Халқымыз төрт түлік өсіруді атакәсіптің бірегейіне балаған. Тіршіліктің нәрі, көзі деп ұққан. Өкініштісі сол, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, дамып келе жатқан мал шаруашылығы саласындағы осы бір дәстүріміз қайраңдап қалған қайықты көз алдымызға елестетеді. Статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенетін болсақ, 2012 жылы елімізде ірі қара саны 5702,4 мың бас болса, кейінгі бес жылда бар болғаны 5448 мың басқа ғана өскен. Осы кезең аралығында қой мен ешкі саны, керісінше, 18091,90 мыңнан 17947,1 мың басқа азайған. Талпақ танау 1204 мың бастан 831,1 мыңға дейін кеміген. Тек Қамбар ата түлігі ғана 505,8 мың басқа көбейіп, 2113 мыңды құрап отыр. Малдың басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырланған. Мал асылдандыру шаралары тиімді жүргізілмейтіндіктен, өнімділік те, сапасы да төмен. Ветеринариялық жағдай да көңіл көншітпейді. Ірі серіктестіктер мен агроқұрылымдар көбіне астық өндірісімен ғана шектеліп жүр. Мал шаруашылығын өркендетуді басы артық шығын санайды.
Салыстыру үшін айтайық, Қытайда мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Қазір аспанасты елінде қой саны 138 миллионға жетіп, әлемде бірінші орынға шықты. Сауын сиырлар саны да, сүт өндіру де жыл сайын 5 пайызға тұрақты түрде өсуде. Табыс сыры қарапайым, шаруашылықтарды ірілендіру өз жемісін берді. 2008 жылдан бастап 100-ден астам сиыры бар фермалар 19 пайыздан 48 пайызға дейін көтерілген. Ұсақ шаруашылықтарға демеуқаржы беру мөлшері азайтылып, ірі заманауи кешендер салуға, басқару жүйесін жетілдіруге үлкен көңіл бөліне бастады. Сүт өндіру бойынша Қытай әлемде төртінші орында. Соңғы он жыл ішінде сүт өндіру 27 миллион тоннадан 37,5 миллион тоннаға дейін артқан. 2020 жылы бұл көрсеткіш 60 миллион тоннаға жетеді деп күтілуде. Әрине, Қытаймен жарысу қиын дейтіндер табылар. Олай болса, экономикалық әлеуеті бізден төмен Моңғолияны мысалға алайық. 2009 жылы қой 19,27 миллион, ешкі 19,65 миллион, ірі қара 2,6 миллион, жылқы 2,22 миллион, түйе 270 мың болса, қазір тиісінше 23,2 миллион, 22,0 миллион, 3,4 миллион, 2,9 миллион және 350 мың басқа көбейген. Яғни, тұрақты өсу бар деген сөз.
Осындайда жетістіктерге жетуге бізге не кедергі болып отыр деген заңды сауал туады. Алдымен ауылдағы кәсіптің бытыраңқылығы, ғылым жетістіктеріне сүйенбейтіні ойға оралады. Алдымен ұсақ, майда шаруашылықтарды ірілендіру керек. Дана халқымыз “Бірлік болмай, тірлік болмас”, “Бірлік түбі – береке” деп текке айтпаса керек. Бірлігі бар ел озады. Бір үміттендіретіні, биыл “Агроөнеркәсіпті кешенді дамыту” мемлекеттік бағдарламасына сәйкес кооперативтер құруға жете көңіл бөліне бастады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен жергілікті жерлердегі өндірістік кооперативтерге үлкен сенім артылып, демеу-қаржы беру жолға қойылды. Оларды қолдау мақсатына 52 миллиард теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 467-ге жуық ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылмақ. Осыған орай сиыр етінің өндірісі – 4,1 пайызға, құс еті – 9,2 пайызға, сүт көлемі 3,3 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған.
Иә, мақсат айқын, жоспар ауқымы кең. Бұл жағынан кемшілік жоқ тәрізді. Сөз бен іс қабысып жатса, тек “бәрекелді” дейміз. Ойландыратын тұстар да аз емес. Кезінде жыл сайын экспортқа 60 мың тонна ет шығарамыз деп улатып-шулатқандай науқаншылдыққа айналдырып жібермесек болғаны. Шетелдерден мал тасып, оның соңы неге ұласқаны бәрімізге белгілі. Ендігі мақсат – өткен қателіктерді болдырмау, көзделген межеге мақсатты түрде жете білу. Сөз арасында ауылдықтарды кооперативке біріктіру демеуқаржы беру арқылы ғана ынталандырылып отырғанын айта кеткіміз келеді. Бұл мәселелермен негізінен “ҚазАгро” акционерлік қоғамының құрамындағы “Қазагрофинанс”, “Аграрлық несиелік корпорация” және “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” мекемелері айналысып келеді. Ал шаруалардың жаппай сауаттылығын арттыру, кооператив жұмысын ғылыммен ұштастыру, бірлесіп жұмыс істеудің экономикалық тиімділігін нақты есептер арқылы халыққа түсіндіру, білікті кадрлармен қамтамасыз ету шараларының тасада қалып қойғаны өкінішті. Осы жұмыстарға ауыл шаруашылығы ғылыми мекемелерін тарту, аудандық деңгейде кеңес беру орталықтарын ашу қажет. Бұл жауапты міндет жергілікті басшылық органдары мен қаржы орталықтары арқылы ғана емес, ғылыммен тығыз байланыстырып жүзеге асқанда ғана, тиімділігін берері анық.
Әйіп ЫСҚАҚ,
Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, биология ғылымдарының
докторы, профессор.