындарының тек ақылы бөлімдеріне түсу құқығын беретінін атап өту керек. Осы үш тестілеудің нәтижесі бойынша да сертификат беріледі. Бірақ бұл сертификаттар грант алуға жарамсыз. Бұл туралы жуырда Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. “Егер талапкер мемлекеттік грантты алуға ниет білдірсе, онда ол ҰБТ-ны маусым айында тапсыруы тиіс. Тек сол тестілеудің қорытындысы бойынша ол гранттық байқауға қатыса алады”, – деді ол.

Ал ақылы бөлімге түсу үшін талапкерге төрт рет өткізілетін ҰБТ-ның біреуіне ғана қатысып, шекті балға қол жеткізсе жетіп жатыр.

Ұлттық тестілеу орталығының М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі филиалының басшысы Жанар Жабағина облысымыз бойынша ҰБТ өткізілетін төрт пунктте оқушыларды қабылдауға дайындық жүргізіліп жатқанын айтты. Олар облыс орталығындағы СҚМУ-да, Ақжар ауданының Талшық, Айыртау ауданының Саумалкөл және Жамбыл ауданының Пресновка ауылдарында орналасқан. Кейінгі тестілеулерге қатысатындар саны көбейіп жатса, тағы бірнеше пункт ашылуы мүмкін.

– Облысымызда алғашқы тестілеу 19 қаңтарда өтеді. Келесі күні апелляциялық комиссия шағымданушыларды қабылдаса, 21-інде талапкерлер қолдарына сертификаттарын алады. Өтініш бергендердің бәрі де бұл тестілеуді өз білімдерін сынап, жазғы ҰБТ-ға дайындық ретінде пайдаланып көрмекші. Алайда, мен оның барлық талаптарға сай, яғни, неғұрлым ашық әрі қатаң түрде өткізілетінін ескерткім келеді. Бейнебақылау күшейтіліп, талапкерлердің аудиторияға ұялы телефон мен өзге де құрылғыларды алып кіруіне жол берілмейді, – дейді жергілікті тестілеу филиалының басшысы Жанар Жабағина.

Қаңтардағы тестілеуге бірінші семестрдің соңына дейін ақылы түрде ЖОО-ның күндізгі бөлімінде оқитындар (шартты түрде қабылданғандар), шығармашылық емтихандар қажет болған факультеттерден басқа мамандыққа ауысқысы келетін студенттер де қатыса алады. Ал наурыз айындағы ҰБТ тек 11-12 сынып оқушылары үшін өткізіледі. Тестілеу құны – 2242 теңге.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp