
“Тікелей байланыс” айдарының кезекті қонағы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов аға ұрпақ өкілдерінің мәселелері мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтуге қатысты “Soltústik Qazaqstan” газетінің электронды поштасына және “WHATSAPP” желісіне келіп түскен оқырмандардың сауалдарына жауап берді. Оқырман назарына осы сұхбатты ұсынып отырмыз.
Ботагөз САЙДАЛИНА,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Соңғы жылдары облыс орталығына немесе іргелес Бескөл ауылына өзге аудандардан көшіп келіп жатқан ардагерлер аз емес. Солардың дені атаулы мерекелерде елеусіз, ескерусіз қалуда. Осы мақсатта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Біздің өңірімізде 104779 зейнеткер бар. Соның 63-і – соғыс ардагері, 7159-ы – тыл еңбеккері. Өкінішке қарай, соғыс ардагерлерінің қатары күн санап сиреуде. Қазір облыста 569 бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Әрбір ауылдық округте ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Ардагерлер кеңесінің құрамына әркім өз еркімен жазыла алады. Ол үшін әр зейнеткер тұрғылықты мекенжайы бойынша ардагерлер кеңесіне өтініш жазады. Аға буын өкілдерінің дені бұл жайттан хабарсыз. Ал көпшілігі зейнетке шыққан соң автоматты түрде ардагерлер ұйымының құрамына өтеміз деп ойлайды. Сондықтан олар кейде елеусіз қалады. Артынан реніш білдіретін аға буын өкілдеріне мән-жайды түсіндіреміз. Осындай түсініспеушіліктер орын алмас үшін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жалпы әрбір зейнеткерді назардан тыс қалдырмауға тырысудамыз.
Ауылдан қалаға қоныс аударушылардың саны күннен-күнге өсуде. Мысалы, облыс орталығында тұратын 45 мың зейнеткердің 17 мыңы ардагерлер кеңесінде тіркеуде жоқ. Соңғы екі жылда аудандық ардагерлер ұйымдарының төрағалары облыс орталығына немесе Бескөлге қоныс аударған ардагерлермен үзбей кездесулер ұйымдастыруда. Бұл – жақсы бастама. Осындай игі шаралардың нәтижесінде бір-бірімен қауышқан жерлестер әңгіме-дүкен құрып, уақытты қызық өткізеді. Облыс орталығында мерекелік концерттер өтетін болса, әр аудан мүмкіндігінше өздерінің ардагерлеріне билет үлестіреді. Қаладағы алты тұрғын үй кооперативінде бастауыш ардагерлер ұйымы құрылды. Жалпы, қалаға немесе Бескөлге көшіп келген зейнеткерлерді дер кезінде есепке алу мүмкін емес. Өйткені, кімнің қай уақытта қоныс аударғаны белгісіз. Оны қадағалау бізге қиындық тудыруда.
Құрмет СҰРАҒАНОВ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Мен Қызылжар қаласындағы 20-шы шағынауданда тұрамын. Алайда, қаланың шеткі аудандарында тұратын ардагерлер үшін демалыс орны жоқ. Бұл мәселе қашан шешімін табады?
– Бұл мәселе біздің назарымызда. 20-шы шағынауданда демалыс орталығын ашуға бірер жыл уақыт жұмсадық. Өткен жылы қалалық әкімдікпен келісіп, аталмыш шағынауданда көпқабатты тұрғын үйдің төменгі қабатынан орын берілді. Ол жерде қарттар әңгіме-дүкен құрып, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы ойнайды. Бірақ біз бұл жұмыспен шектеліп қалмаймыз. Қалалық әкімдіктің қолдауымен “Ардагерлер үйін” ашуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта “Береке” шағынауданында да осындай орталық ашу ойда бар. Өйткені, қаланың шеткі ауданынан орталыққа қатынау қарттарға қиындық тудырады.
Гауһар ЖҮСІПҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Алдыңғы толқын өкілдері қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге де араласса жақсы болар еді. Мәселен, астықты аймақ болсақ та, бізде нан бағасы қымбат. Қоғамда осындай түйткілді мәселелер аз емес.
– Ардагерлер кеңесінің жарғысына сәйкес бізге бірқатар міндет жүктелген. Әрине, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Сөзге тоқтаған халықпыз ғой. “Төріңнен қарт кетпесін” деп бекер айтылмаған. Көргені көп, түйгені мол аға буынның өсиетін тыңдау, ақылына құлақ асу абзал. Бұл орайда, қоғамда болып жатқан мәселелерді шешуге де атсалысудамыз.
Облыстағы бірқатар департаменттер тарапынан жүргізілетін тексерулерге сарапшы ретінде ардагерлер кеңесінің мүшелері де қатысады. Ардагерлер қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде де пікірлерімен бөлісіп, ой айтады. Жуырда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының өкілдерімен кездесіп, әлеуметтік тауарлардың қымбаттау себебін анықтауға тырыстық. Азық-түліктің бағасына бақылау жүргізуге ардагерлер әрқашан дайын.
Әнуарбек ЖАҚЫПҰЛЫ,
Қызылжар ауданының тұрғыны:
– Жеңіс мейрамы қарсаңында соғыс ардагерлеріне, олардың жесірлеріне, тыл еңбеккерлеріне қандай қосымша әлеуметтік көмектер беріледі?
– Облыс бойынша 74 мың адам майданға аттанса, соның 32078-і ұрыс даласында мерт болды. Қазір соғыс ардагерлері ай сайын зейнетақыға қосымша 42416 теңге алады. Соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер мен олардың жесірлеріне, тыл еңбеккерлеріне де қосымша үстемақы төленеді. Одан басқа Жеңіс мейрамы қарсаңында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне бірреттік жәрдемақы беріледі. Қазіргі күні майдангерлер тегін медициналық көмекпен толық қамтамасыз етілген. Тіпті, ақ халаттылар жүріп-тұра алмайтын қарттардың үйіне барып, олардың денсаулықтарын бақылап отырады.
Нүрилә ТЕМІРҚЫЗЫ,
Айыртау ауданының тұрғыны:
– Шипажайда демалу үшін ардагерлерге жолдама беріледі. Бірақ тоқсаннан асқан майдангерлер шипажайға бара алмайтыны белгілі. Оларға басқаша қолдау көрсетілсе. Өткен жылы қанша ардагер шипажайда демалды?
– Әрине, соғыс ардагерлеріне шипажайда демалу үшін жолдама беріледі. Ол жағынан ешқандай қиындық жоқ. Бірақ жасы келіп қалған қарттардың жүріп-тұруы қиын, сондықтан көбісі одан бас тартады. Мұндай тегін жолдамаларды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы береді. Шипажайда демалуға ардагерлер ғана емес, 1, 2, 3 топтағы мүмкіндігі шектеулі зейнеткерлер де бара алады. Өткен жылы 331 адам еліміздің сауықтыру орындарында болып қайтты.
Гүлім ЕСКЕНДІРОВА,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Талай жүрекке жара салған зұлмат соғыстың зардабы ешқашан ұмытылмайды. Өткенге тағзым ету – ұрпақ парызы. Сондықтан Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Біздің өңірде Жеңіс мейрамы жоғары деңгейде атап өтілмек. Қазір қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ұлы Отан соғысының 75 жылдығын мерекелеу үшін кешенді жоспар бекітіліп, ұйымдастыру комитеті құрылды. Мейрам қарсаңында ардагерлер ұйымдарынан басқа, өзге де еңбек ұжымдарында түрлі жиындар ұйымдастырылады. Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде, біз ата-бабаларымыздың ерлік істерін үздіксіз насихаттауымыз қажет. Әскери-патриоттық бағытта балалар мен жасөспірімдер байқауын, “Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды” атты патриоттық акция, соғыс майдангерлерінің есімдерін халық жадында жаңғырту мақсатында түрлі шаралар өткізіп, мектеп оқушылары арасында шығармашылық байқау, ардагерлер ұйымдарының көркемөнерпаздар сайысын ұйымдастыру көзделуде. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында ерлік сабақтарын, қайырымдылық сенбіліктерін, аға ұрпақ өкілдерінің жастармен кездесуін, “Ұлы Жеңістің 75 жылдығына дейін 100 күн” атты облыстық әскери-патриоттық айлық өткізуді жоспарлап отырмыз. Өткен жылы ардагерлер ұйымдарының қолдауымен өңірде арнайы топ құрылып, білім беру ұйымдарында этнобұрыштар ұйымдастырылды. Соғысқа қатысқан жауынгерлердің ерлігіне тағзым ету мақсатында 654 ескерткіштің аумағы абаттандырылып, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Қуаныш ИСИН,
Тайынша ауданының тұрғыны:
– Жеңіс күні ұйымдастырылатын “Жеңіс полкі” шеруі туралы жұртшылықтың пікірі екіұшты. Шеруден кейін қаншама сурет қоқыс жәшігінде жатады. Бұл жөнінде сіздің пікіріңізді білсек.
– Қоғамда қанша адам болса, сонша пікір қалыптасады. Адамдардың сана-сезімі, түйсігі, ой-өрісі әртүрлі. Бейбіт өмір сыйлаған жауынгерлерге біз әрқашан қарыздармыз. Сондықтан олардың рухына Құран бағыштап, тағзым ету – кейінгі ұрпақтың парызы. Жеңіс ерлікпен келгенін ұмытпауға тиіспіз. Елді жаудан қорғау үшін зұлмат жылдарда қасірет шеккен әр майдангер құрметке лайық. Өскелең ұрпаққа бейбіт күннің қадірін ұғындырып, ерлікке тағзым етуге тәрбиелеуіміз қажет. Бұл орайда жыл сайын “Жеңіс полкі” шеруі ұйымдастырылады. Менің ойымша, өскелең ұрпақ үшін мұндай шараның маңызы зор. Жыл сайын шеруге қатысушылардың да саны артуда. Мәселен, өткен жылы шеруге он мыңға жуық адам қатысқан. Саналы адам атасының немесе әкесінің суретін қоқысқа тастамайтын шығар. Мұндай сорақылыққа парықсыздар ғана барады. Сондықтан әр отбасында Отанға сүйіспеншілік, туған жерге құрмет туралы тәрбиелік әңгіме айтылса құба-құп.
Құрман СЕРҒАЗИН,
Аққайың ауданының тұрғыны:
– Біздің облыста бір ғасыр жасаған қанша адам бар? Оларға неге тиісті көңіл бөлінбейді?
– Қазіргі таңда облыста ғасыр жасаған 6 ардагер бар. Олар Петропавл қаласы мен Тайынша, Қызылжар, Ақжар, Уәлиханов аудандарында тұрады. Биыл Жамбыл, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласында тұратын Николай Пономаренко, Николай Ильин, Анна Васянова, Никита Семенов сынды соғыс ардагерлері 100 жасқа толады. Жалпы, облыстық ардагерлер кеңесі айтулы мерекелерде соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін құттықтап, назардан тыс қалдырмауға тырысады. Әсіресе, туған күндері мен мерейтойларында құрмет көрсетіледі. Жасы үлкенге құрмет көрсету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз. Жыл сайын мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттарға қамқорлық көрсету мақсатында әлеуметтік қолдау айлығы өтеді. Айлық аясында өткен жылы кыркүйек айында 116 мың адам қайырымдылық сенбілігіне қатысып, 100 миллион теңге жиналды. Бұл қаржы мүмкіндігі шектеулі адамдар мен қарттарға көмек көрсетуге жұмсалды. Өңірдегі бірқатар ұйымдар мен кәсіпкерлер тарапынан 111480 адамға қаржылай көмек берілді. Петропавл қаласы мен Аққайың, Уәлиханов, Есіл, Мағжан Жұмабаев аудандарынан 943 зейнеткер облыс орталығының көрікті жерлерін аралап, Түркістан қаласына саяхат жасады. Айлық барысында 19 зейнеткер мен мүмкіндігі шектеулі адамның тұрғын үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Денсаулық сақтау ұйымдарында “Ашық есік күні” өтті. Барлық әлеуметтік-медициналық мекемелерде қолөнер бұйымдарының көрмесі, мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Айта берсек, мұндай шаралар аз емес.
Гүлмира ТІЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Тайынша ауданының тұрғыны:
– Облысымызда қанша соғыс ардагері баспана кезегінде тұр? Бәлкім, кейбіріне үйін, пәтерін жөндеуге көмек қажет шығар?
– Облыста баспана кезегінде тұрған ардагер жоқ. Барлығы үймен қамтамасыз етілді. Аудандарда тұратын соғыс ардагерлеріне де тиісті жағдай жасалды. Баспаналарына жөндеу жүргізіліп, су тартылды. Қосымша көмек қажет болса, қолдау көрсетуге дайынбыз.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Қарттардың құқығы заңмен қорғалуы тиіс. Ардагерлер туралы заңның қабылдануына неге қозғау салынбайды?
– Бұл мәселені өзіміз де бірталай жерде көтердік. Заң жобасының Мәжілісте жатқанына он жылдан астам уақыт болды. Үкіметтің бізге бұған дейін берген жауабынан ардагерлер туралы заңды қабылдауға қажеттілік болмағанын аңғарамыз. Бірақ мемлекетімізде аға ұрпақтың құқығы заңмен қорғалуы тиіс. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына аға буынның сіңірген еңбегі зор. Олардың әрқайсысы құрмет пен марапатқа лайық. Сондықтан заң аясында олардың мүддесі қорғалуы тиіс. Жақында өңірімізге жұмыс сапарымен Парламет депутаттары келді. Заң жобасына қатысты өзіміздің өтініш-ұсыныстарымызды жеткіздік. Соғыс және еңбек ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен өзге де зейнеткерлердің құқығын қорғаумен қатар, оларға жеңілдіктер де қарастырылуы тиіс деп ойлаймын.
Зейнеп ТӘНІБАЕВА,
Қызылжар ауданының тұрғыны:
– Желдің өтінде, елдің шетінде тұрған Қызылжар өңірінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы тар. Осы бағытта облыстық ардагерлер кеңесі тарапынан жергілікті атқарушы органдарға қазақ тілінің аясын кеңейту туралы талап-ұсыныс, өтініш айтылады ма?
– Бұл өте орынды сұрақ. Қазақстанда тұратын әрбір этнос өкілі мемлекеттік тілді құрметтеуі керек деп ойлаймын. Жалпы, жыл өткен сайын қазақ тілінің қолданыс аясы кеңеюде. Қылышынан қан тамған кеңес өкіметі тұсында ана тіліміздің қандай күй кешкені баршаға аян. Құдайға шүкір, қазір қазақ тілі төрден орын алуда. Үкімет отырыстары да қазақ тілінде өте бастады. Өкінішке қарай, біздің өңірде мемлекеттік тілге немқұрайды көзқарастың қалыптасқаны байқалады. Алдағы уақытта ана тіліне түбегейлі бетбұрыс болады ғой деп ойлаймын. Қазір өзге этностың жастары қазақ тілін құлшыныспен үйренуде.
Дайындаған
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.