“Төріңнен қарт кетпесін” деген дана халқымыздың атадан балаға жалғасқан дәстүр сабақтастығы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетумен ерекшеленеді емес пе? Кеудесі қазына қарттардың бүгілген беліне сүйеу болу – ежелгі салтымыз. Езін жөнге, тентегін тезге салатын аға буынның өсиеті мен өнегесі – өскелең ұрпаққа үлгі. Ғибратқа толы өмір жолдары бар аға буынның еліміздің өсіп-өркендеуіне, халқымыздың тыныш өмір кешуіне қосып отырған үлесі зор. Ақылдың көзіндей, даналықтың дариясындай қарияларды ардақтау – баршаның парызы.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1990 жылғы қарары негізінде жыл сайын 1 қазанда – Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Елімізде қарттарды қолдау бағытында түрлі іс-шаралар атқарылуда. Есіл аудандық ардагерлер ұйымы да осы мақсатта жүйелі жұмысты жүзеге асырып келеді. Бүгінде ауданымызда 4565 зейнеткер тұрып жатыр. Соның екеуі Ұлы Отан соғысының ардагері болса, бес жүзден астам тыл еңбеккері бар.
Ел басына күн туған отты жылдары майдангерлеріміз жерімізді жаудан қорғау үшін ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Бұл ерлік ешқашан ұмытылмайды. От пен оқтың ортасында толарсақтан саз кешкен жауынгерлерге тағзым ету – жас ұрпақтың парызы. Жеңіс күні қарсаңында “Екі жұлдыз”, “Мамыр жұлдызы” атты аудандық әскери әндер байқауы өтіп, жеңімпаздар ақшалай сыйлықтарға ие болды. Мұражайларда ардагерлердің, тыл еңбеккерлерінің қатысуымен де түрлі кездесулер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап “Жазықсыз жапа шеккендер” атты “дөңгелек үстел” отырысын өткізді. Репрессия құрбандарының ұрпақтарымен өткен кездесуде тағылымды әңгіме айтылып, өткен тарихтың ақтаңдақтары қаузалды. Өскелең ұрпақ Ұлы Отан соғысы ардагерлері Георгий Гуцев, Алексей Пивкин мен Ауған соғысы жауынгерлерінің естеліктерін ерекше ықыласпен тыңдады. Аға буын жастарға ерлік істерді насихаттап, елдің қорғаны болар жігіттерді әскер қатарына жіберудің маңызын айтты.
Жастарды еңбекке тарту тәрбиенің қайнар көзі саналады ғой. Біздің ардагерлеріміз мектеп оқушыларымен кездесулерде кәсіптік бейімдеу жұмыстары жайлы әңгіме өрбітіп, еңбек ерлерін үлгі етуді дәстүрге айналдырған. Соңғы кездері “Отбасы күні”, “Ана күні” сияқты жаңа мерекелер қатарға қосылды. Жастарды тәрбиелеуде мұндай шаралардың маңызы зор.
Ардагерлер ұйымы соғысқа қатысқан жауынгерлер мен тыл еңбеккерлері жайлы тың деректер іздеп табуды назардан тыс қалдырған емес. Ауданда майданда қаза тапқан және елге оралған жауынгерлердің құрметіне тұрғызылған 51 ескерткіш бар. Биыл барлық ескерткіштің аумағы абаттандырылып, қайта қалпына келтірілді. Жаңа даңқ аллеялары ашылды. Мемориалды тақталарға майданнан елге аман-есен оралған жерлестеріміз бен бейбіт күнде қаза тапқан екі мыңнан астам жауынгердің есімі жазылды.
Аудандық ардагерлер кеңесі мен бастауыш ардагерлер ұйымының негізгі жұмысы зейнеткерлерге қамқорлық көрсетуге бағытталған. Әсіресе, қарттарға әлеуметтік, материалдық қолдау көрсетудің маңызы зор. Жеңіс күні қарсаңында 330 зейнеткерге жалпы сомасы он миллион теңгені құрайтын түрлі көмек көрсетілді. Екі жүзден астам адамға азық-түлік пакеті үлестірілсе, жиырма үш ардагерге материалдық көмек берілді. Қарттардың денсаулығын жақсартуға баса мән берілуде. Мәселен, зейнеткерлердің бірі “Сосновый бор” шипажайына жолдама алса, аудандық ардагерлер кеңесінің қаржысы есебінен Ұлы Отан соғысының ардагері Георгий Гуцевтің тұрғын үйіне қоршау орнатылды. Тыл еңбеккері Күлпән Жақыповаға да тиісті көмек көрсетілді.
Есіл ауданында аға ұрпақты қоғамдық шараларға тарту мақсатында түрлі жұмыстар атқарылуда. Біздің ардагерлер ақпараттық-насихат жұмыстарына белсене қатысады. Барлық спорттық, қайырымдылық шаралары мен мемлекеттік және ұлттық мейрамдар аға ұрпақ өкілдерінсіз өтпейді. Олар түрлі комиссия отырыстарына мүше болып, өнер сайыстарында да белсенділік танытады. Журналистика, білім беру, мәдениет салалары ардагерлерінің тарихи-мәдени мұраны насихаттауға қосып жүрген үлесі де қомақты екенін айтқан жөн. Осындай еңбек ардагерлерінің өмірлік бай тәжірибесінен жастар тағылым алса, ғанибет емес пе?!
Елді береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа жұмылдыра білген қарттарды ардақтау – асыл парыз. Бүгінгі күні еліміздің жетістіктерге жетіп, дүниежүзіне танылған, стратегиялық тұрғыдан сенімді әріптес, іргелі мемлекет атануына аға буын ұрпақтың сіңірген еңбегі зор. Олардың осынау еселі еңбектері қарттар айлығында да айтылатын болады. Жақында ауданымызда бес мыңнан астам адам қатысқан қайырымдылық сенбілігі өтті. Сенбілік аясында үш миллион теңге қаржы жиналып, соның бір бөлігі еңбек ұжымдарында қалса, қалғаны ардагерлер кеңесінің есепшотына аударылды. Бұл қаржыға жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі зейнеткерлерге қайырымдылық көмек көрсетіледі. Әрбір ауылдық округте мерекелік концерттер мен түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Қарттар күні Явленка ауылдық округінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Соғыс және еңбек ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, тыл еңбеккерлері үшін мерекелік дастарқан жайылып, Корнеевка Мәдениет үйінде облыстық филармонияның әртістері концерт қояды.
Сонымен қатар зейнеткерлерді облыс орталығының көрікті жерлерімен таныстыру үшін Қызылжар қаласына саяхат жасау жоспарлануда. Айлық аясында денсаулық сақтау қызметкерлері дәрігерлік көмекті қажет ететін зейнеткерлер мен қамкөңіл жандардың үйлеріне барып, медициналық тексеріс жүргізеді. Қарттар айлығы барысында аудандағы емдеу мекемелерінің барлығында “Ашық есік күндері” өтіп, қазыналы қарттарға тегін кеңес беріледі.
Төлеген МҰҚАШЕВ,
Есіл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.