«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨРТ ТҮЛІК КӨБЕЮДЕ

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында Уәлиханов ауданының әкімі Медет Оспанов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауы және сайлауалды бағдарламасының  орындалу барысы туралы баяндады. 

Өткен он бір айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 29,4 миллиард теңгені құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 22,8 млрд. теңге болған. Соңғы үш жылдың ішінде бұл салаға 10, 1 миллиард теңге инвестиция құйылды.

Биыл 202,0 мың тонна дәнді және 48,9 мың тоннаға жуық майлы дақыл жиналды. Гектар берекелігі сәйкесінше 16,9 және 10,6 центнерден айналды. Машина-трактор паркі жаңартылып, 1,717 млрд.теңгеге өнімділігі жоғары 95 техника сатып алынды.
– Ірі қара басы 2018 жылмен салыстырғанда 10,7 пайызға артып, 10746 басқа, қой мен ешкі саны 21 пайызға өсіп, 2995 басқа жетті. Жылқы саны 25,6 пайызға көбейіп, 3897 болды. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы кооперативтері, фермерлік шаруашылықтар 1234  асылтұқымды ірі қара  сатып алды, – деді Медет Дулатұлы. 
Аудандағы ірі кәсіпорындардың бірі – “Қызылту ұн  комбинаты” ЖШС-і жыл басынан бері 27,5 млн. теңгенің 460 тонна өнімін шығарды. Уәлиханов ауданының аумағында “Жақсы Тұз Петропавл” серіктестігімен бірлесіп, ас тұзын шығару үшін бірнеше  келісімшарт жасалған. Бұл жұмыстар “Жақсы Тұз”, “Жаман Тұз” және “Теке” қазба орындарында жүргізілетін болады. Сонымен қатар Қарасу ауылдық округінде әктас қоры бар.  Ал Қайрат ауылдық округіндегі фосфорит-глауконит құмдарының кен орнында барлау жұмыстарын жүргізу  қолға алынбақ.
Мемлекет басшысы тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Аудан әкімінің айтуынша, тұрғын үй құрылысы ойдағыдай атқарылуда. Биылғы жылдың 11 айында 3796 шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Оңтүстіктен қоныс аударушылар үшін Уәлиханов ауданында 26 үйдің құрылысы аяқталды. Оның 24-і – Кішкенекөл, екеуі Жамбыл ауылында салынды.
Уәлиханов ауданында  25 елді мекен таза ауызсумен қамтылған.  Он елді мекенде, атап айтқанда, Амангелді, Қаратерек, Көктерек, Жас қайрат, Қайрат, Қулыкөл, Қаратал, Золотая Нива, Аққұдық және Береке ауылдарында су тазарту жүйесі орнатылған.  24,102 мың теңгеге  Қулыкөл ауылын сумен жабдықтауға конкурс жарияланып, жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда. 
– Бүгінгі күні ауданның барлық округтерінде интернет бар. Төрт елді мекенде, яғни, Кішкенекөл, Бидайық, Ақтүйесай, Көбенсай ауылдарында кеңжолақты интернет қолжетімді. 2020 жылы Телжан, Мортық, Ақбұлақ, Қондыбай ауылдарына талшықты-оптикалық сымын тарту жоспарлануда, – деді өз сөзінде әкім.  
Үстіміздегі жылы Уәлиханов ауданының білім беру жүйесін қаржыландыруға 2,678 миллиард теңге бөлінді. Ауданда барлығы 24 мектеп, 2 балабақша, 21 шағын орталық бар.  Биыл жалпы сомасы 135 млн. 487 теңгеге төрт білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жергілікті бюджеттен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 4,0 миллион теңге бөлінген. 
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының бірі – білім беру мекемелерін бейнекамералармен жабдықтау. Ауданда 21 мектеп пен 2 мектепке дейінгі мекеме бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Әкім 2020 жылы қалған 3 мектепке бейнебақылау камераларын орнату жоспарланып отырғанын жеткізді.
Жыл басынан бері аудандық ауруханаға 10 дәрігер қызметке келді. Олар баспанамен қамтамасыз етілген. Баспасөз мәслихатының соңында жергілікті тілшілер аудан әкімі Медет Оспановқа өздерінің сұрақтарын қойып, тиісті жауап алды.

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp