«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨРІМІЗГЕ ШАҚЫРСАҚ ТА, ТӨБЕМІЗГЕ ШЫҒАРМАЙЫҚ

“Гастарбайтер” деген сөздің неміс тілінен аударғанда “жұмысшы-қонақ” деген мағынаға ие екенін екінің бірі біле бермесе де, берер ақың болса, бар жұмысыңды тындырып беруге даяр шетелдік азаматтардың арзанқол жұмысына арқаланып-ақ алдық. Биылдан бастап еңбектерін заңдастырған мигранттар елдің батысында мұнай-газ кешендері мен нысандарын, Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда кеңсе ғимараттарын салса, солтүстік өңірде де екі қолдарына бір күрек тауып, білектерін түріп, іске кірісіп жатыр. Қара базарымыз қырғыздарға толса, ұйғыр, өзбектердің ұлттық тамақтары самсаған асханалардан қалай ас ішіп жүргенімізді өзіміз де байқамай қалдық.

Заң күшіне енбес бұрын Петропавлда пайда табу мақсатында арам пиғылдарын жүзеге асырмақ болған бірнеше шетелдік ел аумағынан шығарылған болатын. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын сондай кәсіпкерсымақ гастарбайтерлердің бір тобы ойын-сауық отауының дәретханасында кондитер цехын ашып, бизнесін дөңгелетпек болған еді. Сол жерде ұйықтап, жуынып жүріп, лас жерде тәтті тоқаштарды әзірлеп, сатып жүрген жерінен прокуратураның құрығына ілінген болатын.  

Ал Өзбекстаннан келген бір топ пысықай өткен жылы Петропавл қаласының қоқыстарынан пластмасса бөтелкелерді жинап, оны екінші рет пайдалануға жарату мақсатында қайтадан өткізбек болған. Жұмысшы кентінде пәтер жалдап тұрған олар күні бойы жинаған шөлмектердің әр килограмын 10 теңгеден сатып келген. Осылайша, олар бір аптаның ішінде 500 килограмм шикізат жинапты. Лас бөтелкелермен облыс жұртшылығын қарық қылуды ниет еткен сауысқан тірлік те тәртіп сақшыларының араласуымен сап тыйылды.

Жаңа заң талаптары мигранттардың көші-қонын реттеп, осындай заңсыздықтардың алдын алуға бағытталып отыр. Сонымен қатар, мигранттарды заңдастыру ел экономикасының дамуына оң ықпалын тигізіп, мемлекет қазынасына құйылатын салық сомасы да арта түсері сөзсіз. Ал біліктілігі жоғары шетел мигранттары елдің инновациялық саласына өз үлесін қосып жатса, құба-құп. Қалай десек те, көші-қон заңына енгізілген өзгерістерді шетелдік мигранттар шақыру ретінде қабыл алған сияқты.

Ел аумағына жеңілдетілген тәртіппен ене алатынынан хабардар болған еңбекқор шетелдіктер солтүстік өңірден де нәпақалы болуға үмітті екенін байқатуда. Сәуір айынан бастап Әзірбайжан, Тәжікстан, Армения, Қырғызстан, Грузия мемлекеттерінен келген 800-ден астам еңбек мигранты осы өңірде еңбек етуге ниет білдірген екен. Ал 47 еңбек мигрантының рұқсат құжаттарының мерзімі ұзартылыпты. Олардың дені тұрғын үйлер мен өзге ғимараттардың құрылысына білек сыбана кіріссе, қызылжарлықтарға қолғабыс жасап, үй шаруашылығына араласып жатқандар да жеткілікті. Осылайша өткен жарты жылдың ішінде облыс бюджетіне мигранттардан 6 миллион теңге көлемінде қаражат құйылған екен.

Облыстық көші-қон басқармасының басшысы Еркетай Тұтқышевтың айтуынша, барлық еңбек мигранттары ай сайын 2 айлық есептік көрсеткіш болатын салық төлеуге тиіс. Шетелдікке ел аумағында жұмыс істеу рұқсаты 1 айдан 3 айға дейін беріледі. Мерзімді бір жылға дейін ұзартуға болады. Ал рұқсат қағазын алу үшін жергілікті көші-қон қызметіне жүгініп, елде болуының заңды екенін растайтын құжатты көрсетіп, жеке кіріс салығын төлегені жайында түбіртекті көрсетуі қажет. Тиісті құжаттарын ресімдемеген, рұқсат алмаған шетелдік жазасыз қалмайды. Мұндай азаматтар 25 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеп, ел аумағынан шығарылатын болады.

Көші-қон полициясының ақпаратына сәйкес жеке кәсіпкерлер еңбек мигранттарының еңбегін пайдалана алмайды. Ал жеке тұлға 5 адамға дейін жұмыспен қамтуға құқылы. Шетелдік еңбек күшін пайдаланудың тәртібін бұзғандарға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынбақ. Заң талаптары екінші рет бұзылған болса, айыппұл мөлшері 50 айлық есептік көрсеткішке дейін артпақ.

Жалпы жыл басынан бері еңбек мигранттарына қатысты заң бұзушылыққа жол берген 140 солтүстікқазақстандық және 1636 шетелдік мигрант әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 82-сі ел аумағынан шығарылған.

Не де болса жаңа заң “жұмыртқадан жүн қырқатын” еңбек мигранттарына жаңа мүмкіндіктердің көкжиегін кеңейте түсті. Ендігі кезекте ел Үкіметі жұмыс берушілерді ел азаматтарын қызметке алуға да ынталандырудың жолын іздегені жөн сияқты. Ал қызылжарлық тұрғындардың заңдастырылған мигранттарға қатысты және олардың елдің дамуына қосар үлестері турасында пікірлері төмендегідей:

Айдар Мәмбетов, көлік жүргізушісі: Шетелдің еңбек күшін заңдастырған уақыттан бері олардың қарасы, тіпті, көбейіп кетті. Оларсыз да күнімізді көре аламыз. Өзіміздің де жұмыссыздарымыз жеткілікті. Одан да соларды жұмыспен қамтамасыз ету қажет емес пе?

Еркебұлан Кәзиев, жарнама менеджері: Ел азаматтарының барлығы аз төленетін жұмысқа бара бермейді. Ал мигранттар кез келген жағдайда жұмыс істеуге келіседі. Олар, әрине, керек. Бірақ олардың толассыз біздің елге ағылуы да жөн емес. Елге келіп алып, жұмыссыз жүргендері де жеткілікті. Ал бос сенделіп жүрсе, қылмыс белең алуы да мүмкін. Сол себепті олардың келім-кетіміне қатаң бақылау қою қажет.

Берік Оспанов, зейнеткер: Миграция жаңашылдық емес қой. Бұл қашан да болған. Бұрындары Алматыда жұмыс істеген кезімде құрылыс алаңында еңбек мигранттары жүретін. Бірақ ол кездері оларды баспана және жұмыспен қамтамасыз ете отыра, ел заңдарының орындауын қатаң талап ететін.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp